Польшадағы білім беру жүйесі еуропалық стандартқа негізделгендіктен, Қазақстандағы білім жүйесінен біраз ерекшеленеді. Оқу бітірген соң, халықаралық деңгейдегі диплом аласыз. Бұл – кез келген мемлекетте мансабыңызды дамытып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік бар деген сөз. Егер сіз Польшада білім алуды жоспарлап жүрсеңіз, мына деректерді біле жүріңіз.
– Қазір Польшада 450-ге жуық, оның ішінде 320 жекеменшік жоғары оқу орны бар. Мұнда оқу жүйесі Болония процесі бойынша жүзеге асады. Бакалаврды Польшада бітіріп, магистратураны Еуропадағы кез келген мемлекетте жалғастырсаңыз болады. Оқу ұзақтығы бакалаврада 3-3,5 жылға, магистратурада 1,5-2 жылға созылады.
– Мұнда кез келген студенттің USOS деген электрон жүйеде парақшасы бар. Платформада сабақ кестесі, студент туралы ақпарат пен бағаны көруге болады. Семестр басталардың алдында студенттер пәнді, сабақ уақытын өздері таңдайды. Білім алушы өзіне керек деп есептейтін, өзі қалаған кез келген пәнді таңдауына болады. Солайша ол мамандығын жетік меңгеріп қана қоймай, кәсіби деңгейде мансабын дамытады.
– Польшадағы білім беру жүйесінің Қазақстаннан тағы бір ерекшелігі – пәндердің бәрі тек лекция мен семинарлардан тұрады. Емтихан ауызша және жазбаша түрде өтеді. Семинарды емтиханға дейін, ал лекцияны сессия уақытында тапсырады.
– Польшадағы университеттерде студенттер дипломдық жұмысты бірінші курстан бастап жазады екен. Оқу жылының басында студент дипломдық жұмыс бойынша бағыт-бағдар беретін ғылыми жетекші таңдайды.Мұнда шетелдік студенттер үшін де қолайлы жағдай қарастырылған. Мәселен Польшада оқу ақысы Еуропаның басқа ЖОО-на қарағанда анағұрлым арзан. Орташа есеппен жекеменшік оқу орындарында оқу ақысы 800 еуродан, мемлекеттік ЖОО-да 2000 еуродан басталады. Сабақты жақсы оқып, спортта жетістікке жеткен жандар үшін әр ЖОО-да қосымша шәкіртақы қарастырылған. Студенттерге жатақхана, әлеуметтік көмек те беріледі. Сонымен бірге мұнда Erasmus+, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша тегін білім алуға болады. Бұл сізге Еуропада тәжірибе жинап қана қоймай, өзге елдің мәдениетімен танысып, тіл үйренуге, орта табуға жол ашады.
Аружан Абсатар,
Халықаралық ақпараттық
технологиялар университетінің студенті
Парақшамызға жазылыңыз