Осыдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың қатысуымен «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» баспасөз конференциясы өтті.
Мемлекет басшысы өткен жылдың 30 желтоқсаны күні қол қойған заңға сәйкес банкроттық туралы заң рәсімдердің үш түрін қарастырады – ол соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
ҚР қаржы министрлігінің ресми интернет ресурсында жарияланған мәліметке сүйенсек,
1. банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 1 600 АЕК-тен аспайды (2023 жылы 5 520 мың теңге);
2. қарыз 12 ай ішінде өтелмейді;
3. мүлік жоқ;
3. қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет.
Сонымен қатар, заңда ерекше жағдайлар қарастырылған:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін (12 ай ішінде төлемнің болмауы туралы критерий қолданылмайды);
– берешегі 5 жылдан артық өтелмейтін азаматтар үшін (олар бойынша мүліктің бар-жоғын тексеру және берешек сомасы бойынша шектеулер белгіленбейді).
Арызды азаматтар «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, яғни E-gov және Халыққа қызмет көрету орталықтары арқылы электрондық нысанда бере алады.
Бұдан басқа, «E-salyg Azamat» қосымшасы арқылы арыз беру мүмкіндігі де бар.
Банкроттық рәсімнің екінші түрі – сот банкроттығы.
Борыштың қалған өтелмеген сомасы борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады. Яғни, борышкер мүлікті және мүлік туралы ақпаратты жасырмауы және жалған мәліметтер бермеуі керек.
Алайда, назар аударатын бір жәй: алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян бойынша қарыздар, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер есептен шығарылмайды.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына:
- Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
- Кәсіби бухгалтерлер;
- Заң кеңесшілері;
- Аудиторлар, кіреді.
Үшінші рәсім, бұл төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) көздейтін рәсім. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.
Бұл ретте барлық міндеттемелердің мөлшері (оның ішінде орындау мерзімі басталмаған) өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы арызбен ғана сотқа жүгінуге құқылы.
Бұл рәсімнің артықшылығы ол – одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.
Парақшамызға жазылыңыз