“Мінбер” ақпараттық агенттігі «Мүгедектігі бар жандардың мұңы» атты жоба аясында түрлі тақырыптарда тікелей эфир өткізіп жүргені белгілі. Кезекті эфир тақырыбы «Оңалту және әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері» деп аталып, спикер ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің Мүгедектігі бар азаматтарды оңалту басқармасының қызметкері Ғазиза Әмитқызы мен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының әлеуметтік қызметтерді дамыту бойынша ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу департаментінің директорының Балжан Баяхатова шақырылды. Модератор Жанар Оспанова.
www.minber.kz
– Басқарманың қызметіне оралсақ, басқарманың «Тең қоғам» орталықтарынан ерекшеліктері қандай?
Газиза Әмитқызы:
– Негізі «Тең қоғам» жобасы былтыр жақсы жұмыс істеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жасау барысында әлеуметтік шиеленістер көп болды. Көп адам өз құқықтарын білмеді. Құқығым тапталды, маған ешкім дұрыс түсіндірмеді деген шағымдар көбейгендіктен «Тең қоғам» жобасын іске асыру туралы шешім қабылданған еді. Оны жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Оған тек өзі жарымжан азаматтар ғана емес, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар да бара алады. Ол жерде олар құқықтық, психологиялық, әлеуметтік сұрақтар бойынша кеңес алады. Бір-бірімен тәжірибе алмасады. «Тең қоғам»-ның тағы бір ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға да ықпал етеді.
www.minber.kz
– Порталдан алған тауарлардың сапасы қандай және мүгедектігі бар адамдардың көңілінен қаншалықты шығады?
Балжан Баяхатова:
– Орынды сұрақ. Әрине, тауардың түр-түрі болғандықтан, біреуге жағады, біреуге жақпайды. Оны дұрыстау үшін әлеуметтік қызметтер порталында тауар жайлы пікір жазатын қызмет бар. Алған тауар көңілінен шықпаса төрт күн ішінде тауарды қайтадан өткізуге құқылы. Өнім беруші оны қайтарып алады және порталға тауарды қайтарып алғаны туралы белгі қояды. Сол белгі қойылғаннан кейін мүгедектігі бар адамдарға қайтадан жаңа зат таңдап алуға мүмкіндік беріледі.
Ал егер өнім беруші оның тұрғылықты жерінен емес, басқа өңірден болса, қызмет алушы да, өнім беруші де порталға өз шағым қалдырады. Оны жергілкті атқарушы органдардан құрылған комиссия қарайды. Егер комиссия өнім берушінің сапасыз тауар ұсынғанын анықтаса, оны өнім беруші реестрінен алып тастауға құқылы.
www.minber.kz
– Мемлекеттік сатып алу порталындағыдай қатаң шаралар қолданыла ма?
Балжан Баяхатова:
– Иә, ол заңды түрде қарастырылған. Мысалы, порталдан алып тастағаннан кейін тек қана бір жылдан кейін ғана өнім беруші ретінде тіркеле алады. Порталға өнім беруші ретінде тіркелу және тіркеуден шығару оның бәрі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген қағидаға сәйкес жүзеге асырылады. Қағида бойынша өнім берушілерге қойылатын бірқатар талаптар бар.
www.minber.kz
– Мұндай шешім тек бір шағымның негізінде ғана қабылдануы мүмкін бе?
Балжан Баяхатова:
– Егер тауардың сапасыздығы нақты анықталған болса, онда комиссияның алып тастауға құқығы бар.
www.minber.kz
– Порталдың жұмысына, тауардың жеткізілуі, бағасы не сапасына қатысты қызмет алушы адамдардан арыз, шағымдар бар ма?
Балжан Баяхатова:
– Әрине, жыл басынан мониторинг жүргізіп келеміз, шағымдар бар, оларға жауап та беріледі. Ондай шағымдарға өнім берушілер де тікелей жауап бере алады.
www.minber.kz
– Кезінде мүгедектігі бар адамдар қаражат жеке есеп шотымызға аударылса, тауар мен қызметті өзіміз таңдап, сатып алар едік деген ұсыныс айтқан, қазір бұл сұрақ қарастырылып жатыр ма?
Газиза Әмитқызы:
– Негізі қолданыстағы заңнамаға сәйкес ақша беру мүгедектігі бар адамдарға оңалту іс-шараларын жүзеге асыру үшін немесе өзіне керек заттарды алу үшін қарастырылған жоқ.
www.minber.kz
– Әлеумет порталына басқа да функциялар енгізу жоспарда бар ма?
Балжан Баяхатова:
– Әрине жаңа технологиялар бір орында тұрмайды. Сол себепті біз де азаматтардың қалауына қарап, портал жұмысын әрдайым жетілдіруге тырысамыз. Мәселен, портал арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар санаторийлер мен курорттарға емделуге бара алады. Тек өз өңірінде ғана емес республика аумағындағы барлық шипажайларға бара алады. Оған баратын уақытты да өзі таңдай алады. Әрине, кез келген жүйе бірте-бірте дамиды ғой, сондықтан біз де келе-келе оны заман талабына сай дамытып отыруға тырысамыз.
www.minber.kz
– Шипажайлар бойынша, олар міндетті түрде бір стандарттарға сәйкес келу керек пе, әлде мүгедектігі бар адам өзі қалаған курорттық санаторийді таңдай ала ма?
Балжан Баяхатова:
– Бағана айтқанымдай, өнім берушілерге белгілі бір талаптар қойылады. Санаторий мекемелері де өнім беруші. Оларға да өзіндік талаптар бар. Яғни, санаторийдің емдеуге және медициналық ұсынысқа сай медициналық қызметті жүзеге асыратын лицензиясы болу керек.
www.minber.kz
– Ал порталға түскен шағым қандай мерзімде қаралады?
Балжан Баяхатова:
– Жалпы азаматтық кодекс пен заңнама тұрғысында барлығы сатып алу болып саналады ғой. Сондықтан заңнамалық тұрғыдан азаматтық кодекспен реттеледі. Сол себептен егер де алынған тауар ұнамаса он төрт күн ішінде қызмет алушы өзінің шағымын тастау керек. Егер шағымы тасталған болса, одан кейін он күннің ішінде шағымды жергілікті атқарушы органның комиссиясы қарастыру керек. Содан кейін өз шешім шығады.
Көрерменнен сұрақ:
– Менің баламның жүрегіне ота жасалған. Оған санаторийге жолдама беріле ме?
Газиза Әмитқызы:
– Негізі баласына жеке оңалту бағдарламасы жазылса, біз айтып өткендей, поликлиникадағы дәрігерлер ұсынымды жазып береді. Мүгедектік тағайындалса және санаторийге баруы тиіс деп жазылса, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шипажайды таңдау құқығы бар.
www.minber.kz
– Яғни, қандай тауар не қызмет болса да, барлығы осы жеке оңалту бағдарламасында жазылған болу керек, сол бағдарлама аясында ғана алынады, солай ғой?
Газиза Әмитқызы:
– Жеке оңалту бағдарламасы мүгедектігі бар тұлғаға жазылған кезде, медициналық бөлік, әлеуметтік бөлік және кәсіби бөліктен тұрады. Оның ішінде медициналық бөлігіне қажет нәрсе, әлеуметтік тараптан да жазылады. Жұмысқа қабілеттілігі болса, жұмысқа жарамды болса, ол да жазылады.
Көрерменнен сұрақ:
– Екінші топтағы мүгедектігі бар адамға қандай көмек бар?
Газиза Әмитқызы:
– Бағдарламада жазылған техникалық құралдар мен қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Ол осал топтардың біріне жатады және тұрғын үй кезегіне тұрғанда да оның құқығы басым. Нотариуске барғанда да мемлекеттік борышын төлемейді. Негізі әлеуметтік сайттарда осы құқықтардың бәрі жазылады. Яғни enbek.gov сайтында әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде барлық жеңілдіктер немесе адамға қажетті көмек түрлері сол жерде жазылып тұрады.
www.minber.kz
– Ал интернетті қолданбай, тек телефон шалу арқылы көмек алғысы келетін адамдар қай мекемеге жүгіне алады?
Газиза Әмитқызы: 1414 телефон номеріне шалса, соның ішінде бесті басып таңдаса, әлеуметтік қызметтер бөліміне қосылады. Өзге сандарды басса, сәйкесінше басқа да сұрақтарға жауап ала алады. Және де біздің номерлеріміз сайтта ашық көрсетілген, министр блогы бар, біздің кеңсенің номері де бар.
www.minber.kz
– Сіздерге уақыт бөліп, сұрақтарға жауап бергендеріңізге рақмет!
Тікелей эфирдің модераторы және мәтінді дайындаған
Жанар Оспанова. Редакциялаған Назым Дүтбаева,
Бұл жоба – АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.