////

Мәжіліс және мәслихат сайлауы: Сайлауға барамыз ба?

1415 рет қаралды
Көрнекі сурет

Ұлыстың ұлы күні жаңа  өзгерістерімен қуантпақ. Жаңа жыл, жаңа бастама, жаңа билік. Нақтырақ айтсақ 2023 жылдағы жаңашылдықтың тағы да бір нышаны 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы болмақ.

Қаланың жер жерінде қоғамдық көлік, мектеп, бала бақша, сауда орындары, театр т.б. нысандар арнайы аңдатпа парақтарымен толып тұр. Жарнамалардың тиімділігі қандай? Тұрғындар сайлаудағы өзгерістерден хабардар ма? Өз тұрғылықты учаскесінен сайлауға түскелі жатырған депутаттарды біледі ме? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп қайттық.

Біз жолыққан 20 адамның 11-і сайлау деген сөзді ести сала жауап беруден үзілді-кесілді бас тартса, оның 9-ы сауалдарға тіл қатты. Мәселен қала тұрғыны Гүлшат: – “Сайлауға барамыз. Жыл сайын белсенді түрде қатынасамыз. Бірақ өз учаскемдегі депутаттарды шынымды айтсам білмейді екенмін. Бізге ешкім бұл туралы ақпарат бермеді, – десе де өз таңдауын жасап, өз үміткерін таңдайтынын қоса айтқанда қуанып та қалдық” – деді. Себебі бұқараның арасында «Сайлау туралы білмеймін. Білгім де келмейді!», – деген жандар да болды.

– Үнемі бармасам да, былай дауыс беруге баруға тырысамыз. Барған күні қарап, сол жерде танитын кандидаттарды таңдаймын. Әлеуметтік желі, теледидар, постерлерде жарнама жақсы жүріп жатыр. Дегенмен өзімнің учаскемдегі депутаттарды танымайды екенмін. Менің ойымша көбіне адамдар сенбейтін сияқты. Бәлкім сондықтан шығар арамызда сайлауға барғысы келмейтіндер де бар, – дейді Ербол есімді қала тұрғыны.

Әлімжан мен Әділет есімді студенттер сайлау күнін әуелі 17-сі деп, кейін 19-ы деп алғашында екі ойлы болды. Кейін:

– Сайлауға қатысып, дауыс береміз. Біздің өңірден шыққан үміткерді білетін едім, тек атын ұмытып тұрмын. Бірақ жүзін көрсем меңі арқылы ажыратып аламын. Былай есімін ұмытып тұрмын, – деді Әлімжан. Әділет болса, сайлауға барып, өз даусын беретінін айтты. Бірақ ол да кандидаттарды танымайды.

– Сайлаудың жалпы мәні неде? Өмірімде бұндай шараларға тек бір рет барыппын. Онда да 10 жыл бұрын қызығушылықпен қатысқан шығармын. Ал қазір бармаймын. Күні бұрын еріктілер қағаз таратқан. Бір шолып қарағанда салмақты түр жасап алған бірыңғай жастар екен. Бірақ бұның бәрін шынайы қабылдамайды екенмін. Үміткерлер. Олар кімдер? Не істейді, не бітіреді? Ешкім ақымақ емес, «Мәке-Сәкемен» шешілетін, алдын-ала белгілі дүние ғой, – деп жауап берді Елена есімді қала тұрғыны.

Александр есімді егде жастағы тұрғын сайлау туралы құлағым шалды, бірақ нақты ақпарат білмейді екенмін. Әзірге хат-хабар алған жоқпыз. Жаңалықтарда айтып жатқан шығар. Бірақ мен жақында теледидарымды жөндегем, мен қосылған арналарда сайлау туралы сыбыс жоқ. Ал қолымдағы телефонның мүмкіндігі тек қоңырау шалуға жетеді. Жаңа сауда дүкенінің тұсында баннерлерді көзім шалып қалған, бірақ онша мән бере қоймаппын. Сайлауға барғанда таныстарымнан сұрастырып, соның негізінде дауыс беретін шығармын деді.

Кенжебай есімді 75 жасар қала тұрғыны:

– Бұл жылы жаңалық болады деп үміттенеміз. Өзін-өзі ұсынғандар көбейгені көңілден шықты. Ең ұнамдысы осы. Өз сайлау учаскемдегі кандидаттардың тізімімен танысып шықтым. Тіпті өз дауысымды беретін үміткердің жұмыс орнына барып, атқарып жатырған істерін жеке көріп қайттым. Көңілімнен шыққан соң жарнама парақтарын алып таратып, көмектесейін деп шештім. Үйімнің есік алдында таратсам да көмек қой. Сайлау қағаздарын таратып жүрген қыздарым «Кейбір адамдарға берген бойда лақтырып тастап жатады», – дейді. Бұл дұрыс емес. Қаншама адамның еңбегі. Бәрі тырысып жасайды, қаржы бөледі. Қызықпасаң, тым болмағанда жоғары көтеріп қой. Сайлауға жастардың түскені қатты қуантады. Бірақ 30 жыл отырып қартайғанда қайтадан сайланып жатырған депутаттарды түсіну қиын. Жастардың заманында жастарға жол беру керек. Сайлауда әрбір тұрғынның дауысы маңызды. Өздерін ойламаса да болашақты, ұрпақтарының қамын жемейді ме? Бүгінгі таңдау – ертеңгі күннің қамы екенін ұғынған жөн деп есептеймін, – дейді ақсақал.

Сайлау учаскелеріндегі дайындық қамы туралы толығырақ бейнематериалда.

Альбина Булатова,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар