////

Шыбын-шіркеймен күрес: кім жеңіп, кім жеңілді?

3215 рет қаралды

Көктем келіп, жаз туса Павлодар облысы жұртшылығын мазалайтын басты мәселелердің бірі – шыбын-шіркейдің көбеюі. Қансорғыштар тұрғындарға кең тыныстап, далада емін-еркін жүруге мүмкіндік бермейді. Тіпті, соның салдарынан құстардың қырылғаны бар. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін соңғы жылдары жергілікті билік, ғалымдар мен мердігерлер бірлесіп, өңдеу шараларын жүйелі түрде жүргізуге көшті. Оның нәтижесі қандай? Маса жұрттың мазасын алмау үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінді? Дернәсілдерді улайтын препараттардың адам денсаулығына кері әсері бар ма? Осы мәселелерді талдап көрген едік.

ҚАНСОРҒЫШТАР ҚАЗЫНАНЫҢ ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫСЫН “ІШТІ”

Халық арасында «сары маса» деп аталып кеткен қансорғыш түрі мен ұсақ шіркейлер жаз уақытында көпшіліктің басты жауына айналады. Себебі олардың көптігінен жұрт сыртқа шығудан қалып, әбден әуре-сарсаңға түседі. Бау-бақшада жұмыс нағыз қызған уақытта үйде қамалуға мәжбүр болады. Балалар аулада асыр салып ойнаудан қалады. Ызылдаған маса құстардың да әбден мазасын алады. Айталық, осыдан екі жыл бұрын Павлодар ауылында бірнеше қорадағы құстар әп-сәтте қырылып қалған еді. Сол тұста ауыл тұрғыны Александр Борисенко бір-ақ түнде бес қазынан айырылды. Ветеринарлық зерттеу жүргізген мамандар шіркейлердің құстардың тыныс алу мүшелерін бекітуінің салдарынан арам қатқанын айғақтады. Таяуда осы іспетті жағдай Түркістан облысында байқалды. Мұндағы Отырар ауданының бір топ тұрғыны да балапандарды былай қойғанда, бұзаулар мен құлындардың қансорғыштардың жемтігіне айнала бастағанын айтып, дабыл қақты. Осыдан-ақ шыбын-шіркейдің адамға да, төрт түлікке де қаншалықты қауіпті екенін айқын аңғаруға болады.

Бірақ солай екен деп қол қусырып отыруға келмес. Мазаны әбден алатын жәндіктердің санын азайтпаса, түбімізге жететін түрі бар. Бұған дейін Павлодар облысында оларға қарсы күрес шаралары жүргізіліп, оған әжептеуір ақша бөлініп келді. Айталық, 2020 жылы облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 449 млн бөлінді. Алайда оның айтарлықтай нәтижесі болған жоқ. Көпшілік бір жағынан коронавируспен алысып жатқан тұста, екінші жағынан қансорғыштар «Жығылған үстіне жұдырық» болды. Тіпті, әлеуметтік желілерде «Искусанный Павлодар» деген хэштег пайда болып, тұрғындар масадан зәбір көрген суреттерін жаппай жариялады.

Бұдан жергілікті билік сабақ алған болса керек, 2021 жылы Павлодар облысы аумағында қансорғыш жәндіктер популяциясын бақылау бойынша дезинсекциялық қызметтер көрсету бойынша конкурс жариялады. Оның ерекшелігі сол, мердігерді бірден үш жылға анықтау қажет болды. Себебі әкімдік жыл сайын конкурс жариялап, өңдеу жұмысын әр түрлі компанияға жүктегеннен гөрі бірнеше жыл қатарынан еңбек ететін кәсіпорынды белгілеу әлдеқайда тиімді деген байламға келді. Оған қоса, мұндай тәжірибе еліміздің өзге өңірлерінде бұрыннан бар.

Сонымен, мемлекеттік сатып алулар сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы үш жылдық дезинсекциялық шараларға 1 млрд 585 млн 808 мың теңге төлеуге дайын болған. Ашық конкурс негізінде өткен «бәсекеге» қатысқан компаниялар өздерінің бағасын ұсынды. Нәтижесінде жұмысты 1 млрд 415 млн 900 мың теңгеге атқаруға келіскен «QSM Engineering»  ЖШС басты мердігер боп анықталды. Сонда әр жылға шамамен 500 млн теңге бөлу көзделді. Кейін қосымша шарт жасалып, келісімшарт сомасы 1 млрд 600 млн теңгеге жетті.

Бірақ дезинсекциялық шаралардың өзімен тікелей айналысатын компанияны белгілеу аздық етеді. Бұған дейінгі жағдай шыбын-шіркейге қарсы күрес препараттарды қашан, қалай және қайда қолдану керек екенін білу үшін ғалымдардың көмегі ауадай қажет екенін көрсетті. Сол себепті 2021 жылы жауапты басқарма ғылыми сүйемелдеу бойынша да конкурс жариялады. Ашық конкурс тәсілімен өткен мемлекеттік сатып алуда «TEK.A.TEK.kz» ЖШС-нің ұсынысы тиімді болып, онымен 23 млн 352 мың теңгеге келісімшарт жасалды.

ТИІМДІЛІГІ БАЙҚАЛДЫ МА?

Жөн делік. Жұртқа жазғы уақытта жайлы жағдай жасау үшін бюджеттің қомақты қаржысы қарастырылды. Соған сәйкес, алдымен «TEK.A.TEK.kz» ЖШС ғылыми тобы техникалық шартта көрсетілген талап бойынша масалар мен шіркейлердің даму сатыларының дернәсілдері және имаго биологиясын зерттеу, олар  жаппай жиналатын орындарды анықтау, ұшу сатыларының дамуына фенологиялық бақылау жүргізу, препарат түрін және қолдану уақытын, сондай-ақ өңдеу жүргізуге арналған жабдық түрін айқындау сияқты міндеттерін атқаруға кіріседі. Айталық, былтыр ғалымдар күн сайын зерттеу жұмыстарын жүрізіп, соның нәтижесінде Ертіс өзенінің 1 130,6 шақырымын өңдеуге кеңес беріп, проблемалық аумақтарды анықтады. Сондай-ақ, бұрын әуеден өңдеу үш аптаға жалғасатын-ды. Бұл уақыт аралығында масалар қанаттанып үлгереді. Былтыр ғалымдардың зерттеуі аясында әуеден өңдеуді бір аптаға дейін қысқартты.

Бас мердігер де біраз тер төкті. Мемлекеттік мекемемен жасалған келісімшартта қаражат жұмыстың өнімділігі 90 пайыздан асқанда ғана аударылады деп нақты көрсетілген. Сол өнімділікке жету үшін «QSM Engineering»  ЖШС өз қаржысы есебінен де қосымша құралдар сатып алып жатады. Мысалы, бюджеттен 70 мың литр биологиялық препарат алуға қаржы бөлінсе, мердігер өз ақшасына тағы 3 мың литр сатып алды. Сол сияқты 27 мың гектар аумақ өңделуі керек болса, тағы үш мың гектарды артығымен өңдеді.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның пайымынша, былтыр мердігермен, ғылыми топпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қансорғыштарға қарсы күрес нәтижелі болды.

– Өткен жылы шіркейдің көбеюіне тікелей әсер ететін су босату жұмыстарының ерте басталуы дернәсілдер санының азаюына тікелей әсер етті. Сонымен қатар, мердігерлер міндетінің нақты белгіленуі, жаңа химиялық препараттардың қолданылуы, ерітіндідегі биологиялық препараттар үлесінің үш есеге артуы өз нәтижесін берді. Биыл да өнімділік жоғары болып, масалар дернәсілдерінің қанаттануының алдын алу үшін барымызды саламыз, – дейді басқарма басшысы.

Өткен жылы шыбын-шіркейдің аз болғанын облыс орталығының тұрғындары да айтады. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Әсем Шаймұратова масаның мазаны әлдеқайда аз алғанын атап өтті.

– Бұған дейін қансорғыштардың көп болғаны соншалық, далаға шығудың өзі мұң болатын. Былтыр олардың қатары сирегені есімде. Балалар аулада аз уақыт ойнай алатындай мүмкіндік болды, әйтеуір. Десе де, саябақтар мен орталық жағалауда көп уақыт жүре алмадық. Меніңше, алдымен көпшілік жиналатын осындай орындарды жақсылап өңдеу керек, – дейді ол.

Өткен жылы ғылыми топ пен мердігерлердің жұмысы Ақтоғай, Тереңкөл аудандарында нәтижелі болды деуге келмейді. Аталған екі аудандағы ағайын ала жаздай шіркейдің шағуынан шырылдап шықты.

– Былтырғы сұмдықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үйде қамалдық та қалдық. Балалар бірнеше минутқа далаға шықса болды, қотыр болып қайтып келеді. Есік, терезелерді қанша қымтасақ та шіркей мен маса үйге де кіріп, мазаны алды. Жыл сайын бөлінетін қыруар қаржының нәтижесін көрген жоқпыз, қысқасы, – деп ашынады Тереңкөл ауданының тұрғыны Мұхит Серіков.

Әйгерім Қабылтаева аталған екі ауданда апаттық жағдайдың орын алуын өңдеу барысындағы қиындықтармен түсіндірді. Биыл жағдай қайталанбас үшін ұшақтарды іске қосты.

– Өткен жылы Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында күрделі энтомологиялық жағдайдың орын алғаны рас. Бұл аудандардың жайылмасы төмен орналасқан. Сондықтан су оңай басып, ұзақ уақыт тұрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Май, Аққулы аудандарындағы алқаптарда су шамамен 20-25 күн тұрса, Тереңкөл мен Ақтоғайда 45 күнге дейін сақталады. Ал бұл –  қансорғыш жәндіктер популяциясының көбеюі үшін қолайлы орта.  Биыл жағдайды реттеу үшін екі ауданның жайылма аумағында биологиялық препаратпен авиациялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, әуе өрістерінің шеттері жаяу өңделетін болады. Жалпы, аталған екі ауданда 33,5 мың га жайылма аумағы әуеден өңделетін болады. Ұшу санын есептеу және препараттарды қолдану ғылыми топтың сүйемелдеуімен жүргізілуде. Ақтоғай ауданында биологиялық препаратпен әуеден өңдеу бойынша 32 ұшу жоспарланған. Тереңкөлде 6 мың га жайылма аумағы өңделді. Барлығы 28 рет әуеге көтерілу жоспарланған, – дейді Ә.Қабылтаева.

ПРЕПАРАТТАН УЛАНУ МҮМКІН БЕ? 

Препарат демекші, оның мәселесіне ерекше тоқталып өтпеске болмайды. Өңдеу жұмыстарының барысында «Бактицид» деп аталатын ресейлік препарат қолданылады. Биыл авиациялық өңдеуге және Ертіс өзенін өңдеуге оның 101,9 тоннасы керек. Бұл көлем 71,5 мың гектар аумақтағы дернәсілдердің санын азайтуға пайдаланылады. Оның бір бөлігі Ертіс өзеніне құйылады. Айталық, бір нүктеге құйылған «Бактицид» ағыспен 100-120 шақырымға дейін жетеді. Демек, осы аралықтан соң тағы да препарат құю қажет. Ал нақты қай аумаққа құю керектігін ғалымдар көрсетеді.

Қалған бөлігі ұшақтар арқылы әуеден құйылады. Мұны көрген кей тұрғындар «Біз уланатын болдық», «Ұшақ өткен жермен жүрсең тіл тартпай кетуің мүмкін» сынды әңгімелерді таратты ел арасында. Бірақ бұл – кей адамдардың болжамынан туындаған дүрбелең ғана. Шын  мәнінде, биологиялық препараттың адам денсаулығына кері әсері жоқ. Мұны Торайғыров университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметов атап өтті.

– «Бактицид», «Вактобурицид», «Биокомарин» сияқты биологиялық препараттардың барлығы табиғатта бар бір ғана бактерия негізінде жасалған. Оның қосқанатты жәндіктерден басқа тіршілік иелеріне еш зияны жоқ. Балық, шаян, инеліктердің санына, даму сатыларына мүлде әсер етпейді. Биологиялық өңдеу құралдары дернәсілдерді улауға бағытталып, көп жағдайда суға құйылады. Химиялық ерітінділер қанатқа тұрған масаларға қарсы қолданылады әрі Ертісті өңдеу кезінде пайдаланылмайды, – дейді ғалым.

Осы бағытта 20 жылдан астам уақыт бойы зерттеу жүргізіп келе жатқан профессор масалардың даму сатысына да тоқталды.

– Масалармен күрес белгілі бір деңгейге дейін имаго фазаларын, яғни ересек қансорғыштардың санын азайтуға ғана бағытталған. Шыбын-шіркейді табиғаттан толығымен жойып жіберуге болмайды. Ол мүмкін де емес. Бұл ретте басты мақсат  – популяцияны азайту. Су ағыны қатты болған сайын дернәсілдердің қалыптасуына жақсы жағдай жасалады. Себебі қатты ағыны бар суда оттегі көп. Олардың арнайы тыныс алу мүшелері болмаса да сол ағыннан пайда болатын оттегімен «қоректенеді».

Сонымен қатар, су босатылған соң түрлі қоқыс ағып келеді. Жабыны нәзік дернәсілдер сол қалдықтардан жасырына бастайды. Сөйтіп, жағалаудағы түрлі өсімдіктерден «пана табады». Былайша айтқанда, қиын жағдайларда дами бастайды. Соның салдарынан денесінде болуы тиіс кейбір бөліктер қалыптаспай қалады. Дернәсілден қуыршаққа айналып, содан соң сол жерде будандасады. Бірақ олар тығылып өмір сүргендіктен, аналықтардың денесінде кейбір заттар құралмай қалады. Сөйтіп олар жылықанды, ақуызы мол тіршілік иелерін іздей бастайды. Олар – адамдар, түрлі жануарлар. Ақуыз алу үшін де шағады. Бірақ шіркейлер адам денесін піспей, терісін жыртып жібереді. Сөлінен бөлінетін симулин аллергия тудырады. Мазасыздық болатыны да сондықтан, – деп түсіндірді Қ.Ахметов.

Қалай болғанда да биологиялық және химиялық препараттарсыз шыбын-шіркеймен күресте жеңу мүмкін емес. Бұл ретте мердігерлер мен ғылыми топқа бюджеттен бөлінген әр тиынның тиімді жұмсалып, нәтижелі болуы маңызды. Әйтпегенде, көзге көрінер-көрінбес шыбын-шіркей адамнан да, төрт түлік пен құстардан да айласын асырып, зор залалын келтірері анық.

Құндыз Қабылденова, 

Павлодар облысы

Суреттерді түсірген: Валерий Бугаев

Бұл мақала АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымыіске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» бойынша дайындалды.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар