///

Жазушылар Одағы: Келесі төраға кім болмақ?

1716 рет қаралды
1

Көз қарақты жұрт үшін ертең Қазақстан Жазушылар одағында құрылтай өтіп, келесі төраға сайланатыны белгілі. «Тойдың болатынынан боладысы қызық» демекші, төрағаның сайлануы халық арасында қатты аңыс қозғады, оған себеп ел президентін сайлаудағы секілді жалған кандидаттардың емес, нақты бәсекелестіктің болуы жұрттың құлағын елең еткізген шығар?

Елді елең еткізер оқиғаға білте болған ақын, ҚЖО Басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезектің әлеуметтік желіде жариялаған «Мен бүгіннен бастап Қазақстан Жазушылар одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ» деген жазбасы болды.

Осыдан кейін-ақ төрағалыққа қызығушылар көбейді. Биылғы сайлаудың шырайын кіргізуші  жазушы Арман Әлменбет ҚЖО төрағалығына өзін ұсынатынын мәлімдеп, бағдарламасын жариялады. Кейін жазушы-драматург Думан Рамазан фб-парақшасына қазіргі Одақтың жай-күйін жазып, «Мен де өз кандидатурамды ұсынамын» деді. Мұның алдында Ұлықбек Есдәулет БАҚ-қа берген сұхбатында сайлауға қайта түсетінін және өзін Ақордадағы кураторы да қолдайтынын айтқан. Жә, ашық бәсекеге шыққан осылар болса, ел ауызында жазушы Мереке Құлкенов, ақын Ғалым Жайлыбай, ақын-жазушы Нұржан Қуантайұлы да бақ сынап көрмек екен деген сөздер желдей есіп жүр.

Кандидаттарды осылай түйіндесек, кандидаттардың қолдаушыларында айта кеткен жөн шығар, көбісі ашық сайлаудан үміт күттсе, әділетті сайлауды талап етіп, Нұржан Қуантайұлын қолдап,  біраз ақын – жазушы   Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа ашық хат та жазып үлгерді.

Одақ төрағасының 5 жылдың алдындағы сайлауын еске алсақ, біраз дау туғаны есімізге түседі, ақын Ақберен Елгезек те БАҚ-қа берген сұхбатында «Әр Құрылтай сайын біздің ұйымның мүшелері – қаламгерлердің ерікті таңдауына іші пысқанның бәрі араласады. Құрылтай қарсаңында небір жершілдік, рушылдық сияқты сасық принциптерге негізделген әрқилы топтар құрылып, жазушы қауымының ішін іри-тіри қылады. Жоғарыға арыз домалатып, бірін бірі тілдеп, ел алдында масқара боп жатады. Ұят!» деп еске алып, әріптестерінің әрекетіне өкінішін білдірді.

Танымал жазушы, сатирик  Бейбіт Сарыбай әлеуметтік желіде «Ол орынға отыру үшін ең әуелі шығармашылық әлеуетің болу керек. Оқырман да, қалам ұстаған қауым да сенің шығармашылығыңды мойындау керек. Әдебиет үшін сүйекті, оқырман үшін сүйікті шығармаң болуы шарт. Әйтпесе, күшті менеджер болсам болды деп кіріп келетіндей, крокодилдерді қорғау одағы емес бұл. Екіншіден, әрине, күшті менеджер болуың керек. Үшіншіден мысың (медь емес) болуы керек. Жоғары билікті өзіңмен санастыра алмасаң бәрі бекер. Министрлер мен облыс, қала әкімдері түгілі, үкімет басшысына тікелей телефондататын бедел керек-ақ. “Әй, Әлихан, қалдарың қалай?”,-демесең де, бүгежектемейтіндей деңгейде бол. Сөзіңді өткізе алуға тиіссің. Ол болмаса, қоя ғой. Шаруа қиын. Осы үшеуі бір басыңда тоқайласса ғана, бел шеше кіріс» деп жазба жариялап жылы орынға отыратын төрағаның да шарттарын анық айтып берді.

Айдан аса дауға айналған төраға мәселесі ертең шешілетін болады, қызықтың көкесі алда демекші ертеңгі құрылтайдыңда қызықтарын жариялайтын боламыз.

Ерзат Мұсират,

Алматы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар