///

Саяси партиялар дебаты саяси доданың көрігін қыздыра алды ма?

1860 рет қаралды

КТК телеарнасында тікелей эфирден үлкен дебат өтті. Оған Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға қатысатын Қазақстандағы жеті партияның өкілдері қатысты. Олар өз бағдарламаларын таныстырып, көзқарастарын білдірді.

Атап айтсақ, «AMANAT» партиясының өкілі Айдос Сарым, «Respublica» партиясынан  Динара Шүкіжанова, «Халық» партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» партиясының өкілі Айнұр Сабитова, «Ақ жол» партиясынан Дания Еспаева, ЖСДП партиясынан Асхат Рахымжанов және «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев қатысты.

Алғашқы раундта бәсекелестерге сайлауалды бағдарламаларына орай экономикалық реформаларын презентациялау үшін 100 секунд уақыт берілді. Екінші раундта партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойды.
“Сіз өздеріңізді бизнес партиясымыз дейсіздер, алайда бағдарламаларыңызда көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар туралы бірде-бір сөз жоқ. Сіздер үшін бұл адамдардың дауысының еш маңызы болмағаны ма, сонда?”- деп сұрады Amanat партиясының мүшесі Айдос Сарым Respublica партиясының теңтөрағасы Динара Шүкіжановадан.

“Respublica партиясының бағдарламасының сіздің партияның бағдарламасынан өзгешелігі – оның жанды құжат екендігінде. Біз – жас партиямыз. Біз қазір өңірлерді аралап, халықпен кездесіп жүрміз, сонда түсінгеніміз – әртүрлі электораттың қандай проблемасы мен кері байланысқа зәру екендігі. Бұл біздің бағдарламамыздың толығуына көмектесіп жатыр, ол әлі де өзгеруде”, – деп жауап берді Шүкіжанова.
Өз кезегінде ол ЖСДП партиясының өкіліне партия Қазақстан үшін неге бір палаталы парламент тиімді деп есептейтіндігін сұрады. ЖСДП партиясының жетекшісі Асхат Рахимжановтың пікірінше, парламенттің жоғарғы палатасы  – сенат – түсініксіз функцияларды атқарып отыр.
“Бұның орнына парламент бір палаталы болуы керек және депутаттардың санын 200-ге дейін жеткізуге болады. Нақты статистикаға келер болсақ, біздің халықтың саны 20 млн, бір депутат 100 мың адамды өкілдік ететін болса жақсы болар еді. Депутаттар әр өңірден барынша көбірек қамтылғаны жөн болар еді, – деді ол.

“Ауыл” партиясының төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев “Ақ жол” партиясының өкілінен: “ұзақ жыл бойы Парламентте отырдыңыздар. Мемлекеттік монополиялық капитализмнің қалыптасуына сіздердің де кінәларыңыз бар екенін мойындайсыз ба?”-деп сұрады.
Дания Еспаева бұл пікірмен келіспейтінін айтып, партия ұзақ жыл бойы Парламент қабырғасында үнемі экономиканы демонополизациялау туралы ұсыныстарын айтып жүргенін атап өтті.
”Ауыл” партиясының өкілі де сенатта отыр, алайда өкілдеріңіздің осы мәселені бірде-бір рет көтергенін естімеппін. Сөйте тұра, “Ақ жол” партиясына қалай жауапкершілік артасыздар, біз заңға өзгерістер енгізуді үнемі айтамыз, алайда үкімет бізді естімейді”, – деді ол.
Қазақстанның Халықтық партиясының төрағасы  Ермұхамет Ертысбаев “Байтақ” партиясының саяси кеңесінің мүшесі Айнұр Сабитоваға экологиялық мәселелерді шешу үшін коалиция құруды ұсынды. Айнұр Сабитова бәсекелесінің бұл ұсынысын қабыл ала отырып, барлық партияны экологиялық мәселеде бірігуге шақырды.
“Егер біз жастардың ауылдан кетпеуін қамтамасыз етеміз десек, ауылды дамытуымыз керек. Ауылды дамыту үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауымыз керек. Қазір оларға салынып жатқан салық елдің тағдырын шешпейді”, – деп жауап қайтарды Жигули Дайрабаев Айнұр Сабитованың: ““Ауыл” партиясы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілеріне салынатын салықты алып тастайық дейді. Егер салық салынбаса, көк тиынсыз ауыл қалай көркеймек?” – деген сауалына.

Дания Еспаева Ермұхамет Ертысбаевтан: “ҚХП қалай бизнесті қолдау туралы сөз қозғай алады, егер осы жылдар аралығында “Ақ жол” партиясының бизнесті қорғау туралы бастамасын ешуақытта қолдамаса”, – деп сұрады. Бұл сұраққа жауап берген Ертысбаев кәсіпкерлерге заңдар мен нормативті-құқықтық актілер қажет еместігін, оларды қолдау үшін әкімдердің, соттардың сайланғаны дұрыс екенін, сонымен қоса, осы арқылы бизнесмендерге кедергісіз жұмыс істеуге жол ашылатынын алға тартты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжановтың: «Сіздер әрдайым зейнетақының, шәкіртақының және медицина қызметкерлерінің жалақысының көтергенін сөз етесіздер, бірақ айтқандарыңыз іске сай емес. Елді алдауды қашан қоясыздар? Олардың жағдайын жақсартуға нақты қандай қадамдарыңыз бар?» – деген сұрағына «AMANAT» партиясының өкілі Айдос Сарым партияның рейтинг үшін жұмыс істемейтінін айтты.
Сонымен қатар дебат барысында  Айдос Сарым «Байтақ» партиясының бағдарламасындағы көмір жағудан бас тартуды ұсынғанына келіспейтінін жеткізді.  «Өмірге жақын болайықшы. Бізде кен-көмір өндіретін қаламыз көп, оны қолданатын моноқала да жетерлік. Егер сіздердің осы бастамаларыңызды қолдасақ, біраз адамдар жұмыссыз қалып, кәсіпорындар жұмысы тоқтатылатынын білесіз бе? Ол жағдайда қалай шешпексіздер? Мүмкін ондай популизммен айналысудың қажеті жоқ шығар» деген мәселені көтерді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар