Мен Наурыздың 19-ында Алматы облысы, Кеген ауданы Кеген ауылында орналасқан №558 сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушы болдым. Негізгі мақсатым, Кеген ауданынан бір мандатты округтан сайлау түскен Сырым Шыңғысұлына берілген дауыстардың бұрмаланбауын қадағалау еді.
САЙЛАУҒА ДАУЫС БЕРУ ҮШІН ЕМЕС, ФОТО ЕСЕП ЖАСАУ ҮШІН КЕЛГЕНДЕР КӨП БОЛДЫ
Сайлау учаскесіне таңғы 6:15-те бардым. Комиссия мүшелері мен тәуелсіз бақылаушылар сонда екен. Бақылаушы ретінде тіркелген соң, заң талаптарына сәйкес бюллетеньдер саналып, комиссия мүшелеріне бөлініп берілді. 3 дауыс беру жәшігі пломбаланып мөрленді.
Бәріміз мектептің кіре берісіндегі сайлау өтетін залға келіп жайғастық. Алғашқы сайлаушы 6:55-те келді. Сағат 7:00де сайлау учаскесі ресми түрде ашылып, алғашқы дауыс берілді. Одан кейін біраз уақыт тыныштық орнады.
8:00 шамасында келген мекеме басшысы өз ұялы телефонына фотоға түсіріп беруімізді өтінді. «Неге?»-деген сауалыма «жоғарғы жақ фото есеп сұратты»-деген жауап алдым. Фото есеп осылай басталды. Фото есеппен келгендердің қай мекеме екенін білмек болып сұрай бастадым (өзімше есеп жүргізбек болғам), бірақ сайлаушы қарасы көбейгенде фото есеп тапсырушылардың санынан шатастым.
Өздері мойындайды, бірақ сайлаушы санын есептеу одан маңызды болды. «Фото есепті өздеріңнен бастаңдар деген»- деп фотоға түсті бір мекеме басшысы. «Сіздерге ондай бұйрық берген кім?» деп сұрағыма «құпия» деген жауап алдым. Мені жақсы танитын мекеме басшылары фотоның өздері үшін екенін ескертті. Қош дедік.
Кейбір дауыс беріп кеткен сайлаушылар басшылықтың фото есепті әр жүмыскерінен талап етіп жатқанын айтып, қайта келіп фотоға түсіп жатты.. Тіптен адам көбейгенде фото есеп берушілердің санының көптігінен бюллетень салатын жәшік көрінбей қалды. Біздің сайлаушылар санын сол жәшікке түскен бюлленетьмен есептеп отырғанынмызды ескертіп, жәшіктің алдын ашуымызды сұрағанымызда «сендер дауыс санасаңдар, бізден облыстан фото есеп сұрауда» деп жоғары тонда жауап берді бір сайлаушы. Сайлаушылардың келу пайызын фото есеппен көтерді.
САЙЛАУДЫҢ ШЫЖЫҒЫМЕН БІРГЕ ҚЫЗЫҒЫ ДА КӨП БОЛДЫ
Бір сайлаушы өзінен фото есеп талап еткен соң ғана келгенін мойындап бюллетендерін алып дауыс беру кабинкасына кіріп кеткен, аздан соң сыртқа «өй мындағылардың ешқайсысын танымаймын ғой, кімге дауыс беремін» деп сұрады, «өзіңіз таңдауыңыз қажет» десек, «мә мына партиялар мен кандидаттардың ешқайсын танымасам қалай таңдаймын» деп миы қатты.
Бір апамыз көршісімен ілесіп келіпті жеке куәлігі жоқ екен, комиссия ешқандай құжатының жоқ екенін білген соң бюлетень беруден бас тартып еді «онда менің орныма сендер дауыс беріңдер» деп ренжіп кетті.
Бірнеше адам онлайн қалай дауыс беретінін сұрап келді. Бір көшенің тұрғындары жиналып дауыс беруге бірге келді. Ерекшелігі барлығы ұлттық киімде. Әз-Наурыздың келгенін солай есімізге салды. Бұл қызықтың бір парасы ғана.
БІЗДІҢ УЧАСКЕДЕ РЫСБЕК СӘРСЕНБАЙ ТОП ЖАРҒАН ЕДІ
Кешкі сағат 20:00 сайлау учаскесінің есігі жабылып дауыстарды санау басталды. Бақылаушылар мен сайлау комиссиясының есебі сәйкес болды.
20:05 бірінші қолданылмаған бюллетень санауға кірісті.
20:20 бюлетень санау бітіп, есебі шыққан соң қолданылмаған бюллетеньдердің шеті қиылып, зақымдалды.
20:30 қолданылмаған бюллетеньдерді орап болған соң, сайлау жәшігін ашып заңға сәйкес номерленген пломбаның номерлерін салыстырып алған соң, жәшік ашылды. Алдымен бюллетеньдерді түстеріне сәйкестендіріп реттеп, жинастыруға кірісті.
21:07 Дауыс санау мәжіліске додаға түскен партиялардың дауысын санаудан басталды. Одан кейінгі кезекте мәжіліске бір мандатты кандадиттар, сосын облыстық мәслихатқа партия мен бір мандатты, соңғысы аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар дауысын санау болды. Бізге қажеті соңғы пункт болғандықтан Кеген аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттардың даусын санауға 3 кандидаттың сенімді өкілдері жіті дайындалдық.
21:45 Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер кандидаттырдың даусын санауға кірісті. Комиссия мүшелерінің қолдары жаттығып қалған, алғашына қарағанда жеңілдеу болды. Бөлінген бюллетеньді санауда әр сенімді өкіл өз кандидатының дауысын жіті қадағалап отырды. Алғашқы болып «Бәріне қарсы» графасының есебі шықты, сосын «Жарамсыз» бюллетеньдердің, үшінші кезекте 58 дауыс алған кандидаттың, келесісі 229 дауыс алған кандидаттың нәтижелері белгілі болды. Мен сенімді өкіл болған кандидаттың дауыс санының нәтижесі барлығынан ұзағырақ болғанына қарап, оптимисттік көзқарас көбейді. Дауыс нәтижесі 304 дегенде төбем көкке бір елі жетпей қалды.
22:00 Аудандық мәслихат депутаттығына үміткердің нәтижесі нақты белгілі болды. Дауыс санау барысын 2 бақылаушы видеоға түсіріп отырдық. Халықтың таңдауы жастар болған екен. Біз тек сол берілген дауыстың дұрыс саналуын бақыладық. Партия атынан үміткерлер емес, тәуелсіз кандидатты таңдағаны да сенімнің көбірек болғаны шығар.
Өзім сенімді өкіл болған кандидаттың дауыс нәтижесінің хатамасын 10 минут ішінде дайындап, көшірмесін қолымызға ұстатты. Көк мөрді қоюын сұраған едім, сайлау комиссиясының төрағасы мөрін басып, көшірменің дұрыстығын растап қол қойып берді.
22:20 мен сайлау учаскесінен хаттаманы алып шықтым.
Осылай Алматы облысы, Кеген ауданы, Кеген ауылында орналасқан №558 саулау учаскесі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы аяқталды. Сайлау комиссиясының хаттамасы бойынша, бұл учаскеде барлығы 1436 сайлаушы бар екен. Оның 652-сі дауыс беруге келді. Бұл мұндағы сайлаушылардың 45,4 пайызы еді. Хаттама бойынша “Аманат” партиясын жақтап дауыс бергендер саны – 244, яғни сайлаушылардың – 37%-ы. Екінші орында “Ауыл” партиясы болды (141 дауыс). “Ақ жол” мен “Республика” – 32 дауыстан иеленді.
Жеке мандатты округтардан өзін өзі ұсынған кандидаттар арасында Рысбек Сәрсенбайды қолдаушылар қарасы көп болды (259 дауыс). Яғни сайлаушылардың 40%-ы. Ардақ Назаров одан кейінгі орынға тұрақтады (185 дауыс).
БОЛАШАҚ БАҚЫЛАУШЫҒА ОН КЕҢЕС
Сонымен бақылаушы ретіндегі өз пайымым:
– №558 сайлау учакесінде сайлау әділ өтті ме?
– Фото есеп бергендердің көп болғаны болмаса, дауыс ұрлау болмады. Әділ өтті деп сенімді айта аламын.
– Халық сайлауға сене ме?
– Сенім әлі аз.
Болашақта бақылаушы болам, сайлаудың әділ өтуіне атсалысамын дегендер адамдарға кеңес:
– Өзіңізбен бірге суыңызды, энергетикалық батончик, бутербродтар, мүмкіндік болса термосқа ыстық шәй немесе кофе құйып алыңыз;
– Қосымша пауэр банк, телефонның қуаттағышы, фонарик, блокнот немесе парақша, сосын бірнеше дана қаламсап болғаны жөн. Диктофон сияқты қосымша құралдар болса тіптен жақсы;
– Дауыс берушілердің есебін шығаратын блокнот немесе парақша өзіңізге ыңғайлы сызықпен болғаны дұрыс;
– Постты тек алмастыратын өз адамыңыз келгенде ғана тастап кетіңіз(бірақ 5-10 минуттан артық емес);
– Әділ сайлау өтсін деп бел бусаңыз 1 күнге таңнан түнге дейін шыдайсыз. Өзгеріс өз қолымызда екенін естен шығармаңыз!
Мақпал Шадан
Алматы облысы
Кеген ауданы
Парақшамызға жазылыңыз