ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ерекше күтімді қажет ететін адамдардың жәрдемақысын өсіруді тапсырды. Бұл тапсырма бойынша осы жылдың Қыркүйек айында ерекше күтімді қажет ететін адамдар мен асыраушысынан айрылғандардың жәрдемақысы 14,5%-ға өспек.
Бұндай категориядағы адамдардың саны – 700 мыңнан астам адам. Президенттің сөзінше олар жоғары инфляцияның салдарын қатты сезінуде. Әсіресе азық-түлік пен дәрі-дәрмектің бағасының өсуі бұл ретте қатты байқалып отыр.
“Біз ерекше күтімді қажет ететін адамдар мен оларға күтім көрсететін адамдарды қолдау шараларын күшейту керек. Сонымен қатар, асыраушысынан айрылғандарды да ұмытпаған абзал. Сол себепті де Үкіметке Қыркүйектің 1-інен осы категориядағы адамдардың жәрдемақысын 14,5%-ға өсіруді тапсырамын. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік қолдау көрсетіп отырған бірден бір мемлекет деуге біздің толық негізіміз бар. Жалпы, мемлекеттің әлеуметтік қолдау жүйесі проактивті әрі атаулы болуы тиіс” – деді президент.
Ол сонымен қатар кез келген көмектің масылдық пиғылды тудырмауы қажет екенін қадап айтты.
“Біріншіден жас, жұмысқа қабілетті азаматтар жәрдемақыға байланып қалмауы тиіс. Бұл дені сау, қуатты азаматтар үшін ұят іс. Сонымен қатар, зиянды жағдайларда жұмыс істейтін жұмысшыларды да ерекше назарға алу керек. Бұл санаттағы жұмысшыларға отандық және халықаралық тәжірибені ескере отырып, арнайы төлем қарастырылуы керек. Ең әуелі біз салдарымен күресуді мақсат етпеуіміз керек, керісінше әлеуметтік тәуекелдерді ескеріп, оны болдырмаудың амалдарын қарастырғанымыз жөн”, – деді мемлекет басшысы.
Ол Парламент пен Үкіметке осы бағыттағы жұмыстарын тығыз үйлестіруді тапсырды.
“Қазақстанның Халық партиясы мен ЖСДП атынан сайланған депутаттар маңызды әлеуметтік мәселелердің шешілуіне белсенді араласады деген үміттемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.