//

Хан Кене атындағы қала

657 рет қаралды
Бүгін Арқа төрінен КЕНЕСАРЫ атты қала тік тұрды. Тәубә! Ел-жұртымды құттықтаймын! Осыдан 21 жыл бұрын “Тәңір сынағы” (Тәуелсіздік және Хан Кене) атты дастан жазған едім. Соның соңғы тарауын қуанышты күнге орай орайы келді ғой ұсынайын. Қабыл алыңыздар. Құттықтаймын!
****
* * *
Түк жүрек түңіліп тұр достан бүгін,
Түскендей төңкеріліп аспан күнің.
Барады боздап байқұс боздалада,
Інгендей ботасы өлген бостандығым.
Батқан кеш кірпік қақпай күн қабағы,
Ажалдың ашылып тұр кімге араны?
Ақырғы,
Ақырғы үнін Хан Кененің,
Тыңдады:
Түнек-қара,
Түн қаралы.
«Хан Кене қанатынан қайырылды,
Қасымнан
Қаламаймын қайырымды.
Алашым азаттығы әдірем қап,
Тарта алмай кетіп барам айылымды.
Аспанға атар енді бөркіңді кім,
Шыңғыртты құйын бұрап ел кіндігін.
Қара нар –
Қайран жұртым қамыт киіп,
Тұсалды, шұрғаланып еркіндігің.
Құй өкін,
Құй өкіріп жатып ауна,
Не керек түскеннен соң ақыл ауға.
Қиыны –
Қылқындырар батқан бұрау,
Алтайға,
Сары Арқаға,
Атырауға.
Тазы едім,
Қу түлкіні аттатпаған.
Қыран ем,
Қасқырлардың атқақтаған
Опырып
Омыртқасын шайнасам да,
Құмай – жұмыршағыма ас батпаған.
Жегенім желім,
Қанды ірің іштім,
Түн жортып
Кестім жолын ібілістің.
Атпай таң
Арқа-жарқа
Арқа жатар,
Ақырын көре алмадым ірі істің.
Келісті кейпіндегі күші де, есі,
Кеңесті баяғыдан кісінесі –
Даламның заңдылығын көгендеген,
Дуалға қамалғандар кісі ме осы?
Бас кеспек мына құлда кінә бар ма?
Бұғағын буған қарғы сорлы бұ да.
Ұқпады пасық манап
Мен кеткен соң,
Жанарын қасыреттің қорлығына.
Өз жұртым,
өлсемдағы ермегім сен.
Қол қосып қапияда ермедің сен.
Мен өлем,
өкінерсің,
көп татарсың,
Кенеге ермегеннің кермегін сен.
Тербе енді,
Тербе мені,
Жер бесігім,
Желменен жетер зарлы елге есімім.
Қан құсқан тарихыңның белесімін,
Қартыңның жасқа жаяр кеңесімін.
Көзі ашық
Көп сырымды ұғар бұдан,
Шашылар шар тарапқа шығар бір ән.
Аяла,
Азаттықты,
Ең әуелі,
Шегіршіл,
Іштен шыққан шұбар жылан.
Тіледім ел бірлігін әр уақта,
Хан болдым білемеген қару аққа.
Бүлдіргі бүлінгеннен алма деген,
Қолдамайд бүлінгенді Аруақ та!
Естіге
Елім мәуе,
Көл-көсірмін.
Көгерткен көтеремін көрмесін мін.
Пәктігім,
Адалдығым
сондай менің,
Бәрінің жердегінің жерлесімін.
Ішімде,
Ібілісім,
Тарпаң жауым.
Ханға да,
Қараға да
Қалқан–
Қауым.
Торындай өрмекшінің
Тәуелсіздік–
Тым оңай
Тоқуыңнан,
Талқандауың!
Байлаған шырмауықтай бұралып мың,
Бұғауын бұзар жұртым бұғалықтың.
БАЙҚАУЫ ТӘҢІРІНІҢ
ТӘУЕЛСІЗДІК
БІРЛІГІН СЫНАЙТҰҒЫН БҰ ХАЛЫҚТЫҢ!».
Мұңайып жаңа бір ой тағы туды,
Кененің омырауы ағытулы.
Жөткіріп сөйлеп кетті:
«Бір ұл туар,
Сақтаңдар,
Аман-есен сауытымды!
Абай бол,
Адым сайын
Алдыңды аңғар!
Алтын сап қылышымды қалдырмаңдар!
Жаныңды алса алсын,
Жерің үшін,
Ар,
Намыс,
Рухыңды
Алдырмаңдар!
Шаршаған енді денем алсын демін,
Кигізіп жерлеймін деп алтын кебін.
Сүйрелеп сүйегімді әурелеме,
СҮЙСІН ШЫН,
РУХЫМДЫ ХАЛҚЫМ МЕНІҢ!»
2002ж.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар