///

Өңірлердің инфрақұрылымын дамыту үшін қосымша 240 млрд теңге бөлінеді

906 рет қаралды

Өткен бейсенбіде Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. 

Отырыста сенаторлар «2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады.

Мәулен Сағатқанұлы «Біз бүгін 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қабылдадық. Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін бюджетке бірқатар түзету енгізіп отырмыз. Соған байланысты қаражат өңірлерді, аграрлық секторды, энергетиканы дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты басым міндеттерге бағытталады. Нақты айтқанда, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту үшін бұрын бөлінген қаражатқа қосымша 240 млрд теңге бөлінеді.

Бұл, ең алдымен, ауылдық аумақтарды дамыту, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, қала маңын өркендету мәселелерін қамтиды. Биыл қыста болған апаттар жылу нысандарының әбден тозғанын көрсетті. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің жылу энергетикалық жүйесін салуға және қайта жаңартуға қосымша 144 млрд теңге бөлінеді. Аграрлық секторды қолдау үшін тағы 233 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға жеңілдікпен несие беру үшін қолданылады», – деді.

Одан бөлек, Сенат Төрағасы жалпы, республикалық бюджеттің әлеуметтік бағыты айқын екенін, бұл ретте мемлекеттік шығындардың жартысына жуығы әлеуметтік салаға жұмсалатынын айтты. Соған байланысты ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғыртуға, азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, өңірлерде мәдениет және спорт нысандарын салуға баса мән беріледі.

Азаматтарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылар да артады. Соның бәріне нақтыланған бюджетте қосымша 300 млрд теңге қарастырылады.

Сенаттың ресми телеграмм парақшасынд «Палата отырысында сенаторлар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» үш заңды екінші оқылымда қарап, жаңа редакциямен қабылдады», – деп жазылған.

Сенат Төрағасының айтуынша,  азаматтарды ǝлеуметтiк кепілдіктермен жаңа деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін цифрлы отбасы картасы қолданылады.

Заңдар арқылы балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау және атаулы әлеуметтік көмек беру тетіктерін жетілдіру көзделген. Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін арнаулы қызметтерге қолжетімділікті арттыратын және оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғауды күшейтетін нормалар да қамтылды. Жалпы, қабылданған заңдар әлеуметтік маңызы бар проблемаларды шешуге және әділ әлеуметтік саясат қалыптастыруға елеулі үлес қосады.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар