///

Бәрі сурет салудан басталды

1818 рет қаралды

Шығармашылықпен айналысу қиялыңдағы ойды іске асыруға көмектеседі. Шығармашыл жандардың таным көкжиегі, өмірге көзқарасы, айналасындағы құбылыстарды мүлдем басқаша қабылдауы таңсық дүние емес. Шығармашылықтың ішінде сурет өнерінің орны бөлек. Бұл қабілет екінің біріне беріле бермейтін талант екеніне күмәніміз жоқ. Кішкентай кезінде сурет салмайтын бала болмайды. Бірақ та оны дамытып, дөңгелетіп алып кететін бала саусақпен санарлық. Сондай баланың бірі 5-6 жасынан сурет сала бастаған Аружан әлі де қылқаламды адал серік етіп жүр.

 Аружан Хайтбаева – 11-сынып оқушысы. Суретшілік оның әкесінен берілген. Әкесі – өнерлі адам. Ол сурет салумен қатар ұсталықпен де айналысқан. Аружанға адамдардың портретін салған ұнайды. Жай қарандаш, қара қалам, түрлі түсті фломастер, т.б. бояу құралдарымен сурет салған ыңғайлырақ дейді. Дәл қазіргі уақытта Аружан үшін сурет салу хобби ғана емес, сонымен бірге табыс көзі болып табылады. Болашақта тапсырыспен сурет салу ойында бар. Сурет салып жүріп, бойындағы өзге де талантын ашқан бойжеткеннің өнері тәнті етпей қоймайды. Аружан бос уақытын мейлінше тиімді өткізіп, шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге тырысады. Болашақта дизайнер болуды алдына мақсат қылып қойған ол жаз мезгілінде болатын шығармашылық емтихандарға дайындалып жүргенін де айтты.

– Жылтырақ тастардан жапсырма жасауды да қолға алғаныма біраз уақыт болды. Арасында міндетті түрде демалыс қажет. Уақытымның бір бөлігін кино көруге арнап тұрамын. Жаңа идеялар мен мотивацияны түрлі кинолар мен фильмдерден және жапон анимелерінен аламын, – дейді Аружан.

– Байқасақ, шығармашыл адамдар бір ғана өнермен, бір ғана қабілетпен шектеліп қалмайды. Ал сен сурет салудан басқа тағы немен айналысасың?

 Мүсін жасаумен айналысып жүргеніме жарты жылдың көлемі болды. Түрлі мультсериалдар мен аниме кейіпкерлерінің мүсінін жеңіл ермексаздан жасаймын. Анамның айтуынша, қолымның икемі бар көрінеді. Уақытымның басым бөлігін мүсін жасауға жұмсаймын.

 – Жарайсың, ал шығармашылық тоқырауды қалай еңсересің?

 Шабыт бірде бар, бірде жоқ. Мені өнерге жақын жандар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерден түрлі суретшілердің бейнетаспаларын қарау арқылы бір жағынан тәжірибие жинасам, бір жағынан шабыттанамын. Олардың шығармашылығы менің кем-кетігімді түзетіп, ойыма ой қосады.

 Аружан адам баласы қай жаста да белсенді өмір салтын ұстануға тырысуы керек деп санайды. Неше түрлі дене жаттығуларын жасап, миды бірқалыпта ұстағанды жөн көреді. Өзінің тәжірибиесіне сүйене отыра, ізінен еріп келе жатқан суретші іні-сіңлілеріне әпкелік ақылын айтты:

 Үнемі жаңа нәрселерді үйренуге ұмтылып, басқа да шығармашыл жандармен байланыс ұстаңыз. Білгеніңізбен бөлісуден жалықпағайсыз. Ең бастысы – өнер туралы біліміңіздің мейлінше кең болғаны абзал. Ол үшін шығармашылық іс-шараларға қатысып, өз өнеріңізбен бөлісіп отыруыңыз қажет. Алдыңызға мақсат қойып, сол мақсатқа ұмтылуға асық болыңыз! Сурет салуды енді-енді үйреніп, оның қызығы мен қиындығына тоймай жүрген кішкентай іні-сіңлілерім, қылқаламдарыңызды тастамаңыздар. Үздіксіз әрекет қана берекелі нәтижеге алып келеді, – дейді талантты жас.

Аружан – нағыз шебер адам. Мүсіндегенде пропорцияларды дәл келтіріп, контрастпен жақсы жұмыс жасай алады. Жасағалы отырған туындысын бар жанымен сезініп, беріле кірісуі де көп нәрседен хабардар етеді. Аружан болашақта дизайнер болуды армандайды. Алайда, оның жұмыстарына қарап отырып қазақ анниимациясын дамыту үшін жаралған жан дерсің. Дәл қазір ол шығармашылық емтихан мен ұлттық бірыңғай тестілеуге қарқынды дайындық үстінде.Өнерің өрлей берсін, Аружан!

Мәдина ИБРАГИМ

БҚО, Бәйтерек ауданы, Дариян ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар