/////

Роза ХАДЖИ-АХМЕТОВНА, Мүгедектігі бар адамдардың мәселесі бойынша Жетісу облысы әкімінің кеңесшісі: Мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана кезегін жалпы тізімге қосу дұрыс емес

3005 рет қаралды

Мінбер.кз сайты біраз уақыттан бері «Мүгедектігі бар жандардың мұңы» жобасымен мақалалар дайындап жүргенін білесіздер. Бүгінгі кейіпкеріміз – мүгедектігі бар адамдардың мәселесі бойынша Жетісу облысы әкімінің кеңесшісі Роза Хаджи-Ахметовна. Біз Роза ханыммен сұхбаттасып, ол кісінің міндеті мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі жөнінде әңгімелестік.

МҮГЕДЕК ЖАНДАРҒА КЕҢЕСШІ БОЛУДЫ ҮЙРЕТЕТІН КУРСТАР ДА ЖОҚ

– Әкімдік жанында мүгедектігі бар адамдардың мәселесі бойынша кеңесші болатынын көп адам біле бермейді. Ондай кеңесшілердің міндеті не? Кімге кеңес береді?

– Алматы облысы әкімдігінде Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі жөніндегі кеңесші болып 8 жыл жұмыс істедім. Облыс екіге бөлінген соң, Жетісу облысында қалдым. Мұндағы басты жұмыс – ақпарат жинау және негізгі бағыттар бойынша ұсыныстарды тыңдау. Конвенцияны іске асыру, қолжетімділікті бақылау.

Қолжетімділікті бақылау – ең күрделі, ең маңызды жұмыс. Жыл сайынғы бюджетті жоспарлауға, қоғамдық кеңеске қатысамын. Менің ойымша, әкімнің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі – мүгедек болу керек. Себебі өзінің мүмкіндігі шектеулі адам ғана мәселені нақты көреді. Жан-жақты талқылай алады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі өте көп, бірі шешіледі, бірі шешілмейді. Әкімдікке арқа сүйеп келетін адам да аз емес. Олардың әрқайсысының мәселесіне барынша кірісіп, шешуге күш саламыз. Тіпті кейде қарапайым дәрі-дәрмек ала алмадық деп келетін жандар бар. Енді бірі ем алайын десе ауруханаға орналаса алмайды. Бір жағдай бір жағдайға ұқсамайды, әрқайсысы өзінше күрделі. Кеңесшінің жұмысы – осындай мәселелерді шешуге көмектесу. Менің телефоным 24 сағат қосулы, қандай күрделі мәселе болса да, шешуге тырысамын.

– Әр аудан, әр облыс әкімшіліктерінде осындай кеңесші бар ма?

– Жоқ, барлық жерде емес. Алматы облысының орталығы – Қонаевта бар. Өкінішке қарай, аудандар мен ауылдарда жоқ. Қоғамдық кеңеске мүше болған кезімде аудан әкімдері жиналғанда олардан «Неге ауылдық жердегі білімді азаматтарды мүгедектерге кеңесші етіп алмайсыздар?» деп сұрағанмын. Әкімдер құлықсыз. Оған қоса, мүгедек жандарға кеңесші болуды үйрететін арнайы оқу орны немесе мекеме, тіпті курстар да жоқ. Кеңесші, біріншіден, заңды білуі керек, ал заңды мүмкіндігі шектеулі жандар түгілі он екі мүшесі сау адамдар біле бермейді. Сол себепі кеңесші болуға көп адамның тәуекелі жетпейді. Қазақстан бойынша тек кейбір әкімдікте ғана кеңесші бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға кеңесшілерді дайындайтын арнайы мектептер болса деген жеке ойым бар. Ол – қоғамға өте қажет маман.

– Кеңесші алу жергілікті әкімдіктің жеке шешімі ме?

– Негізі, көбіне мүгедектер аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарына барады. Әкімдер жұмыспен қамту орталықтары мәселені шешсе, «Бізге не үшін кеңесші керек?», – деп ойлауы да мүмкін. Бір жағынан жұмыспен қамту орталығында отырғандардың барлығы мүгедектігі бар жандардың мәселесін білмейді. Егер жастарды бір орталыққа жиып, кеңесші болуға жақсылап үйретсе, жұмыс берсе, кеңесші болуға келісетін адамдар табылар еді.

Бізде Қазақстандағы кеңесшілер отыратын ортақ уатсап чат бар. Сол жерде бір-бірімізбен пікір алысамыз, жағдайды талқылаймыз. Заңға сәйкес келмейтін тұстарды ескеріп, шешу жолын қарастырамыз. Үкімет барынша жағдай жасап жатыр, көп мәселе адамдардың құқықтық сауатына  байланысты. Жұмыс жасаймын деген адамға мүгедектік те кедергі емес және әр жерде есік ашық.

СУРЕТІНЕ ҚАРАП ҚАЛАЙ ҚОЛАРБА ТАҢДАУҒА БОЛАДЫ?

– Сіздердің өңірде халық саны көп екені белгілі. Мүгедектігі бар адамдар саны қанша?

– Алматы облысы бойынша 66 мың мүгедек жан бар. Ал тек Жетісу облысы бойынша 2 835 мүгедектігі бар адамдар тіркелген. Оның 12 800-і ер адам, 9900-і әйел адам. Балалардың саны 1 803. Өкінішке қарай, бұл тізім күннен-күнге артып жатыр. Халық арасында құжаты жоқ мүгедектер де бар. Олардың құжатын жасау, мүгедек деген мәртебе алу үшін құжат жинау өте көп уақыт алады. Мүгедектер санының көбеюіне жол апаты мен өндірістегі төтенше жағдайлар себеп болады. Үкімет құры қарап отыр деуге болмайды, көп жағдай жасап жатыр. Жұмысқа барам десе апарып әкелетін инватакси де берді. Тіпті жеке көмекшіге дейін бөліп отыр, оған да мемлекеттен қыруар қаржы жұмсалады.

Қазір менің көңіліме сыймайтын нәрсе – әлеуметтік портал. Бұрын бізде Әлеуметтік қорғау департаменті барлық құжатты жинап, адам санын біліп, кімге не керек екенін жинастыратын. Ал қазір мүмкіндігі шектеулі жандар өзіне керегін портал арқылы алады. Мәселен, бірнеше қоларбаның суретін қойып, соның ішінен таңдап алуға болады дейді. Қоларбаны суретіне қарап қалай таңдауға болады? Мен соны түсінбеймін. Біреудің аяғы ұзын немесе қысқа. Портал арқылы тапсырыс беріп, бірнеше күннен кейін келген арба адамға сай келмеуі мүмкін. Мүмкіндігі шектеулі адам арбаға отырып, ыңғайлы ма, ыңғайлы емес пе, көріп қана алуы керек. Он екі мүшесі сау адам өзіне қажет затты дүкенге барып қалай таңдап алса, мүмкіндігі шектеулі жандар да өзіне қажет заттарды ұстап көріп, шақтап алса деп армандаймын.

Келер жылы аудандарда осындай бір орталық ашылады деп жатыр. Сол орталыққа тезірек қолымыз жетсе екен деп отырмын.

– Роза ханым, осындай мәселелерді шешу үшін бір орталыққа немесе белгілі бір жұмыс топтарына жүгінесіз бе?

– Негізі әркім өзінше жол іздейді ғой. Мен қоғамдық кеңеске барамын. Кеңес ашылған кезде жұмысына қатысқанмын. Алғаш түрлі әкімдер, департамент бастықтары жиналатын. Мен оларға мәселені жан-жақты айтып беретінмін. Сосын олар маған көмектесетін.

Ең үлкен көмек инва таксидің берілуі еді. Әкімге кіріп мүгедектігі барлар баратын жеріне қиналмай баруы үшін инва такси болуы керек қой деп айтқан едім. Екі айдың ішінде мәселе шешіліп, қалаға жиырма үш инва такси берілген еді. Бұл мен үшін өте жақсы жетістік болды.

– Сонда инва таксилердің барлығы мемлекеттің тапсырысымен жұмыс істей ме?

– Бұрын мемлекеттік сатып алумен жұмыс істейтін. Ол кезде жұмыс жеңіл болатын. Қазіргі жағдай мүлдем өзгеріп кетті. Биыл инва таксидің жұмысын ашық конкурсқа жібере салды. Ашық конкурсқа кез-келген мекеменің (жекеменшік) кіруге мүмкіндігі бар. Соны пайдаланып, Талдықорғандағы ашық конкурсқа Ақтөбе, Шымкент тағы да бір облыстың адамдары  қатысты.  Кірсін, менің ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ конкурсты ұтып алған соң, қаланы білмесең, көшені білмесең, мүгедектердің тізімі жоқ болса, қалай болады? Жобаға қол қойсаң, ертеңнен бастап жұмыс істеу керек емес пе?! Бұл қалада тұрақты үйің де жоқ, пәтер де, кеңсе де, көлік те жалдамалы болады. Құдай қаласа Астанаға барғанда осы мәселені министрлік өкіліне жеткізейін деп отырмын. Бұл конкурста техникалық сипаттама талабын күшейту керек. Біріншіден, ол аумақтық болуы керек. Мысалы мен Жетісу облысында тұрамын ба, Жетісу облысының барлық мүгедектер қоғамы өздерін сынап көрсін. Көліктері болса, отыратын кеңсесі болса, кірсін. Ол – бәсекелестік. Бірақ бір облыс бір облысқа кірмесін.

– Сіз басшылық ететін кеңсе әкімнің қарамағында ма? Әкімнің өзіне не ұсынасыз? 

– Біздегі ең маңызды мәселе пәтер алу ғой. Өзім тұрғын үй комиссиясының мүшесімін. Талдықорған қаласында 10-15 жыл бұрын пәтер алған адамдар осы жылдар ішінде пәтерді заңдастыра алмаған. Оның себебі де сан түрлі. 10-15 жыл бұрын кезекке қағаз жүзінде қойған, ал ол қағаздар жоғалып кеткен. Үңіліп қарасақ осындай мәселелер өте көп, оны үңіліп көрген, байыбына барған адамдар ғана шеше алады. Одан кейінгі өзекті мәселенің бірі – оңалту орталығының жоқтығы.

ЕМ ҒАНА ЕМЕС, ОҢАЛТУ ДА ӨТЕ МАҢЫЗДЫ

– Ересектерге ме, әлде балаларға ма?

– Балаларға бар. Ол да жетіспейді. Балаларға да, үлкендерге де үлкен оңалту орталығы болса екен деп армандаймын. Өзімнің ауырғаныма 35 жылдай болып қалды. Сол кезде осындай реалибитация орталығынан ем алу үшін бүкіл дүние жүзін аралап шыққанмын. Бұрын Қарағанды қаласында болатын. Арбада отырғандар бір есіктен кіріп, екінші есіктен таяққа сүйеніп шығатын. Жарақат алған адамдарды оңалту шаралары үнемі жүргізілмесе, бүгін емделіп, ертең қалып қалса, ол жүре алатынын ұмытып қалады. Оларға массаж, лфк, жүзу, неше түрлі ем жасалса нәтиже болады. Ауруханада дәрігерлер қолынан келгенше сынық сүйектерді жинап салып береді ғой. Үйге барғанда ол адам жатып қалады. Ал оңалту орталығы болса, бірталай адам жазылып кетер еді. Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Ғаббасұлы орталық салып беремін деп уәде беріп еді. Ол зейнетке кетті, одан облыс екіге бөлінді. Келешекте Талдықорғанда оңалту орталығы ашылса деген арманымнан әлі де бас тартқан жоқпын.

Екіншіден, бізде Елдос Баялышбаев деген жас жігітіміз бар, өзі қол арбада, үйленді, екі баласы бар. Кәсіпкер ретінде 1200 шаршы метр оңалту орталығын ашты. Оңалту орталығы сүйегі қатпаған балаларға өте қажет. Жарақат алған баланы оңалтуды ерте бастаса сүйегі ерте бітіп кетеді.

– Үй кезегіне қайта оралсақ. Бұл тұрғыда тек қана сіздердің өңірде ғана емес, барлық өңірде шу көп…

– Бұрын кезек әр категория бойынша әртүрлі болатын. Мысалы Ұлы Отан соғысының ардагерлері бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар бөлек болатын. Кейін біріңғай тізім жасап әлеуметтік осал топ деп барлығын біріктіре салған. Көп балалы аналар мәселе көтерген соң, оларды бөлек қойды. Мүгедектерді жалпы тізімге қоса салған ғой. Мәселен бір мүгедек адам 10 жыл бұрын үй кезегіне тұрады, құжаттарды өткізіп қояды. Енді әупірімдеп 10 жылды күтеді, содан кейін кезегі 55 ші орынға жылжыды деп қуанса, жаңа тәртіп еніп, бір күнде 506 кезекке сырғып кетеді. Бұл нағыз қиянат қой.

Мүгедек адамдардың кезегін жалпы тізімге қосу дұрыс емес. Арбаға таңылған адам жүре алмайды, оның үйіне арнайы дәретхана, ванна керек. Олардың есігі кемінде 80 см болу керек. Ол өздігінен жүре алмаған соң, отбасында қиындық туады. Олардың көбі пәтер жалдап тұрады. Жалдамалы болған соң пәтердің есігінің көлемін өзгерте алмайды. Пәтердің есігі де 40-50см коляска кірмейді, не ваннаға кіре алмайды. Екіншіден, пәтер жалдаудың құны 70-100 мың тұрады.

Оған пенсиясы жетпейды. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана кезегін жалпы тізімге қосу қате. Сосын бізде 3 топтағы мүгедек жандарға пәтер берілмейді, Олар тіпті кезекке де тұра алмайды. Бұл шешімді мен еш түсінбедім. Мүгедек деген анықтама кім көрінгенге берілмейді ғой?.. Бұл мәселені екі жыл бойы айтып келе жатырмын. Қол-аяғы сау, көзі көретін, бірақ құлағы естімейтін адам 3-топтағы мүгедек болып есептеледі. Оларды жұмысқа алмайды, себебі естімейді, қарым-қатынас жоқ. Алып отырған жәрдемақысы 40 000 теңге. Ойлаңызшы оған қалай күн көреді?..

– Мүгедектігі бар адамдар сізбен қалай хабарласса болады? Олардың сізден сұрайтыны көп қой?

– Мені Жетісу облысында танымайтын адам жоқ. Әлеуметтік желі арқылы не істеп жүргенімді көрсетпеймін. Ол – күнделікті атқарыла беретін жұмыс. Бізде мүгедек жандар бір-бірімен араласады, танитындар танымайтындарға менің нөмерімді береді. Содан жөн сұрасып, мәселені шешуге талпынамыз. Мәселе тез шешілетін жағдайлар бар, шешілмейтін де жағдайлар бар. Дегенмен, күннен күнге жағдай жақсарып келеді деуге негіз бар. Менің ауырғаныма 30 жыл болды, отыз жыл бұрынғы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдаймен салыстырсақ көп нәрсе бар. Бәрі адамға, оның өз құқығын дұрыс талап етуіне байланысты. Биыл мүгедек адамдарға 20-50 шақты грант бөлінді. Қандай керемет! Біздің уақытымызда ондай нәрсе болған жоқ қой.

– Мемлекет тарапынан ба?

– Облыстық әкімшілік тарапынан. Оған өтініш беруге 5-6 бала ғана барды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, көп адам жоғарғы білім алып жатыр. Ертеңгі күні олар жұмыспен қамту орталықтарында, ауруханаларда қолайлы шартпен жұмыс тауып, семьясын асырап жүрсе керемет емес пе?!.

– Бізге сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіру ісіндегі еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбатты жүргізген Жанар Оспанова, 

Мәтінді түсірген және редакциялаған: Назым Дүтбаева

 

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар