////

Ауыл мектебі: жабылып қалмас үшін жанталас

2001 рет қаралды

«Бұрын орталыққа не қалаға ауылдан шығатын көліктер көп еді, күні кеше солар жоқ боп кетті, неге десек, шопырлардың бәрі мұғалімдердің жолдастары екен ғой, қыркүйекте мектеп бастауышқа қысқарып қалғасын, бәрі көшіп кетіпті ғой» деді Ақжайық ауданының бір ауылына сапарлата барғанда көрген ауыл ақсақалы. Әзіл де болса, ащы шындық. Қазақтың ауылына тіршілік беріп тұрған, сол ауылда түтіні түзу бір мекеме қалған болса, ол – мектеп.

 Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше өңірімізде 217 шағын жинақты мектеп бар. Шағын жинақты мектеп дегеніміз, оқушылардың саны аз, сыныптар біріктірілген және сабақты ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беретін мектеп.

Қазіргі таңда облыстағы әр ауылда аталмыш мектептер мәселесі күйіп тұр деуге болады. Алдымен бала санын шекті көрсеткішке жеткізіп, мектепті ұстап қалуға тырысып жатқан директорлар мен мұғалімдердің жанталасын көресіз. Олардың бірі туысын, бірі танысын жағалап «бала сұрайды». Кейбіреуі тіпті өздері жіті танымайтын, әлеуметтік қолдауға зәру отбасылардан бала алып келіп, оқытуға, тәрбиелеуге жанын салып жүр.

– Басқа жақтан оқушы әкелу – мәселені шешудің жолы емес. Мұндай жасанды жолмен ауыл мектебін сақтай алмаймыз. Алдымен ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешу керек. Интернет, сапалы ауыз судың болуы да маңызды. Ауылда мал өсіретін шаруашылықтар құру керек. Бұрын кеңшарлар бүкіл ауылды жұмыспен қамтыды ғой. Бұл шаруашылықтар да солай мемлекетке тиесілі болу керек. Жұмыс болса, ауылдың инфрақұрылымы дамыса, қалаға көшуді тежейтіні анық.

«Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» деген бар. 41 оқушысы бар мектеп пен 81 оқушысы бар мектепті ұстауға кететін қаржының арасында екі есе айырма болмайды. Өйткені, жарық, жылу, басқа да шығындарға бірдей дерлік ақша жұмсалады. Сондықтан айналып келгенде, мектептің жабылуы мемлекетке шығын болып тиеді. Ауылдан кеткен бала қалаға барып екі, үш ауысымды мектептер санын көбейтеді. Міне, мәселенің сол жағын да ескеріп, бір кешенді шаралар қабылдамаса болмайды, – дейді Сырым ауданы Бұлан мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің тарих пәні мұғалімі, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген белсенді азамат Серік Зиятов.

Жақсыгелді Қайров

2022-2023 оқу жылында облысымызда екі шағын жинақты мектеп жабылған, алдағы оқу жылында мұндай жабылу қаупі төніп тұрған мектеп саны – бесеу. Әр оқу жылында жанталасып жүріп бала санын 41-ге жеткізетін Сырым ауданы, Көздіғара негізгі мектебінің директоры Жақсыгелді Қайровтың айтуынша, ауыл мектептерін сақтап қалуға тек мектеп директоры мен мұғалімдері емес, жергілікті атқарушы билік те мүдделі болуы қажет. Қазір көп ауылдарда келетін жас мамандарға, отбасыларға беретін дұрыс үй жоқ. Үй-күйі жасалмаған адамнан не талап етесің? Жұмыссыздық та – қалаға бағыт алған көштің артуына негізгі себептердің бірі. «Ауылым, туған жер» деген сөздер пафос үшін айтылмай, оның тағдырын оңынан шешуге ықпал етуі керек. Қазіргі таңда мектебіне бала әкелген отбасылар мен жас мамандарға білім ошағының директоры өз қалтасынан қаржы шығарып, ескі үй мен клубты жөндеп беріп отыр екен.

Ал Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Талпын ауылының тұрғыны Салтанат Надирова ауылдағы мектеп туралы ойласа мазасы кететінін жеткізді. Мектеп жасындағы екі қызы бар ананың айтуынша, жолдасы малды кәсіп қылып, ауылда қазығын қаққан азамат. Шаруашылық жүргізіп, алыс-жақын ауылды, қала берді қаланы ет-сүт өнімдерімен қамтып отырған отбасы үшін ауылды тастап кету оңай емес. Қанаты қатпаған қаршадай қыздарды біреудің үйіне жіберіп оқыту да қиын. Демек бұл мәселеде бір отбасының тағдыры тұр.

Егер жағдай дәл осылай жалғаса беретін болса, ауылдардың жойылу қаупі де артып, әлеуметтік жағдай да күрделене берері сөзсіз.

– Ауыл мектептерін сақтау және дамыту өте өзекті. Осы бағытта бірқатар депутаттық сауалдар жолдап, ауыл мектебінің мәселесі бей-жай қарайтын дүние емес дәлелдеумен келемін. Ауыл балалары апатты жағдайдағы, интернеті жоқ, материалдық-техникалық базасы көңіл көншітпейтін мектептерде оқуға мәжбүр болып отыр.

Біз XXI ғасыр балалары арасындағы мұндай алшақтықты азайтуымыз керек. Ауылдарды аралап, мектептерді көргенде жаның ауырады. Ауылдан келген бала қала мектебіндегі бала секілді білім, спорт, қосымша дағдылар, яғни барлық жағынан бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, ұсыныстар беріп жүрміз. Ауыл мектебін  қазақ ұлттық мектебінің феномені ретінде сақтай отырып, заманауи талаптарға сай дамыту маңызды.

Өкінішке орай, қала балалары ұлттық күретамырдан ажырап, жаһандануға жұтылып бара жатқанын мойындауымыз керек. Сондықтан ауыл мектебін сақтауға ұлттық тұрғыдан келіп, тереңнен қараған абзал. Ұрпақты ұлттық жадтан айыруға жол бермеу керек. Қазіргі таңда ел Үкіметі 3000 ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізуді қолға алып, жүзеге асыруда. Бұдан бөлек мектептерді жабдықтау, спорт алаңдарын жасақтауды да шешу көздері қаралды, – дейді білім беру саласында көптеген бастамаларға себепші болған қоғам қайраткері Жұлдыз Сүлейменова.

Расында, ауыл мектебінің жайы тек сол ауылдағы тұрғындардың емес, ұлттың мәселесі ретінде қаралуы тиіс күйге жетті. Кешенді бағдарламалар жасалып, кезек күттірмей жүзеге аспаса, ертең кеш болады.

 

Ақмоншақ Мақсотқызы,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар