Қарағандыдағы ең өзекті мәселенің бірі үйірлі бұралқы иттер. Күн жыли бастағанда, олар көбейеді әрі ауру тарату қаупі артады. Ел кішкентай балаларды далада көзден таса қалдырудан қорқады. Кейінгі кезде оқыстан келіп, адамдарды қауып алу жиі кездесетін жағдайға ұласты. Себебі осы бұралқыларды азайтудың орнына жануарларға жауапкершілікпен қарау, яғни қаңғыбас иттерді атпау жөнінде заң шықты.
Қарағандыда өткен жылғы қараша айында Сұрыптау стансасында тұратын ер адамға ит шауып, жәбірленушінің бет аузын қан-жоса етіп талап тастады. Шілде айында аулада жүрген жүгенсіз ит бүлдіршінді қауып, денесіне жарақат салды. Наурыз айында Михайловка елдімекенінде 4 жыдан бері алғашқы сәбиін күткен жүкті әйелге құтырған ит шапқан. Ақтоғай ауданында кезбе иттің бірі екі бүлдіршінге төніп, қапияда біреуінің өмірін қиып тынды. Мұндай оқиғаларды тізбектей берсе, өте көп. Ол оқиғаларды жергілікті телеарналар да көрсетті.
Қарағанды облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, 2022ж. полицияға 102 телефон нөміріне 119 хабарлама түскен. Оның ішінде 62 ит иесі әкімшілік айыппұл өтеген. 57 ескерту берілген. 2023 жылы 225 хабарлама түсіп, барлық ит иесіне әкімшілік айыппұл салынды.
Егер қаңғыбас жануарлар қауіп төндірсе, «109 сенім» нөміріне, 102 полицияға, 103 жедел жәрдем не медициналық орталыққа және ветеринария стансасына хабарласуға болады.
Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Қ.С.Тұрсынбековтың пікірінше, өткен жылы “700 ит адамды қабу оқиғасы тіркелген».
Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты Ләззат Қожахметова мәслихат отырысында қаңғыбас иттерге қанша қаржы бөлу қарастырылғаны жайында Facebook әлеуметтік желісінде ашынып жазды.
Депутаттың пікірінше:
«Былтыр облыста қаңғыбас иттерді аулау мен жоюға бюджеттен 69,5 млн. теңге қарастырылған. Оның 28,7 млн. теңгесіне 6 528 қараусыз ит жойылған. Қалған қаржы бюджетке қайтарылды. Алайда соған қарамай, 2023 жылы бұралқы иттерді ұстау, вакцинациялау мен зарарсыздандыруға тағы 146 млн.700 000 теңге, яғни жылдағыдан 3 есе көп бөлініпті.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері дамыған елдерде қаңғыбас жануарларды бағып-күтумен мемлекет емес, еріктілер мен бизнес қауымдастық айналысатынын айтады. Кей елде жеке ит ұстаушылардың салығына панажайдағы иттерді асырайды екен. Ақырында ол жануарларды жанына батпайтын дәрілермен жояды екен.
Ал осы қоғамдық кеңестің мүшесі Никанбай Омарханов жаңа Заңдағы кемшіліктерге тоқталды:
– Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” ҚР Заңының 22-бабы 3-тармағында: “Иттердің өз бетінше серуендеуіне тыйым салынады”,-деген. Қаңғыбас иттерге мұны кім түсіндіреді? Енді 15-баптың 1-тармағында:
– Жануарларды зарарсыздандыруға:
4) жануарлар шабуыл жасағанда, адамның не өзге жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіргенде; Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес жоюға жол беріледі.
Бірақ осы Заңның 25-бабының 2-тармағында «Қаңғыбас жануарларды улауға, өзге де химиялық препараттарды пайдаланып, кез-келген тәсілдермен жансыздандыруға тыйым салынады»,-деп тұр. Бір заң. Біресе жоюға болады дейді, біресе болмайды дейді. Қорғансыз жануарларды жою – жауыздық. Бірақ иесіз жануарды «стерилдеп», 15 күннен кейін суық, аш далаға қоя беру де дұрыс шешім емес.
– Зооқорғаушылар бұралқы ит пен мысықты жоюға тыйым салдырды. Заң шыққанша Қарағанды облысында 6 мың бұралқы ит жойылған. Бұралқы ит адамға шабуыл жасайды, инфекция таратады, балаларды талайды. Енді бұлар бұралқыны сақтап, баптап ұстайтын приют сұрап жатыр. Олардың ол приюті жүздеген миллион тұратын типтік, «жануарларға арналған панажай». Оның ішінде, асханасы, жатын жері, ветеринарлық дәріханасы, операция залы, қыдыртатын орны болады. Негізінде, өте қымбат құрылыс. Оны ашып алған соң жалға алады да, ғимаратты күтіп-ұстауға бюджеттен тағы сұрайды. Міне, қарап отырсаңыз, иттер арқылы тәуір бизнес жасауды көздейді. Сол үшін біздің кей адамдарды сотқа да беріп жатыр. Адамға үй тауып бере алмай, бұралқы ит пен мысыққа үй салу қаншалықты ақылға сыйымды?-дейді Ниқанбай Омарханов “Орталық Қазақстан” газетіне берген сұхбатында.
Қарағанды облысының ветеринария басқармасы ветеринарлық-санитариялық шараларды ұйымдастыру және ТЖ бөлімінің басшысы Ерлік Мақашевтың берген дерегіне сәйкес Жаңа Заң қабылданғанға дейін аулау алгоритмі: ұстау уақыты 3-тен 5 күнге дейін, иесі болмаған жағдайда эвтанизацияланған. Жаңа заң күшіне енген кезде жұмыс алгоритмі өзгерді: 15 (он бес) күн ішінде арнайы орындарда ұстау, оның барысында жануар есепке алынады, зарарсыздандырылады, вакцинацияланады және өз ортасына қайта жіберіледі.
– Биыл заң шеңберінде тиісті рәсімдерді іске асыру үшін 146,7 миллион бөлінген теңгеге қаңғыбас иттерді аулау, сәйкестендіру, уақытша ұстау, вакцинациялау, зарарсыздандыру, өлтіру бойынша барлық жұмыстарды конкурстарда жеңіске жеткен әлеуетті өтінім берушілер жүзеге асырады.
Иттер мен мысықтардың бір басын 15 күн бойы тиісті жұмыстармен ұстауға 96,9 мың теңге болады. Аулау және өлтіру -18,8 млн.тг. (1 бас – 9 400 тг), уақытша ұстау-78,4 млн.тг. (1 бас тәулігіне – 4 000 тг., 15 күн), сәйкестендіру-4,0 млн. тг.(1 бас – 5 000 тг), вакцинация және зарарсыздандыру – 37,9 млн.тг. (1 бас-22 500 тг). Облыс бойынша үй және қаңғыбас жануарлардың деректер базасын қалыптастыруға-6,0 млн. теңге.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбековтың “Орталық Қазақстан” газетіне берген сұхбатында “510 итке арналған панажай сметасы былтырғы бағамен – 327 млн. теңгеге шыққан”.
Үйсіз жануарлардың нақты саны белгісіз, үй жануарларын есепке алу тек биылғы қыркүйектен бастап міндеттеледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Онда жауапты басшыларға өзге мәселелермен қатар қаңғыбас иттерді де ретке келтіруді тапсырды. Ендігі бұралқы иттерден сақтану билік пен заң шығарушы органдардың шешіміне байланысты.
Жаңабек Нар,
Қарағанды қаласы
Суреттерді түсірген Аңғар Смағұлов.
Бұл мақала АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын “Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы” аясында дайындалды.