//

Ахметжан Аятжанұлы: Ғасырға созылған дау! Елімізде мектептер қай тілде болуы керек, қандай негізде болуы керек?

826 рет қаралды
Сурет Шымкент қаласы Білім басқармасының сайтынан
Дәл осы сұрақ бір ғасырға жуық дау боп келеді. Түбегейлі шешім әлі жоқ? Неге?
Әңгімені әріден қозғайық. 1926 жылы қазақ баспасөзі қақ жарылады. Қақ жарылды деуге тағы келмес, Ілияс Қабылұлы бастаған бір топ партия көсемдері “қазақша оқулық жоқ, қазақша оқу құралдары жетіспейді, мектеп жетіспейді, мұғалім жетіспейді. Біз Ленин бастаған көштің соңына ілесіп мектептеріміз орысша оқыта берсін, біздің балалар заман ағымына ілессін, орысша оқыта берейік” деген ұран тастайды. Қиқуға сүрен қосатындар қашан да табылады ғой, дұрыс айтады, біз қазақша оқып ел болмаймыз, мектеп орысша болсын деп бір топ ілесіп шу ете қалады.
Дәл сол кезде Алаш арыстары шығып, біз ел боламыз десек, ұлт боламыз десек мектеп қазақ тілінде болуы керек деп тегеурінді қарсылық көрсетеді. Сондай-ақ жанкештілікпен қазақ тілінде оқулықтар жазып шығады. Тегеурінді қарсы тұрған Алаштың екі қайраткерінің сөзін сөзбе-сөз берейін:
Сол кезде химия пәнінен оқулық жазған Қошке Кемеңгерұлы: «…Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды. Және басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басылудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды», – дейді.
Ал Жағрапиядан (география) оқулық жазған Абдолла Байтасұлы: «Мектеп тілі жайынан сөз қылғанда, тым бір ыңғай қыңыр кету жарамайды, әзіргі өмірмен, керекпен санасу керек. Біздің мектеп тілі туралы алдымызда көздеген нысана, арманымыз болуы керек. Арманымыз – «түбінде мектеп тілі ұлт тілі болсын!». Бұл ұранды біз ертеден айтып келеміз. Сол ұранымыз әлі де ұран. Ұлт мектептері туралы үкімет ұраны да осы” , – дейді.
Ал алғаш психологиядан оқулық жазған Жүсіпбек Аймауытұлы: «… Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын”, – дейді.
Сонымен қазақ даласындағы мектептерді тек орыс тілінде еткісі келген қаскөйлер ісі ілгері баспайды. Кейін 37-38-де Алаш қайраткерлерінің бәрі дерлік атылды, қуғынға түсті. Екінші жаһан соғысына түсіп, кеңес күшіне енгенде әр қалада бірден болмаса қазақ мектептері дерлік жабылды.
Құдай басымызға бақ беріп, тәуелсіздік алғанда қазақ мектептері қайта түледі. 2016 жылға дейін қазақ сыныбына барған балалар саны қарқынды дамыды. Бірақ 2017 жылдан бастап кілт бұзылды. Бұзылу себептері де, үштілдік саясаты, латын қарпі, орыс әлемінің көршілеріне қайта қарқынды саясаты, биліктің жалтақтығы мен немқұрайлылығы сыны әр алуан. Кезінде бір зерттеп те жазғанбыз. 2021 жылы тіпті ел бойынша ең төмен көрсеткішке жетіп үлгерді. Жан-жақтан дабыл қақтық.
2022 жылы Астананың бір мектебінде “орыс сыныбын ашпасаң, Путинге айтамын!”,- деген ақымақ қазақтың сөзін де ет құлақпен естідік. Тойтарыс беріп, қазақ мектебі етіп сақтап қалдық. Бірақ Астана да, қазақ билігі де сол істен сабақ алмады. Идеологияның да, тілдің де кетіп бара жатқанын ескермеді, себебін зерттеп әрекет жасамады. Керісінше президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында: “Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс”, – деді.
Иә, аралас мектептің көп ашылуына, орыс сыныптарының көбеюіне қарсы боп жүрген біздер популист саналдық. Жыл өтті нәтижесінде биыл бірінші сыныпқа 40% бала тағы орыс сыныбын таңдады.
Кеше отар кезде, Ресейдің қол астында кезде қазақ тіліне, қазақ мектебіне Алаштықтар қауіп төндірмей алып шықты. Ал бүгін тәуелсіз елімізде тіліміз тығырықта тұр. Оған бүгінгі билік селт етпейді. Не істемек керек?
Тәуелсіздік алғанына 32 жыл болған ел үшін бұны талқылау да ұят, әрине. Бірақ биліктің беті қазақ тіліне бұрылмай, мектептің беті бері бұрылмайды. Әлиханша айтсақ, ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден!
Біздің билікке де, басқамызға да мінез керек, батыл шешімдер керек. Әйтпесе, бұның соңы неге соғары қорқынышты!
Қазақ ұлтының жалғыз отаны – Қазақстан, қазақ тілінің жалғыз жоқтаушысы – қазақ ұлты! Онда бүгінгі мектептеріміз таза қазақ тілінде һәм ұлттық негізде құрылуы керек!
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін. (Ахмет Байтұрсынұлы)
Біздікі де сол!
«QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар