Кешеден бері желі бетінде «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясына алданып қалған 380 қазақстандық “қажылар” туралы әңгіме желдей есіп тұр. Бұған мәселеге байланысты мәлімдеме жасаған ҚМДБ Zam Zam store (Zam Zam Qazaqstan) компаниясының директоры Илиев Даниярды «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деген жала жапқаны үшін сотқа береді деп мәлімдеген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін «Zam-Zam Qazaqstan» (заңды атауы Zam Zam store) компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, мүфтият жариялаған осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, аталған фирманың қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялаған. Сонымен қатар мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталмыш «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсіріп үлгерген.
«Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген аталмыш компания жетекшісі Илиев Данияр заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз. Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған аталған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерінен әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар «мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады» деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ «жалған қажылық квоталарын» жасады деп жала жабуда. Өз кезегінде, жалған қүжаттарды жасап заңсыз жолмен қажылыққа азаматтарымызды апарған аталмыш туркомпания директоры мен басқа да жауапты өкілдеріне құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша неге тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар жәбір көрген қажылардан және олардың туыстарынан ҚМДБ-ға келіп түсуде», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының осы мәселеге назар аударып заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті заңды шаралар қолдануы керек деп санайды.
«Zam Zam store (Zam Zam Qazaqstan) компаниясының директоры Илиев Даниярды «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деген жала жапқаны үшін сотқа береді», – делінген хабарламада.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажет екенін ескертеді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық орындарын бөлу үшін ашық жариялаған конкурс бойынша 11-31 қаңтар аралығында туроператорлардан құжаттар қабылдады. Конкурсқа 20 туроператор құжат өткізді. Оның 18-і өтті. Ал екеуі туроператордың халықаралық талаптарға сәйкес ІАТА (International Air Transport Association) сертификатының болмауы себебінен конкурсқа жіберілмеді», – дейді Ағабек Қонарбайұлы.
Соның бірі – Zamzam store Qazaqstan көрінеді.
«Елге алаяқтарға алданып қалмаңдар деп бірнеше рет ескерттік. Біздің азаматтар тыңдамады. Қолдан жалған виза жасаған компанияға алданып қалды. Олар 380 адам әкелген. Қаладан шығарып тастады. Екі күн тергеу органдарында болған. Тағы да ескертеміз, тіркеуден өткен компаниялармен келу керек. Әйтпесе, арты осындай келеңсіздіктерге тап болады», – дейді баспасөз хатшысы.
Суреттер qaz365.kz сайтынан
Парақшамызға жазылыңыз