27 наурызда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындыларын анықтау туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес жалпы республика бойынша Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауының қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткен күннен бастап он күн мерзім ішінде анықтайды және жариялайды.
20 наурызда Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялады. 27 наурызда аумақтық және округтік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде Парламент Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлаудың қорытындылары шығарылды.
Сайлаушылардың нақтыланған тізімдеріне сәйкес Қазақстан Республикасы сайлаушыларының жалпы саны 12 миллион 035 мың 578 адамды құрады.
VIII сайланымның партиялық тізімдер бойынша сайланатын 69 депутатын сайлауда барлығы 6 миллион 366 мың 441 адам дауыс берді.
Жалпы республика бойынша сайлаушылардың дауыстары келесідей бөлінді:
Amanat партиясы – 53,90%
Ауыл – 10,90%
Respublica – 8,59%
Қазақстан Халық партиясы – 6,80%
Ақ жол – 8,41%
ЖСДП – 5,20%
Байтақ – 2,30%
Бәріне қарсы – 3,90%
Осылайша, дауыс беру қорытындыларын ескере отырып, саяси партиялар бойынша депутаттық мандаттар төмендегідей бөлінеді: «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 6, «AMANAT» партиясы – 40, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 8, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 4, «Қазақстан Халықтық партиясы» – 5 және «Respublica» – 6 мандат алады.