///

«Қоңыз» немесе қайталанған қанды қырғын

2559 рет қаралды

Былтырғы Қанды қаңтар оқиғасы кім кімді де есеңгіретіп кеткені анық. Дәл осындай қанды қырғын осындай 12 жыл бұрын Жаңаөзен қаласында өткен еді. Содан бергі бір мүшелде осы тақырыпқа батылы жетіп, оны көркем шығарма арқауына айналдырған қаламгерлер аз. Дегенмен оқырманның көзайымына айналып үлгерген, әлеуметтік желілер мен түрлі сайттарда көп сөз болған  Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романының қолымызға енді тиіп жатқаны бар.

Жарнамасы жақсы нәтиже берген кітапты біз де оқуға құмарттық. Наурыздың 21 күні Қазақстан Жазушылар Одағында Ұлыстың Ұлы Күніне орай өткізілген іс-шара кезінде Одақ Үйінің алдында ашылған дүкен-үстелден сатып алған кітабымыздың бірі «Үш-Қиян» баспасынан жарық көрген осы «Қоңыз» болды.

Сыртына айтпағы бар мұнай піспегін жасырған, адам басты айпарадай қоңыр қоңыздың суретін салып әсем безендірілген жұқа мұқабалы, алып жүруге ыңғайлы форматта, қарашыққа жеңіл, сарғыш түсті қағазға басылған, ықшам, алақандай кітап. Роман. 265 бет, 3000 данамен басылыпты. Бүгінгі өлшеммен ауқымды сан. Алайда кітаптың аңызы сыртында, ал маңызы ішінде.

Әрине, алғашқы көз аңдатпасына түседі. «Табан ет, маңдай терін даулаған қарапайым жұмысшылардың тағдыр-талайы өрнектелген». Өзім ес білгелі естімеген сөз. Ал сәбеттік көркем әдебиеттерден өңкей бір еңбектің ерлерін көретінібіз. «Табан ет, маңдай терін даулаған» жұмысшы табы бізге жат ұғым, алаулатқан, жалаулатқан, қайратты да айбатты, құрыш білек жұмысшы тап суреттелетін. Керісінше тарихтан капиталист елдердің жекеменшігі жоқ, құр қол, жалдамалы жұмысшылары туралы осындай мүсіркеулерді оқитынбыз.

Мен, қазір «Қоңыздың» аңдатпасынан оқып отырмын. Демек, бір қою шындықтың беті ашылмақ-дүр. Әр түрлі шындық бар, бірақ оның айтылу, айтылмауы уақыттың еншісінде қалатын. Сондықтан біз көбінде ақиқаты   ашылмаған жағдаяттар туралы сөз болғанда көңіл аулап уақыт емші деп өзімізді жұбатамыз. Алайда бүгінгі тарих бүгін жазылса ғана ақиқатқа бір табан жақын болады. Міне Ырысбек сондай көкейкесті қаны сорғалаған, халық бетін ашуға қорғалаған, жадынан жарасы жазылмаған, ыстығы басылмаған, кінәсі ашылмаған асау тақырыпы романға арқау етіпті.

«Жаңаөзенде қан төгіліп, халық қасырет шеккен сол шақта…». Салған жерден жүрегіңді зырқ еткізеді. Әрине, қан, өлім туралы оқиғалар жан түршіктіреді. Алайда, қазіргі қоғамда бұндай қанқұйлы әрекеттер кеңінен насихатталады. Көрерменнің «сүйіп» тамашалайтын фильмдерінің дені іш пен сырттың экшн жанрында түсірілген осындай қан жоса оқиғалы қатыгез фильмдері. Ет те үйреніп кеткен сияқты.   Конституциясында зайырлы деп белгіленген, адамзаттың демократиялық құндылықтарын құптайтын мелекетте бұндай адам құқығын аяққа басқан, ерік-жігерін таптаған, еңбек ақысын жеген, «табан ет, маңдай терін даулағандарды» аяусыз атып-шабу болуға тиіс емес. Алайда, болған. Болғаны елге, ел түгілі әлемге аян.

 Ал осы шындықтың беті ашылды ма? Халықтың кімнің ақ, кімнің қара екеніне көзі жетті ме? Әділетсіздік пен әлімжеттіктің құрбаны болған бейбақ жандар әділ бағасын алды ма? Ақиқат ашылды ма? Автор осы сауалдарға оқиғаның ізін суытпай (сегіз жылдан соң) жауап табу үшін оны әдеби көркем шығарманың арқауына айналдырған. Сегіз жыл? Тарих үшін қас қағым сәт. Оқиғаның куәгер-кейіпкерінің бәрі жаныңда. Тірісімен де, о дүниелік болғандарымен де емен-жарқын әңгімелесуге болады. Шындықтан бұлтартпайтын бейнелі жазбалар да, үн таспалар да жеткілікті. Сондықтан да шығарма ақиқатқа тым жақындығы көркемдігінен көрінбесе де деректілігі басым сипат алады. Саяси астарлы оқиғалар мен қоғамның әлеуметтік қырын айқындайтын сюжеттері бір-бірімен жымдасып қатар өрілуі шығарманың шынайылығын толықтырады.

Жалпы бұл туындыны шынайылықтың шырайлы белгісі деп атаса да болады. Шығарманың нақты табиғаты оқиғаларының басты сюжеттері ойдан құрастырылмаған деректі қайнар-бұлақтардан болғанымен ғана емес, жер-су, елді мекен, ақпарат құралдары мен кейіпкерлердің ат-атауларынан да айқын аңғарылады. Шығармада ұшырасатын кейіпкерлердің кім екендігі осы заманның адамдары үшін ол тым қиындық тудырмайды. Мысалы:  «Жаңасу» — «Жаңаөзен», «Сумұнайгаз – Қазмұнайгаз», «Ел» газеті «Егемен», «Бостандық» радиосы «Азаттық», «Шұғыла-Ел» партиясы «Нұр-Отан», ал «Алаш» («Жас Алаш») газетінің бас редакторы Рысхан Сәрсенғали – Рысбек Сәрсенбайұлы, «Еркін» («Ақ жол») партиясының тең төр ағасы Құрыш Әділов – Болат Әбілов,  адвокат Алмас Ғұсман – Абзал Құспан, аты аталмағанымен «алыс қаладан сан мәрте келіп-кеткен… артына қарай қайырған бұйра шашты, етті-жеңді театр режисері» Болат Атабаев марқұм екенін де жазбай танылады…  Сондықтан да олардың  ат-атауларын бір-екі әріппен өңін өзгертпей-ақ өз аттарымен атай берсе де ешкімнің ар-намысына тимес еді. Өйткені аты-жөні аталатын «оппозициялық» кейіпкерлердің барлығы айтып жүрген жаттанды пікірлерін қайталаумен шектеледі. «Неге үйтпейді? Неге бүйтпейді!… Қиянатсыз. Халық сіздермен бірге». Романның оқиғалары түгелге жуық бас кейіпкерлері Мұрат пен Саламаттың төңірегінде баяндалады. Олардың прототиптері де авторға, Жаңаөзендіктерге белгілі адамдар түгелге жуық қазірде өмірде бар шығар.

 Шығарманың басты артықшылығы рұқсатсыз митиңге қатысып, өзінің табан ет, маңдай терінің ақысын табандап жеті ай тапжылмай жатып талап етіп ақыр соңында арандатушылардың аранына ұшырап, мемлекеттің күштік құрылымдары тарапынан аяусыз жазалауға ұшырауы ашық та айқын, бүкпесіз суреттелген. Алайда кім кінәлі деген сұрақ жауапсыз, жалынды жастардың, қоғамның бүтін мүшелерінің қатары жас мүгедектермен толыққанымен аянышты аяқталады.

 Автор романын бастан-аяқ өте қарапайым халықтық тілмен жазған. Әдебиеттің көркемдік құралдарын шектен тыс қолданбаған. Шешенсіп, ділмәрсіп, құр сөзді көпіртіп,  үйіп-төгуге бармаған. Барынша қысқа-нұсқа оқырманға нанымды, оқуға жеңіл жағын қарастырған. Ырысбек – ақын. Ақын болғаннан кейін сөзді ойнату, әлденені әсерлеп, көркемдеп көкке көтеріп әкету, асыра сілтеп әспеттеуге әбден болар еді. Бірақ, жазушыға алып қашпа ақындықтан гөрі, тәк-тәк, салқынқандылық керек. Ол осы үддеден шыққан.

Алайда автор қоғамның тап қазіргі тілдік жағдаятына ерекше назар аударып, оны қаз-қалпында көркем әдебиетке пайдаланамын деп диалогтарда, ауыз екі сөзде қарабайыр жұмысшылардың мінез-құлқын, харектерін ашуда бейәдеп сөздерді бейпіл қолданған. Кітапты оқу барысында мұндай сөз саптауларды ұнатып, мәз болып күлетін ыржақайлар бар шығар, бірақ бұл көркем әдебиетке үнемі ұтымды көрік бере бермейді.

Сондай-ақ, қаламгер қазақ тіліне енген әрі әлі де бөтен тілден ауысып үлгірмеген,  негізінде орыс тіліндегі сөздерді термин ретінде молынан қолданғаны тілдік жағдаяттың шынайылығын арттырып, қоғамның тілдік келбетін көрсеткенімен әдеби тілдің көркін кіргізбейді. Мен кітапты оқу барысында орыс тілі және орыстілі арқылы басқа шет тілдерден қазақ тіліне енген сөздерді екі топқа (кірме сөздер: директор, подполковник, режиссер, журналист, реформа, спирт, джинсы, анализ, наркоз… қатарлы 100 сөз; әлі кірме сөз болып үлгермеген, болашақта кірме сөзге айналуы мүмкін және орыс тіліндегі нұсқасы кірме сөзге айналуы мүмкін емес сөздер:  папка, степлер, опечатка, раковина, морг, центр, подвал, туалет, залог… қатарлы – 297 сөз) бөліп тізімін жасап шықтым. Автордың бұл «терминдері» ауыз екі тілде де, авторлық баяндауларда да орыс тілінде қалай жазылса (акцент, труба, пластмасс, шифоньер, вышка, комуслуга..) қазақ тілінде де сол қалпында пайдаланғаны қазақ тілінің үндестік заңына үнемі қайшы келіп отырады. 

Жазушы Ырысбек жазушылардың көз алдында өтіп жатқан «обал мен сауап талқысына» бара бермейтін жасқаншақтығына кіп-кішкентай, бірақ салмақты «Қоңыз» романы арқылы жал бітіріпті. Ал автордың өмір оқиғасын айна қатесіз көркем әдебиет тіліне көшіріп, адамның өз қолымен жасалынған қайғылы-қасыретті оқиға бүгінгі тірлік иесіне сабақ болсын, қайталанбаса екен деген ақ-адал ниетімен, көз майын тауысып жазғаны ақиқат. Алайда, осы роман жазылған соң үш жыл, әлде екі, Жаңаөзенде болған «қанды жұмадан» соң он бір жыл өткенде «Қаңтардың қисыннан тыс құбылысы» болған қанды оқиғасына жалғасқаны тым өкінішті. 

Бақытбек Бәмішұлы

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар