////

Сақалды құрылыс БАКАД жолы қашан пайдаға беріледі?

3054 рет қаралды

Алматы қаласының маңында үлкен айналма жол құрылысы жүріп жатыр. Ел аузында “БАКАД” деп аталып кеткен жол – мегаполис үшін ғана емес, барлық еліміздің жол саласы бойынша маңызды жоба. Құрылысы 6 жылға созылған автомобиль жолы, осы жылдың соңында пайдалануға берілмек.

Айналма жол – қала көшелерінен кептелісті азайту мақсатында, елді-мекендер арқылы өту үшін жасалынады. Бұл жол қаланың өтпелі көшелерін транзитті көліктерден арылту мақсатында жобаланған. БАКАД Алматы облысының Қарасай, Іле, Талғар аудандары  арқылы өтеді.

Негізі оның салыну жоспары 2002 жылдан басталған. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысына байланысты 2008 жылы Алматы қаласының әкімдігінің шешімімен біраз уақытқа тоқтатылды. Кейіннен 2018 жылы жол құрылысы қайта қолға алынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының премьер министрінің сайтында жарияланды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫС

БАКАД жол құрылысының жоспары құрылып, салынып келе жатқанына 21 жыл болды. Құрылыстың осылай ұзақ жылдарға созылу себебі, 2002 жылдан бері бірнеше рет қаржылық тапшылыққа ушырауы еді. Кейіннен, инвесторларды табу үшін министрлер кабинеті бизнеске деген көзқарасын түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдады. 2012 жылы жобаны дайындау және қолдау үшін, дәлірек айтсақ, шетелден инвесторларды тиімді іздеу үшін Қазақстан Халықаралық қаржы корпорациясынан (IFC) 1,3 миллион доллар көлемінде грант алды. Республика қазынасынан тағы 700 мың доллар бөлінді.

Үкімет ХҚК және Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) ынтымақтастық туралы арнайы меморандум жасасты. Қазақстандық шенеуніктерге инвесторлар табу үшін және оларды қызықтыратын қаржылық жағынан тартымды концессиялық ұсыныс жасау үшін екі жыл қажет болды. Нәтижесінде, серіктестер табу науқаны Лондондағы ЕҚДБ штаб-пәтерінде инвесторларға ұсынылған БАКАД жобасының тұсаукесерімен аяқталды.

Тұсаукесерде басты сөз сөйлеген сол кездегі Ұлттық экономика министрлігін басқарған Ерболат Досаев болды. Ол бірден 100 шетелдік құрылыс және инвестициялық компания өкілдерімен келіссөз жүргізді. Нәтижелер туралы Батыс баспасөзіндегі шолуларда жарияланған.

Лондонда өткен БАКАД жобасының презентациясы

БАКАД-ТЫҢ БАС ЖОСПАРЫ

БАКАД – санаты ең жоғарғы “1А” және ұзындығы 66 км. Ал кеңдігі жағынан 6 жолақтан тұрады. Жоспар бойынша 21 көпір, 8 екі деңгейлік жол айрығы, 2 эстакада, 18 жол өтпесі, 168 су құбыры салынуы керек болған. Жол құрылысы басталғаннан бері, бастапқыдағы бұл жоспар бірнеше өзгеріске ұшыраған. Себебі, айналма жол кейбір елді-мекендерді бөліп, ауылды жерлерге жаяу жүргіншілердің жолын салу керек болса, кей жерлерге жерасты өткелдері салынған.

Бакад автожолының маршруты

БАКАД жолы, Республикалық маңызы бар 5 автомобиль жолын, жергілікті маңызы бар 14 жолды, сонымен қатар 8 дала жолын кесіп өтеді. Алматы облысы, Қарасай ауданы. Қырғауылды кенті – БАКАД жолының басы.

Жобаланған айналма жолдың сызбасы

 АЛМАТЫНЫҢ АЙНАЛМА ЖОЛЫ ЖАЙЛЫ

2019 жылдан бастау алған жол құрылысы ақылы болатыны айтылды. Сонымен қатар, Асқар Мамин 2021ж премьер министр қызметінде жүргенінде, Алматы қаласына келіп, автожолдың құрылысын өз көзімен көріп кеткен. Мамин жол құрылысын тексеріп, ондағы ахуалды білген соң, жобаны өз мерзімен ертерек 2 жыл бұрын аяқтауды тапсырды. Яғни 2022 жылдың соңында жол пайдалануға берілу керек еді.

Айта кету керек, бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ Еуразия даму банкі қаржыландырады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңгеге жеткен.

Бірнеше жылға созылған құрылыс аяқталуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сөзінше, 2023 жылдың екінші жартысында жол пайдалануға беріледі. Жалпы құрылыс аяқталып, қазіргі таңда тек абаттандыру жұмысы қалған. Осыған орай, автомобиль жолдарының комитеті үлкен Алматы айналма жолымен көліктің жүру құнын белгілеген. Жүргізушілер жол ақысын өткен сағатына немесе бір айға төлей алады. Немесе 1 жылға бірден абонементтер де сатылады. Министрлік ұсынған баға Ашық НҚА порталында қызу талқыға түсті. Жүргізушілер бір сағат жүруге бекітілген жол құны қымбат дейді.

Асыл арман шағын ауданының тұрғыны Нұрбек Жұман БАКАД жолына қойылып отырған бағаны қымбат деп есептейтіндердің қатарында. Себебі Республикалық маңызы бар, бәріне ортақ автожолдың бағасы, бір рет жүріп өтуге жеңіл көліктер үшін 241 тг бекітілген. Сонымен қатар, жүрілген жолдың әр сағатына жол ақысының үстіне қосылып отырады.

– Бізге осы БАКАД жолымен ары-бері қатынау тиімді. Бензинге де шығын болмаймыз және жолы да жақсы. Жол біткенше 1 жылдай жаман тесік жолмен жүруге мәжбүр болдық. Бірақ жолды салып жатқандар, біткен соң бірден қолданысқа беріледі,- деп еді, – Сол үшін шыдап, жаман жолмен жүре бердік. Енді міне, жол бітіп ары-бері еркін жүре бастағанымызда қайтадан жауып тастап отыр. Ескертіп жапса жарайды дейміз ғой. Тіпті ескертпеді. Таңертең жұмысқа шығып келе жатсақ, жол жабық тұрады. Амалсыз айналып, Райымбек даңғылына түсіп баруға тура келеді. Олай барғанымыз алыс сонымен қатар кептеліс. Енді тезірек жол қайтадан ашылса екен деп отырмыз. Сонымен қатар, бекітіп қойған жолдың бағасы да қымбат. Бір сағатқа 241 теңге. Егер мен көлігім бұзылып 5-6 сағат жолдың бойында тұрып қалсам, қаншама ақша төлеу керек боламын. Маған бір жылға төлеп қою да тиімсіз. Жыл бойы тек БАКАД-пен жүрем деп ойламаймын. Сондықтан үкімет мына қойған бағаны өзгертуі керек. Бензин күннен күнге қымбаттап жатқан уақытта мына баға өте тиімсіз.

Алматы қаласы мен облысының тұрғындары бекітілген жолдың бағасына наразылықтарын білдіруде. Жанар-жағармай қымбаттаған уақытта, жолға төленетін төлем де қымбат болса, жүргізушілерге жығылған үстіне жұдырық болмақ. Сондықтан біз, “бұл бағалар осымен қала ма әлде алдағы уақытта өзгертілуі мүмкін бе?”,- деген сұраққа жауап іздестірдік. Кейіннен Алматы облысының әкімдігіне байланысқа шығып, автомобиль жолына жауап беретін маманнан сұхбат алдық.

– БАКАД жолының төлем жүйесі бойынша автомобиль жолдары комитеті, мамырдың 24- 26 аралығында аймақтарда тұрғындармен кездесулер өткізді. Қазіргі жол төлем бағасын әркімнің қалтасы көтере бермейтіні түсінікті. Сондықтан жергілікті халық үшін міндетті түрде айналмалы жолды қолдануға жеңілдіктер қарастырамыз, – деді, Алматы облысының автомобиль жолдарының бөлім басшысы А. Амангелді.

ҮЛКЕН АЛМАТЫ АЙНАЛМА ЖОЛЫ НЕ БЕРЕДІ?

Алматы қаласына «кіреберіс» болып табылатын негізгі жолдарда көлік кептелісін азайтады. Көлік қызметтерінің сапасын арттырып, апаттар деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жол аяқталғаннан кейін, шағын және орта бизнеске кәсіптерің оңалтуға үлкен мүмкіндік береді. Елімізде көлік логистикасы жоғары дәрежеде дамитын болады.

Айдана Игібай, 

СДУ “Журналистика мектебінің” 4-курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар