Алматы әкімдігі жыл сайын мереке күндері қарсаңында қала көшелеріне ілінетін тулар мен жалауларға қыруар қаржы жұмсайды. Биыл да қала әкімдігі осы мақсатта екі сатып алу өткізген. Екі келісімшарттың жалпы бағасы 150 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қаржыға қанша ту мен жалау ілінуге тиіс, олардың ілініп тұру мерзімі қанша күн, тулар мен жалаулар қаланың қай көшелеріне ілінеді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.Биыл 28 ақпанда Алматы қаласы мәдениет басқармасы «Алматыгороформление» компаниясымен 75 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Портал мәліметінше, мердігерге бұл қаржы 2023 жылы алты мереке (Наурыз, Отан қорғаушылар+Жеңіс күні, Мемлекеттік рәміздер күні, Конституция күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні) қарсаңында қала көшелеріне мемлекеттік ту ілгені үшін төленеді. Тулар осы алты мереке қарсаңында Шығыс айналма жолына, Әл-Фараби даңғылына және Бұқтырма көшесінде бірнеше күн қатарынан ілінуге тиіс. Келісімшарттың техсипаттамасына қарағанда, әкімдік мердігерге әр мереке сайын Шығыс айналма жолына 120, Әл-Фараби даңғылына 54, Бұқтырма көшесіне 82 ту ілуді тапсырып отыр. 75 млн теңге қаржы бөлінген тулардың әр мерекеде нақты қанша күн ілінетінін төмендегі инфографикадан көре аласыз.
Құндызай ӨТЕГЕН,
Алматы қаласы