////

Ғимарат салғанда пандустар неге ескерілмейді?

1504 рет қаралды
суретті түсірген автор

Батыс Қазақстан облысының «Арба» қоғамдық қорының негізін қалаушы Гүлмира Батпакулова өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында облыста мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік ғимараттарға кіріп-шығуына жағдай жасалмағаны туралы дабыл қаққан еді. 

Ол Орал қаласы Қасым Аманжолов көшесіндегі 104/1 мекенжайында орналасқан «Қазпошта» АҚ ғимаратының пандустарды ескермегені жайлы жазады.   Мұнда мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда арбадағы адам мүлдем кіре алмайды, олардың еркін кіріп-шығуы үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Гүлмира Батпакулова өз жазбасында «Қазпошта» АҚ ғимаратындағы электр көтергішінің істен шыққаны туралы жазған. Ал мекеме қызметкерінен жарамсыздық себебін сұраған кезде «қосалқы бөлшектерін Ресейден әкелу қажет» деп жауап берген. Яғни, қосалқы бөлшектер көрші елден келгенше мүгедектігі бар адамдар осындай қиыншылықтар мен кедергілерді әлі де көре беруге мәжбүр.

 Нүркен Үмбеталиев: “ҚАЗПОШТАҒА” ТЕК АДАМДАРДЫҢ КӨМЕГІМЕН КІРІП ЖҮРМІН

Біз осы видеожазбадағы кейіпкер Нүркеннің өзінен мәселенің мән-жайын білуге тырыстық. Үмбеталиев Нүркен Ерболатұлы, І-ші топтағы мүгедектігі бар адам, Орал қаласына көшіп келгеніне екі жыл болған. «Арба» қоғамдық қорының мүшесі. Қазіргі таңда қордың ұйымдастырушысы болып қызмет етеді. Жол-көлік оқиғасында бір адамды құтқарам дегенде автокөлік өзін қағып, 16 жылдан бері арбаға таңылған.

– Мемлекеттік не бизнес, не басқа да нысандар болсын, көп жерлерде мүгедектігі бар адамдардың кіріп-шығуы үшін жағдай жасалмаған, мүмкіндік жоқ. Орал қаласындағы Привокзальная көшесі, 85 мекенжайы бойынша біздің қор орналасқан. Осы жердегі дүкендер, дәріханалар, кафе, асханалар, ешбір ғимаратқа біздер үшін кіру мүмкіндігі жоқ. Банктерге кіру де біз үшін қиындық туғызады. Өткен жолы Халық банк филиалына да әрең кірдім, оның да көтергіштері жұмыс жасамайды. Бұл жерде де кедергі туындады, әйтеуір құрылғыларын әкеліп қосып, мені мінгізіп, түсірді.

Өзім тұратын №10-шы шағын аудандағы жағдайда осындай. Бірде бір дүкенге, дәріханаға кіру мүмкін емес. Негізі пандус салған, бірақ ол тек көз алдау, пандус салдық па салдық, бар ма бар дегенге келеді, сонымен құтылған. Ал шын мәнінде ол пандустармен біз арбамен еркін көтеріле алмаймыз, өте ыңғайсыз. Дәріханалардың басым көпшілігі мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделмеген. Ал банкоматтар мен терминалдарға келетін болсақ, өз басым телефондағы мобильдік қосымшаларды ғана пайдаланамын, сол арқылы барлық қызметтерді сатып алып, төлемді де осы арқылы жүргіземін.

«Қазпошта» АҚ-ғы жағдайға келетін болсақ, жақында ол жерге есепшотымды жабу үшін қызмет алуға мәжбүр болдым. Сол үшін Қазпоштаға келсем, кіре алмай, тағы да кедергіге тап болдым. Бұл менің Қазпоштаға екінші рет қызмет алу үшін барып тұрғаным, осыдан бұрын қыста барып кіре алмай кеткенмін. Қазпошта ғимаратына кіру үшін алдында биік баспалдағы бар. Бірақ, ол баспалдақпен мүгедектігі бар адамға көтерілу мүмкіндігі мүлдем жоқ. Пандус орнатылмаған, ал электр көтергіштері істен шыққан. Осы жолы адамдардың көмегімен кірдім. Бірнеше адам көмектесіп, мені арбаммен бірге көтеріп шығарып, Қазпошта ғимаратына кіргізді. Жұмысым аяқталған соң сол бірнеше адам қайтадан арбаммен көтеріп, кері түсірді, сөйтіп Қазпоштадан шықтым. Ол адамдар болмаса тағы да кіре алмай кетемін бе, кім білген? – дейді өзінің басынан өткен жағдай арқылы барлық мүгедектігі бар адамдардың мұңын жеткізген Нүркен.

Гүлмира Батпакулова: ПАНДУСТАР ТЕК КӨЗ АЛДАУ ҮШІН САЛЫНҒАН

Гүлмираның әлеуметтік желідегі жазбаларын қарап отырсаңыз, дәл осы пандустар мәселесінің облыста күйіп тұрғанынан хабардар боласыз.

Мысалы, бір жазбасында Гүлмира Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы мемлекеттік және шағын бизнес нысандарының мүгедектігі бар жандар үшін  қаншалықты бейімделгені жайында баяндаған. Дәлірек айтсақ, Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы аудандық сот ғимаратына мүгедектігі бар жандар ешқашан кіре алмайтыны, өйткені пандусқа жету үшін алдымен қоршаудан секіру қажет екенін айтады.

Одан кейін осы ауылдағы дүкенге де кіру үшін пандус болғанымен, бұл дүкенге мүгедектігі бар азаматтардың өз бетімен кіре алмайтынын айтады. Себебі пандус тік орналасқан, ол арқылы кіру үшін мүгедектігі бар адамның жанында көмекшісі болуы қажет. Сонымен қатар, пандустың жанында іштен кісі шақыру түймесі де орнатылмағанын да атап өткен.

Айта кетейік жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсарту, соның ішінде пандустармен, бейімделген лифтілермен, дәретханалармен, зағип жандарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік объектілерді стандарттарға сәйкестендіруді жүргізуі қажет.

БІЛІМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ БҰЛ САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРЕ АЛМАДЫ

Облыс бойынша барлық әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылым объектілерінің саны 1737. 2020 жылдан бастап оның  барлығы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің inva.gov.kz мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы жаңартылған ақпараттық порталына енгізілген. Олардың ішінде 537 объект 2022 жылы сәйкестендірілген. Стандартқа сәйкестендіруге жатқызылған қалған 1200 объектіні 2023-2027 жылдар аралығында сәйкестендіру жоспарланған. Яғни бүгінгі күні барлық объектінің 30,9% ғана мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген. Ал 2023 жылы  259 объектіге бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болса, қазіргі таңда тек 27 объектіге бейімдеу жұмыстары жүргізілген, бұл 10,4% құрайды.

Биыл әр сала бойынша бейімделетін объектілер санына келетін болсақ, білім саласында – 98, мемлекеттік мекемелерде – 52, мәдениет мекемелерінде – 47, денсаулық сақтау мекемелерінде – 15, дене шынықтыру саласында – 10 және әлеуметтік қорғау мекемелерінде – 1 объект әлі бейімделмеген.

Аптаның басында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен кеңесте өңір басшысының бұл нысандардың мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалуы үшін не себептен әлі күнге бейімделмеген деген сұрағына білім және мәдениет басқармасының өкілдері орындарынан тұрғанымен не себебін түсіндіріп, не мардымды жауап та бере алмады.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Төлегенова баяндап өткендей, 15 сәуірге дейін мониторинг жүргізілетін объектілер саны – 1737. Осының ішінде 11 мамырға 1545 нысанға мониторинг жүргізілген.

Өңір аудандарындағы осы мәселеге қатысты жағдайға келетін болсақ, төрт ай ішінде Бөкейордасы, Бөрлі, Жәнібек, Сырым аудандары бір де бір объектіге бейімдеу жұмыстарын жүргізбеген, ал  Ақжайық, Жаңақала, Шынғырлау аудандары тек 1 объектіден ғана бейімдеген.

Осыдан бөлек жаңадан салынатын әлеуметтік объектілерді жобалау кезінде мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік қарастырылмаған. Атап айтсақ, Жаңақала ауданы Маштексай ауылында жаңа мәдениет үйі салынып пайдалануға берілгенімен жобада мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік қарастырылмағандықтан бюджеттен қосымша қаржы бөлу қажеттілігі туындап отырғанын да айтып өтті сала басшысы.

Бұл тек Батыс Қазақстан облысындағы жағдай және жоғарыдағы көрсеткіштердің барлығы жағдайдың мәз емес екенін көрсетеді. Біз бұл мәселе турлы әлі де көп айтатынымыз, бірақ нақты іске келгенде орындауды оқсатпай отырғанымызды көріп отырмыз.

Батыс Қазақстан облысында 24 351 мүгедектігі бар адамдар бар, олардың 14 146-сы 18 жасқа дейінгі балалар. Биылғы жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын орындау үшін 30 млрд тенге бөлінген. Бұл қаржының 16,2 млрд. теңгесі  көп деңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне, 2,8 млрд. теңгесі техникалық құралдармен қамтамасыз ету жүйесіне, 7,3 млрд. теңгесі әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне, 3,7 млрд. теңгесі әлеуметтік көмек жүйесіне бөлінген. Алайда, мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалуы, қоғамдық және басқа да орындарда кедергісіз жүріп-тұруы үшін жағдай әлі де толық жасалмаған.

P.S. Фотолар Гүлмира Батпакулованың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынған

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар