Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында орналасқан А.Байжанов атындағы орта мектепке жөндеу қажет.
А.Байжанов атындағы орта мектептің директоры Әйгерім Теміржанқызы осыдан үш ай бұрын, қараша айының жиырма бірінде директор қызметіне орналасқан. Заманауи бағытты ұстанып, білім ордасын инновациялық тұрғыда дамытуды жоспарлауда. 2022 жылы желтоқсанда мемлекет басшысының тапсырысымен әзірленген «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру үшін оқушыларға түрлі жағдай жасағысы келеді.
«Жоба негізінде оқушылардың мектепке деген махаббатын, сүйіспеншілігі мен қызығушылығын арттыруымыз керек. Ата-анасы «Мектепке бармай-ақ қой» деп қарсылық білдірген жағдайда оқушы керісінше «Жоқ, мектепке барамын» деп ұмтылып тұруы қажет», – дейді Әйгерім Теміржанқызы.
Мектептің бірінші қабаты арт-дизайн арқылы толық жобаға салынды. Заманауи талаптарға сай «Жайлы мектептің» бір факторын енгізгелі отыр. Мектеп табалдырығын аттаған оқушы, ұстаз және ата-ана жайлылық пен жылулық сезінуі керек. Оқушының мектепке, пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Coworking» аймағын жасауды ойластырып отыр. Сонымен қатар жаңа форматтағы спорт залы және акт залын жасау жоспарға алынды.
Мектеп жан басына қаржыландыру жүйесіне енген. Оқушыға сабақ беретін мұғалімнің еңбек ақысы төленеді. Жағдайы төмен, сәтсіз отбасыдан шыққан балалар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ғимараттың жөндеу жұмыстарына да қосымша ақша беріледі.
Мектеп ескі болғандықтан асхана мен дәретхана мәселесі туындап отыр. Дәретхана мен оқушылардың киім ауыстыру бөлмесі бірге орналасқан. Сол мәселені шешуді жоспарлап отыр. «Алдағы уақытта қаржыландыруды жобалап отырмыз. Осының барлығын ескере отырып, біз сұралып отырған ақшамызды қорғап шығуымыз керек. Егер, мемлекет қаржыландыратын болса, онда мектепке барлық жағдай жасалынады» дейді мекеме басшысы.
Кітапхананың да ескі болуына байланысты осы жылы толықтай жаңа форматқа ауыстырылады. Жаңа диван, отыруға ыңғайлы орындықтар орнатылатын болды. «Кітаптар саны жеткілікті. Бірақ онымен қарап отырған жоқпыз» дейді мектеп директоры. Мектептің кіреберісінде, ашық дәлізде «Мобильді кітапхана» орналасқан. Әр кітаптың жанында орналасқан QR-код арқылы оқушылар қызықты кітаптармен танысады.
«Мектепте білімді, өнерлі оқушылар жеткілікті. Жылдан жылға жетістіктер саны артып келеді» дейді Әйгерім Теміржанқызы
Досжан аға, ата-ана:
– Қарындастарым, өзім осы мектепті бітірдік. Қазіргі таңда ұл-қызым осында оқиды. Мектеп өте жақсы. Балаларымның ұстаздары өте жақсы кісілер. Жақында ұлым «Информатика» пәнінен жарысқа қатысып, бірінші орын алды.
Айдарханбекова Әйгерім, ата-ана:
– Осы мектепте бесінші сыныпта қызым оқиды. Сөздің шыны керек, мектепке қатысты екі ойлы пікірім бар. Әр мектепте еститін, естімейтін мәселе болады. Сырты жылтыр болғанымен, ішінің шіріп жатқанын ешкім де білмейді. Әйгерім Теміржанқызы келіп отырғалы бері мектеп көркеюде. Балалардың өнерін ашты. Ол кісі келгелі бері өзгерістер еніп, барлығы орын-орнына қойылып жатыр. Алда жөндеу жұмыстарын жүргізсе екен дейміз.
Ата-аналардың айтуынша, мектептің қазіргі жағдайы өткен жылға қарағанда әлдеқайда жақсырақ. Алайда бұл мектептің жөндеу жұмыстарына мұқтаж емес екендігін білдірмейді.
Білім ордасының іргесі 1967 жылы қаланған. Бүгінде білім ошағында 832 оқушы білім алып жатыр. Мектеп айтарлықтай ескі. Арнайы жөндеуден 2009 жылы өткен. Алайда сол жылы жөндеу жұмыстары жасалған мектептермен салыстырғанда айырмашылық бар. Бірінші қабатта тозған ағаш едендер орналасқан. Осы тәрізді елімізде жұмыс істеп тұрған 700-ден астам мектеп тозған. Мекеме басшысының айтуынша, ағаш еден мектептің заман талабына сай болуына кедергі.
Дариға Суликова,
СДУ, “Журналистика” мектебінің І курс студенті
Парақшамызға жазылыңыз