//

Қотырақ батырдың балалық шағы (Басы-1) (ұзақ әңгіме)

3744 рет қаралды
1
Көрнекі сурет. Интернеттен
КӨК ЛАҚ
Базарқұлдың баласы Қотырақтың да қозы қайыруға шамасы келетін болды. Бес-алты жастағы, тоқыр бас, серіктесіп қозы жаятын екі-үш қара домалақ  қозышылардың топ басшысы.
Кешкі қой сауыны кезінде қозы-лақтардың арасынан суырылып шығып, тоқтамайтын сумақай, зар жақ жамырауықтары болады. Топтан бөлініп үйге, қосаққа, қораға қарай қашатыны бар. Оны қайырып, бетін қайтармаса артынан ілескендері лап қойса топты тоқтату қиын, тоған бұзған судай баса көктеп бірақ кетеді. Осындай сәтте, кешкі мал сауыны кезінде қозышылар өте қырағы, сақ болуы керек. Кешікпей енелеріне жететінін мал болса да сезеді. Тебіндеп жайылмай, артына қарайлап, ауылдан «айда, айда, айда» деген дауысты естуге қозышылар да ынтық, қозы-лақ та асық. Алайда олардың бұл үміт-аңсарына қасарысқандай кейбір ылдым-жылдым қатын-қалаштар қойдың желініне кенедей қадалып, жабысып, бір сауған саулығын айналып, жебе сауып отырып алатыны бар. Осылай кеш қарайған сайын қозы-лақтар тоқтамай кетеді.
Сурет интернеттен
Бір кеште қозы-лақтар шетіне саяқтап көк лақ шықты. Өзі сүп-сүйкімді, ақ жағал. Қайырып, топтың ішіне қуып тықса да сәлдең соң маңырап, секеңдеп, сексиіп, шетке шыға келеді. Мұны көрген басқа қозы-лақтар де елеңдеп, артынан ілеседі. Қотырақ көк лақты үркітіп еді, ол жасқанып, ары таман барды да қайтадан шеттей бастады.
– Әй, шек!.. Шек кемелек!… Әй!…
– Қотырақ, көк лақты жіберме! Ұстап ал!
– Ой, ол ұстатпайды.
– Көк лақтан айырылсаң қозыларға ие болмай қаламыз. Қозыны жамыратып алсақ білесің  ғой не боларын. Қатындар қарғап, сіленіп, ағайлар ат бауырына алады…
  Қотырақ тап бір өші бардай бишігімен жерді шықпыртып-шықпыртып жіберіп көк лақты қозылардың ішіне қуып тықты. Өзі бір қой тасқа құйрығын қойып, тізесінің үстіне екі қолын айқастыра тастап, иегін қарына тіреп бүрісіп отырды. Сәлден соң көк лақ тағы да селтеңдеп, маңырап шетке сытылып шыға келді. Қотырақ бұл жолы көк лақты дауыстап қайырмады. Ол ішінен «Әй, көк лақ, үйіріңнен бөлінбе, жалғыз жүріп жол тапқанша, үйіріңмен жүріп адас. Жалғыз жүргенде қаңғыған оқ тисе көмусіз қаласың ғой… Әй, көк лақ, сорың қайнағыр» деп  жерден бір түйір тасты қармай тұрып, көк лаққа жіберіп қалды. Көк лақтан жиырма неше қадамдай ғана жер болатын. Оның қолынан шыр көбелек айнала ұшқан асықтай тас көк лаққа тиді. Торс еткен дыбыс естілді. Лақ бақ етті де сол жерде ұшып түсті. Қотырақ жүгіріп қасына жетіп келді.  Лақтың мөлдіреген жанарынан бүкіл аспан-көк көрініп, астыңғы иегі сәл-пәл қимылдап сұлық жатыр екен. Ол лақтың желкесінен ұстап көтеріп тұрғызды да қоя беріп еді лақ сылқ етіп құлап түсті. «Сорың қайнапты, сорың қайнағыр!… Жаман сөз айтпа деуші еді апам».
–  Қотырақ, не болды?
–  Көк лақ өліп қалды.
Шотпақ жүгіріп келді. Көк лақ өліп жатыр екен. Ол лақтың кішкентей мүйізінен көтере тартып, ары-бері ырғап көрді.
– Өліпті. Өз обалы өзіне. Тұштаңдап… Арам өлді ғой ие?
– Арам өлді.
– Неге бауыздамадың?
– Мен келгенде баяғыда өліп қапты.
– Бәкің бар ма?
–  Бәкім жоқ.
–  Ұрсады. Енді не істейміз?
– Ана қабақтан жыраға лақтырып жіберейік.
–  Іздейді. Сұрайды ғой. Не дейміз?
– Іздесе, сұраса айтамыз. Оқыстан, атқан тасымыз тиіп, арам қатып қалды деп. Арам өлген малдың етін жемейді деп. Ал іздемей, сұрамай жатса айтпаймыз. Ит пен құсқа да, құрт пен құмырысқаға да жем, қорек керек емес пе. Жесін. Ет жеуді тек адам тұқымына ғана бұйыртып па? –  Қотырақ тапа тал түсте ит-құс жеп кеткен тайын жоқтап кейіс білдірген иесіне әкесі Базарқұл батырдың айтып отырған тоқтау сөзін үзіп-жұлып қайталады.
Құйма құлақ тұп-тура, сөзбе сөз қайталар еді. Бірақ, көк лақ пен көк қасқа тай сәйкеспей қалды. Әкесі сөз аяғында «Үйір-үйір жылқыңды жау айдап кетіп, еріңді арқалап, жаяу қалғанда да жаның шықпаған. Бір тайдан болып өлейін деп пе едің» деген. Әрбір жасалған қылмыс жазалануы керек. Көк лақты өлтірген қылмыскерге кесілген жаза, құныкеріне берілген жауап әлгіндей болды.
Шотпақ пен Қотырақ лақты төрт аяғынан ұстады да жар қабақтың шетіне апарып, ырғап-ырғап тұрып төменге қарай лақтырып жіберді. Бұл жаугершілік заманда жарық дүниеге келген, обал мен сауапты ажыратуға ойы жетіле бермеген, оспадарлыққа оңтайлы өскін, арда емген тайдай толық, толған торсықтай Қотырақтың алдағы жүз жылдық ғұмырының қанды кешулер жолына шалған тұңғыш құрбандығы еді.
(Жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар