Жаңақала ауданының орталығынан 38 шақырым жерде өз заманының озық күйшісі Мәмен Мұратұлының және композитор, ҚР еңбек сіңірген қайреткері Тұяқберді Шәмеловтің зираты орналасқан. Екеуінің де кесенесі тұр. Облыстық, республикалық байқаулар болған кезде қатысушылар тоқтап, қасиетті Құран аяттарынан дұға бағыштайды.
Ауданымызға келетін қонақтар да жиі баратын орын десек қателеспеймін. Өзім де ара-тұра тоқтап, зиярат етіп, дұға бағыштаймын. Жуырда көлігіммен келе жатып, қос кесене орналасқан жерге тоқтадым. Білетін сүрелерімді оқып, Құран бағыштадым. Тұяқберді Шәмеловтің кесенесінің есігі сынған екен, есіктің әйнегінен дым қалмаған. Кесене сырты қоршалған, оның іші толған тікенек пен арам шөп. Аяқ алып жүру әсте мүмкін емес. Отыратын орындықты да көңіл жықпастықпен үш тасты біріктіріп жасай салған. Түнде түсіп тұратын жарықтың жағдайы да мәз емес. Біреуі аспанға, екіншісі далаға қарап тұр. Артқы қоршауы жартылай құлап қалған. Көзіммен көргендерімді смартфоныма шырт еткіздім. Осы жерде туып өскесін, бұл жердің әр тасы мен үшін маңызды. Сол себепті қолға қалам алып, мақала жазуды жөн санадым. ҚР Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі ардагер журналист Закария Сисенғали ағамызға хабарласып, көзбен көргендерімді айтып бердім. Ол кісі бәрінен хабардар екен.
«Айтудай-ақ айтып келемін»
– Жауғашты руының біраз адамы жиналып, Мәмен бабамыздың басында ас берді. Сол кезде Тұяқберді Шәмеловтің кесенесінің есігі жұлынып қалғанын көрдім. Артқы ауласының қоршауы құлап қалған. Таяуда ғана Ақұштап Бақтыгереева апамыз ауданымызға келіп кетті. Ақын апамыз ауданымызға арналған сапарын Мәмен мен Тұяқберді күйшілердің кесенесіне зиярат етуден бастаған болатын. Осы екі аралықта біраз уақыт өтті. Ештеңе жасалмапты.
Содан кейін аудан әкіміне айттым. «Бұл жөнінде тапсырма беремін, бақылауымда болады» деді аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев. Қателеспесем, екі кесене де ешбір мекеменің қарауында емес. Айналасы да тазаланбайды. Сиырдың жапасынан көп нәрсе жоқ. Аяусыз өскен арам шөбінің өзі шабылмайды. Айтудай-ақ айтып келемін. Ауданымыздың шекарасына кіргеннен кейін рухымызды оятатын, тарихтан ойып тұрып орын алған тұлғалар ғой. Бір сөзбен айтқанда жанашырлық жоқ, – дейді Закария Жүсіпқалиұлы. Абай атамыз «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» демеп пе еді. Сонда ауданымыздағы атқамінерлердің ешбірінің есіне келмегені ме осы кесенелердің жан-жағын дұрыстап қою. Көре тұра істелмегені қалай?
Жауапты жандардың айтқаны
Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиевадан кесенелердің жай-күйі туралы сұрадым.
– Бәрін біліп отырмын. Қарап, есіктерін жөндеуді Пятимар мен Қызылоба ауылының әкімдеріне тапсырғам. Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайрелов таңертең керек материалдарды жазды. Ертең жұмыс күнінде керек материалдарды табудың қандай жолы бар, қарастырам ғой деп отырғам. Материал, оны-мұныларын табу керек болып тұр. Әкімге де айтамын. Ол жердің өзіне қырғын дүние керек болып тұр, – деді аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы.
– Аудан төңірегінде тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік, соларды есепке алу жөнінде жұмыс істеп жатырмын. Аудан шекарасында тұрған тарихи-мәдени ескерткіштерді теңгерімге алу жөнінде өткен аптада аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлына хат түсірдім. Тарихи-мәдени мұраларды жинақтап, келешекте анықтамалық шығару жоспарда бар. Ақтау, жаңарту, қоршауын қалпына келтіру бәрі қаражат талап етеді. Қаражат бөліну үшін теңгерімге алу қажет. Аудан орталығындағы «Азалы ана», «Тастөбе», Бөкей көші» ескерткіштерінің бірде-бірі теңгерімге алынбаған. Күнде рухани орталықтың алдынан көріп жүрген Абай һәкімнің бюсті де есепте жоқ. Кесене аумағындағы шөбін шабу, айналасын тазалап қою сынды жұмыстар осы кезге дейін істеліп жүр, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даниял Танзенов.
Осындай нәрселерді жанашырлықтан, туған ауылымызға болсын деген ниеттен жазатынымды несіне жасырайын.Тарихи-мәдени ескерткіштеріміз сонадайдан көз тартып, ауданымызға көрік беріп тұрса ғанибет емес пе?! Жауапты жандар дереу іске кірісіп, кесенелердің жағдайын реттейді деген сенімдеміз.
Жанайдар Болатбекұлы,
БҚО, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылы
Парақшамызға жазылыңыз