Отандық туризмді дамыту мәселесі – бүгінгі күні Елімізді көп мазалайтын сауалдардың бірі. Дегенмен бұл мәселені экономиканың өзге секторларынан бөліп қарастыруға болмайды. Неліктен? Еліміздің экономикасында қордаланып, өз шешімін таппай отырған мәселелер жеткілікті.
Бұл мәселелердің негізгі өзегі экономикадағы мемлекеттің рөлінің айқын анықталмауында жатыр. Біз Кеңестік дәуір шекпенінен шыққан мемлекет болғандықтан ба, мемлекеттің экономикадағы рөлі өте белсенді. Барлық саланың дамуына жауапты мемлекет секілді көрінеді. Бірақ нарықтық заманның өз талабы бар. Нарық – бірінші кезекте өзін-өзі реттейтін құрылым. Әрине, нарықты кемел құрылым деп айтуға келмес. Оның дамуында да кемшіліктер болады. Бірақ нарық – табиғи құбылыс. Белгілі саланы қолдау немесе қолдамау төңірегіндегі мәселелер әлі күнге дейін үлкен дау тудырады. Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы үлкен корпорация секілді басқарылып келе жатыр. Мемлекет барлық салалардың даму бағдарламаларын жасайды, оған қаржылық қолдауды ұйымдастырады, одан түрлі жеңілдіктер береді, сынға ұшырайды.
Ойланып қараңыздаршы, осының барлығы мемлекетке тән функция ма? Негізі нарықтық экономикада мемлекет басқарушы функциядан, реттеуші функцияға қарай ойысуы керек. Салалардың дамуы үшін институционалды, инфрақұрылымдық жобаларды жасау мемлекеттің мойнында болса, өзге бағдарламалар жеке кәсіпкерліктің қолында болуы керек деген заңдылықты ұстану маңызды. Неліктен?
Алысқа барудың қажеті жоқ, нарықтық экономикасы дамыған елдер бүгінгі күні алдыңғы қатарлы мемлекеттерге айналды. Себебі онда экономикалық белсенділіктің негізгі өзегі – мемлекеттік басқару емес, азаматтық белсенділік. Азаматтық белсенділіктің өзегі – жеке меншік сектор. Мемлекеттің шын қожайыны – мемлекетке қарап қол қусырып отырған адамдар емес, белсенді кәсіпкерлер.
Институционалды негіздер Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысуға тиімді орта жасаудан тұрады. Яғни, бірінші кезекте тиімді салықтық режим, жемқорлықпен күрес, тәуелсіз сот жүйесі, тиімді экономикалық саясат. Экономиканы секторалды қолдаудың өзінде қоғам мемлекетке емес кәсіпкерлерге арқа сүйеуі тиіс. Өсіп тұрған бағаны тежеу үшін бәсекелестік институттарын дамыту керек. Бәсекелестік болған жерде ғана даму болады. Ал мемлекеттің экономиканы басқаруға араласуы нарықтық теңдік жағдайындағы теңсіздікке жол ашады. Мемлекеттің араласуы әрқашан билік функциясымен байланысты әр түрлі күрделі, түсініксіз процесстерге жол ашады.
Алысқа барудың қажеті жоқ. Аргентина мен АҚШ-ты салыстырып қарайық. Аргентинаның әлеуметтік қолдау бағдарламалары АҚШ-тан әлде қайда кең. Дегенмен Аргентина – экономикасы әлемдегі ең тұрақсыз экономикалардың бірі. Неліктен? Себебі мемлекет экономикаға белсенді араласады. Халқының 60 пайызы кедейлер санатына жататын елден мысал алу біз үшін қаншалықты дәрежеде тиімді?
Осылайша туризмді тұтас сектор ретінде қарастырар болсақ, мемлекеттің қызметі экономиканың өзге салалары секілді, біріншіден, инфрақұрылымдық дамумен, оның ішінде жол салу, туристік объектілерге инфрақұрылымдық тұрғыдан қол жетімділікті қамтамасыз ету, институционалды тиімді салық және экономикалық саясат, меншік құқығын құқықтық қамтамасыз ету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен рекреациялық объектілердің мерзімді және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерінен тұруы керек.
Туризмнің дамуын өзендерді дер кезінде тазалап, қоршаған ортаның орнықты дамуымен ұштастыру керек. Жол бойында әжетхана салу, өзге де мәселелер экономикалық тұрғыдан өз шешімін табады. Себебі ол тас жолмен жолаушы қатынап, экономикалық тиімділік орын алатын болса, онда жол бойында дүңгіршектер де, санитарлы тұрғыдан тиімді әжетханалар да пайда болады. Біз тек туризм саласының ғана емес, экономиканың өзге салаларының призмасынан қараған кезде де ескеруіміз қажет негізгі дүние осы.
Мемлекет өзіне тән емес функциялармен айналыспауы керек. Экономиканың туризм секілді салалары инвесторлар үшін тартымды болуы керек. Мемлекеттік протекционизм ешқашан ұзақ уақытты даму мерзімінде тиімді нәтижелер бермеген және бермейді де. Мемлекет салған қанша кешен қаңырап бос жатыр? Олардың есебін кім береді?
Мемлекет басшысы квазимемлекеттік секторды азайтып экономиканы либералдандыру туралы бастамаларының өзегі де осында жатыр. Мәселе саланың дамуы үшін мемлекет миллиардтаған қаржы құюы мүмкін. Бірақ оның қаншалықты тиімді екендігін ешкім біле алмайды. Әлемдегі ең жақсы кешендер, ең мықты қонақ үйлер, ең мықты өндірістік орталықтар, туристтік орталықтарды жеке меншік сектор ғана тұрғызып келеді емес пе? Туризмді сала ретінде ұзақ мерзімді дамытқымыз келсе онда жеке меншік сектордың дамуына қолайлы жағдай жасағаннан өзге ештеңе керек емес екендігін түсінетін уақыт жетті.
Парақшамызға жазылыңыз