///

Тарихи сананы дүр сілкінткен фильм

1079 рет қаралды
1

Жақында Сүлеймен Демирель атындағы университетте “Міржақып. Оян, қазақ!” телехикаясының режиссері Мұрат Есжан және продюсері Айсауле Әбділдамен кездесу өтті.

Кездесу алдында телехикаяның “Біз жеңдік, әке!” атты 6-бөлімінің көрсетілімі болды. Көрсетілім залда отырған көрерменнің көбіне ерекше эмоция сыйлады. Жыламай көргені болмады.

Көрсетілімнен кейінгі кездесу  барысында режиссер Мұрат Есжан телехикаяның өзектілігінің өзі  халықтың Алаш қайраткерлері туралы, олардың жасаған қызметтерін, өмірін білуге құштарлығынан деп атап өтті.  Мұрат Есжан:

“Міржақыпты тұңғыш журналист демесек те, тәуелсіз “Қазақ” газетінің кеңінен қанат жаюына еңбек сіңірген екі адам болса, оның бірі – осы Міржақып. “Фильмде қап, әттеген-ай! Қатты ашып көрсете алмадық-ау,”-деген қыры – журналистік қыры,”-дей отырып, жас журналистерді Міржақып жазбаларын оқуға шақырды.

Өз кезегінде студенттер де өздерін толғандырған көкейкесті сұрақтарын қойды.

ТЕЛЕХИКАЯДА АЙТЫЛҒАН ТАРИХИ СӘТТЕР

Студенттер арасында телехикаяда көрсетілген Ахметсапа Юсупов, Әлиахмет Әлиев жайлы, доносчиктер, агенттер жайлы ақпараттар қайдан алынғанын сұрады. Бұған телехикая режиссері әрі сценарисі Мұрат Есжан:

“Тұрсын Жұртбайдың “Ұраным – Алаш!” кітабында Ахметсапа Юсуповтың не себепті атылғаны (Ж.Аймауытовтармен қатар атылған) жазылған. Оған тиісті маңызды ақпаратты хабарламағаны үшін деген айып тағылды” деп жазылған  онда,”-деп жауап қата отырып, фильмде белгілі бір адамдарға қара күйе жағу ойда болмағанын, тек сол кезеңдегі “двойной агент” бейнесін көрсету үшін алынғанын жеткізді.

Телехикаяның негізгі дереккөзі қызы – Гүлнар жазып қалдырған естеліктері. Авторлар сценарий үшін 30 еңбектің деректері пайдаланылып, 15 ғалыммен кездесу ұйымдастырғандарын да айта кетті.

Түсірілім тобы сонымен қатар Міржақыптың қолданған заттарын білу үшін қызы Гүлнардың  үйіне барған. Мысалы, Міржақып пен Ғайнижамал тойын көрсеткен аз минуттық кадрда көрсетілген Гүлнар ханымның той көйлегі, мойнындағы алқасы сынды детальдарға да баса назар аударған. Тіпті Гүлнар ханым ұстаған чемодан немесе тағы басқа шынайы өмірде қолданған заттарды көрсетуге тырысқан.

ТЕЛЕХИКАЯ ТҮСІРУДІҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ МЕН ШЫЖЫҚТАРЫ

Келген қонақтар арасында фильмнің соңына қатысты сұрақтар болды. Мысалы, Міржақыптың Сосновец лагерінде Мұстафа Шоқаймен кездескені жайлы деректердің бар екені және неге осы мәліметтерге сай оқиғалар көрсетілмегенін сұрады. Бұған қатысты авторлар уақыт пен қаржы көлемі сынды түсірілім сыртындағы мәселелердің кедергі болғанын айтты.

Сонымен қоса әңгіме барысында телехикаяның түсірілім барысы мен оған кеткен уақыт пен шығын жайы да қозғалды.

Продюсер Айсәуле Әбділда осы ретте телехикая барысын түсіруде қатты қиындық әкелген –локация мәселесі екенін атап өтті. Сол кезеңдегі түрмені көрсету үшін де біраз жерді аралауға тура келгенін, тапқан жерлер қымбат болып, қолдан локация құрудың да жолдарын қарастырғанын да жеткізді.

“Ескі залдар аз, оларды табу қиын. Тапқанның өзінде үлкен бағалар қойып қояды… қалай төрт миллионға мына жерді берем деп тұр деп сериалдың бюджетіне келмейтін, ойға қонымсыз бағалар айтады. Саудаласуға тура келеді. Содан кейін локация жағы – бізді қинайтыны. Мысалы, Қостанайда осындай жүз жылдық ғимараттар бар деп айтады. Біз бардық биыл. Ол ғимараттар тұр. Кірпіштен жасалған (сол заманның бейнесін көрсетеді), бірақ олардың іші заманауи. Сонда тек сыртын ғана түсіру үшін барасың. Ішін басқа жерден, ауылдың бір түпкірінен табылады,”-деп продюсер Айсәуле Әбділда түсірілімге қатысты қиындықтарды айтты.

Түсірілім кезінде актерлармен жұмыстар жайлы да сөз етілді.

“Кәусар деген актриса қыз Міржақыпты алып кеткен кезде “әке” деп айғайлаған Гүлнардың рөлін сомдайды. Оның шашы ұзын болған, түрмеде әкесімен шахмат ойнап отырған кезіндегі шаштан да ұзындау болды. Түсірілімге байланысты басына парик тақты. Себебі суреттерде кішкентай Гүлнардың шашы қысқа болған. Сол образды келтіруге тырыстық. Бастапқыда кигісі келмеген, кейін үйреніп кетті. Зерек қыз. Тілі қазақша емес, бірақ қазақша үйреніп кетті сөйлеп-сөйлеп. Өзі тез қағып алады. Одан кейін сөйлемеген, бірақ қарап тұратын кішкентай қыз болды. Фильм соңында Міржақып заттарын алып келгенде, терезеге қарап тұратын орта жастағы қыз гриммердің көмекшісі болып жұмыс істейтін қыз. Оның бейнесі, пошымы келетін болған соң ойнады. Бір-екі кадр болған соң таңдалды,”-деді продюсер Айсәуле Әбділда.

Түсірілім уақыты мен кадрдағы уақыт, тарихи факт пен көркемдік бейне, актерлар мен актрисалар, локация мен сахна – осындай тың жұмыстарды қажет ететін фильм жайлы сөз қозғалды кездесуде. Сонымен қоса, дәл қазір болмаса да, уақыт пен қаржыға қарай және ең бастысы, көрерменнің сұрауымен Әлихан Бөкейхан жайлы да түсіру ойда бар екенін жеткізді.

Әдемі Ғазизова

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Өте өзекті мәселені қозғап отырсыздар.Әлихан Бөкейхан туралы толық фильм түсіріңіздер.Халық қолдайды.
    Жастар сіздермен бірге.Алаш жасасын!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар