////

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

4145 рет қаралды
 БИЕ БАУ БАСЫНДА (жалғасы 3)
Он алты әлде он жеті жасқа келіп қалған Аязбай Базарқұл батырдың жылқысын баққанына биыл екінші жыл. Қармаулы жігіт. Нешеме рет өзі тіленіп соғысқа барамын дегенде «жарлының жалғызы ғой» деп ауылдың атқа мінерлері ілестірмеген. Бұл күнде тебіндеп мұрт, үрпиіп сақал шыға бастаған. Ала жаздай ала таңның атысымен тұрып, жылқы жиып, бие байлап, бие сауып, күні бойы бие баудың басында жатады.
Арасында ауылдың түселдерін күтіседі. Әкесі жаудан, шешесі аурудан өлген тұл жетім. Кең қолтық Жәнтекейдің Сүйінбай атасынан тарайтын он бір Сәменбеттің бірі  Есентайдың ұлы Базарқұл батырдың бәйбішесінің қолында қол баласы болып өсті. Қолқанат. Қорадағы қой ғана емес бұл күнде Базарқұл батырдың көк ала үйірінің көз, құлағы да Аязбай. Атасы басқа, ес білгенде осы ауылға келгенімен жақсы, жайлы ананың мейірім-шапағатының арқасында өзін жат санамайды.
Бірақ, бір шаңырақ құлап, бір үйдің түндігі мәңгіге жабылып қалмасын деп қайсар ана үнемі ескертіп, кімнің баласы, кімнің туысы екенін ылғи құлағына құйып отырды. Және ер жетіп кәмелет жасқа толғанда  ауылының бір қызын алып беріп, жеке отау көтеріп бермек ойы да бар-ды.
Ал Қотырақ болса Аязбайды баран тартып, бие баудың басына жиі келеді. Жай келмейді, торғай аңдыған мысықша жер бауырлап ұрланып жақындайды. Күбіні тасалай отырып қолын аққу мойынындай иіп әкеліп саумалға матырып жіберіп бір уыс көбікті бұрқыратып алып шығып ұрттай жалайды. Бұнысы  Аязбайды аға тұтып еркелегені ме, әлде  қитығына тиіп жындандырудың бір әдісі қылып машықтанып алғаны ма, бір үйдің екі баласының қылығының байыбына бару қиын. Өйткені бір табақтан ас ішіп, бір үйде түнеп шығатын бұл екеуі нағашы-жиендей қалжыңдасып, жезде мен балдыздай жағаласып ойнайды. Қотырақтың бие баудың басына бір соғып, соқтығып кететін кезін, қыңыр қылығын Аязбай да күтеді. Бала болса да оны ермек етіп, бір сауын уақытын қызықпен өткізеді.
–  Әй, Қотырақ, көріп тұрмын. Көбік жаламасаң көңілің көншімейді ә? Кет әрі, – деді биенің бесін сауынын сауып жатқан Аязбай дауыстап.
– Көбік жаласам көңілім өседі.
– Әй, осының сөзі мірдің оғындай. Сенің көңілің емес әнеу жерің өсетін шығар,- деп Аязбай анадайдан сұқ саусағын шошайтып оны нұсқады.
– Қай жерің дейсің?
–  Әнеу жерің.
– У-ха-ха….Ұят-ай, ұят-ай… Сен немене көбік жалап  өсіріп пе едің?  У-ха-ха….
–  Әй-әй, ей. Таяқ жейсің. Бармақтай болып алып сөз қай жеріңнен шығып жатады?! Қане, тая. Бері таман. Бер кел. Көрсетейін.
–  Қуын қара.
–  Көнекті басыңа кигізе салайын ба?–  деп Аязбай сауып отырған  биесінен шегініп тұрды да тап берді. Қотырақ сықылықтай күліп, секектей жүгіріп,  анадай жерге барған соң тоқтап, кері айналып, талтая шабынып тұрып екі қолына кезек түкіріп:
– Түфу мә!–  деп әуелі оң, сонан соң сол қолын шығарды, ыржиып.
–  Тұра тұр бәлем, қолыма түсерсің, ыстығың асты… Әй, Қотырақ, бүгін сені қойыныма алып жатпаймын, жалғыз жатасың, –  деп дауыстай сөйледі. Кейде ол ойнағансып, Қотыраққа тырнағын батырып қоятын кездері де болады. Аязбай «сені ме бәлем, қолыма бір түсерсің, сазайыңды тарттырам» деп іштей күле жымыңдап, құлын тартып тұрған Баянға жақындады.
–  Баламен бірге бала боп, не болды? Өгіздей боп бармақтай баламен ойнағаны несі? Босқа боқтық естідің. Батырдың баласына соқтығып нең бар еді. Бие исініп кетті ғой,–  деп ұртын бұлтитып ренішін білдірді.
–  Батырдың баласы дейсің бе? Ал менші?
– Сен бе, сен…,–  деп барып, көмекейіне келіп қалған бір сөзді айтып қала жаздаған Баян ұялып төмен қарады. Айтып қалса да, оған Аязбай шамданбас еді. Ауылдың жоқтан өзгеге назаланып, тұлан тұтып жүретін кәркіс, шайпау қатындарынан бейәдеп, қарғыс сөздің талайын естіп өсті.
«Қу жетім» дейді. «Қаршадайынан әке-шешесін қатар жұтқан «жалмауыз» дейді. Тіпті айдалада біреу әлдекімді сілеп жатса да өзіне бағышталып айтылып жатқандай көретін. Оған еті өліп кеткен. Құлағына да ілмейді. Ондайда тас керең болып қалады. «Жарлы байып, жас өсіп, жарты бүтінделмей ме» дейтін апасының –  Базарқұл батырдың бәйбішесінің сөзі жан рухын жасытпайтын қорғанышы еді. Жақсы сөзден жасанды сауыт киіп алған. Сол бір көрікті сөз көлденең тікенекті сөздерді көкейіне өткізбейді. Оны басынан кешпеген он үштегі Баян қайдан білсін.
Шынтуайтында ол да жетім. Оның да әкесі жауда өлген. Бұл 1735 жылдардың шамасы ғой. Қалмақ пен қазақтың соғысында. Бірақ Аязбайдай тұл жетім, біреудің босағасында жүрген жоқ. Шешесі бар, бақытты. Өз үйі, өлең төсегі бар. Еркелейтін, еркелететін анасы, аунайтын төрі бар, Баян жетімдіктің не екенін білмейді-ау, көңілі тоқ, қайғы-уайымы  жоқ жандай жайдары жүреді. Баянды ешкім де жетім демейді. Жетім деп жер-жебіріне жетпейді. Баянды «жалмауыз» деп жатқан бір жанды көрмепті. Өйткені оның анасы, шешесі бар. Анасы бар баланы ешкім жетімге санамайды. Ал Аязбайдың санасынан «тым болмағанда анам болғанда ғой» деген ой өзімен бірге жасасып осы күнге жетті. Баян өзін жетіммін деп ойлап көрмепті.
Биылғы жаздан бері Аязбайға көмекші болып, қолғабыс жасап, ара-тұра қолы босай қалса құлын тартып береді. Кейбір емшегі жұмсақ мама биелерді сауып та қояды. Аязбайды жақсы көреді. Аязбай да Баян десе бауыр еті езіліп тұрады. Бір өтінішін қалт жіберген жері жоқ. Бір арқа отын әкелсе бір уысын Баянға беріп кетеді. Оны өгей шеше білсе де, ол бір мың болғыр қабақ шытпай, іштей ұнатады. Түбінде осы екеуін жарастырсам деп ойлайды.
Ал Баянның «бармақтай» деп тұрған баласы болса өзімен шамалас, ұзаса бірер жас қана айырмасы бар шығар. Оның «бие исініп кетті», яғни бие сүтін бойына жиып алды дегеніне жымия қарап, оған өзінің билігі жүретінін көрсеткісі келді.
       –  Үндеме. Батырдың баласы саған бармақтай көрінді ме? Сенімен жасыт, сенің құрдасың емес пе?! Оның тәубәсін бір есіне түсіремін. Саған тиісе ме? Тиіссе маған айтып қой.  – Баян тіл қатпаса да, өзіне қамқор, ағалық мейірімін әр сөзінен сезінеді. «Екеуің бірдейсің, теңсің» деп тұр ғой. Баянның екі беті балбұл жанып, иығымен екі жаққа ырғалып, еркелеп, күлімсіреп тұрды. Ол бауырына тартып, құшағына алып, қатты қысып, маңдайынан иіскесе де кет әрі демес еді.
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар