Бұған дейін “Мінбер” ақпарат агенттігінің жетекшісі Есенгүл Кәпқызы фейсбук парақшасында жазғанындай, осыдан бір апта бұрын Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» ток-шоуында “Масс-медиа” туралы заң жобасы талқыланған еді.
Осы талқыға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев, Сенатор Айгүл Қапбарова, белгілі журналист Махат Садық және “Мінбер” ақпарат агенттігінің жетекшісі Есенгүл Кәпқызы секілді спикерлер қатысты. Бағдарлама жүргізушісі спикерлерден «этика нормасын бұзған журналистер баспасөз картасынан айырылады екен, мемлекеттің белгілі бір саладағы әдеп нормасына араласуы қаншалықты орынды?» деп сұрайды.
Бұл сұраққа жауап берген сенатор Айгүл Қапбарова «оны тек сот шешуі керек» деп жауап берген. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Есенгүл Кәпқызы фейсбук парақшасында:
«Сол ток-шоуға қатысқан Айгүл Қапбарова ханымның бір пікірі кәдімгідей жүректі тіксінтіп қойды. Ол кісі пресс карталарды берумен, алып қоюмен сот айналыссын деген әңгіменің шетін шығарды. Егер ертең біздің тағдырымызды шешетін заң осы кісілердің қолына түссе не болады екен деген қорқыныш ұялады», – деп жазды.
Сенат кулуарында бүгін депутат Қапбаровадан осы мәселенің мәнісін журналистер сұраған. Алайда сенатор алдымен «ол жерде сұрақ карта жайлы болған жоқ, лицензия туралы болды» деп шатасты (ток-шоуда десе де баспасөз картасы туралы әңгіме қозғалған).
«Мен бұл мәселені қандай да бір комиссияның құзырына бермеу керек дедім (лицензия мәселесін айтып отыр – авт.). Егер ол комиссия әділ емес шешім шығарса, журналист кімге жүгінуі керек. Сотқа. Мәселе сол жерде болды. Сот қана әділдігін айтуы керек. Журналист белгілі бір комиссияға тәуелді болмауы керек. Журналистердің құқығын ол жерде шектеу мәселесі болған жоқ», – деді ол.
Оның айтуынша, «бұл заң жобасы әлі де талқылау сатысында, парламентке түскен жоқ». Журналист қандай да бір комиссияға бағынбауы керектігін де қайталап атап өтеді сенатор.
«Содан кейін сот шешсін дедім. Ол менің жеке ойым. Ол менің жеке пікірім. Заң келгеннен кейін… Ол бір вариант. Тек ұсыныс», – деді ол.
Айгүл Қаппарова «егер баспасөз карта журналистерге қандай да мүмкіндік, жеңілдік беретін болса, ол дұрыс» деп мәлімдеді.
«Әзірге ол ұғым заңда жоқ», – дейді ол.
“Масс медиа” туралы заң жобасының талқыланып жатқанына біраз уақыт болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл заңның журналистердің еркіндігіне кепіл болатынын көлденең тартса, журналистік қауымдастық оған күмәнмен қарайды.