//

Болмағанды, болды деп: Түркістанда өтпеген форум үшін бюджеттің миллиондарын жұмсаған

1513 рет қаралды
фото: orda.kz

Түркістан облысында шенеуніктер “деректі фильм түсіріп, ірі форумдар өткізген”. Шын мәнісінде осындай құжат дайындап, бюджеттің ақшасына қол салып келген. Түркістанда ірі көлемдегі жемқорлыққа қатысты сот ісі аяқталып жатыр. Адам айтса нанғысыз, жемқорлық схемасымен айналысқандардың екеуі мемлекеттік қызметкер, (Түркістан облысының Қоғамдық даму басқармасының бұрынғы бастығы Дамир Жүнісов пен оның орынбасары Дінмұхамед Жақыпбеков), үшіншісі «Ернияз-1» жарнама компаниясының иесі Ербол Дайрашов.

Олар 230 миллиондай теңгенің қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр. Сот барысында прокурор бюджет қаржысын қолды еткендердің 10 фактісін атады. Бұл 2020 жылы басталып, 2021 жылғы пандемия кезінде жалғасын тапқан.

2021 жылдың қарашасында Қоғамдық даму басқармасының бастығы Дамир Жүнісов «Ұлы дала тарихы» атты деректі фильмге бөлінген 15 миллион теңгені қолды еткен.

Прокурор дайындаған айыптау актісінде: “Қоғамдық даму басқармасының бастығы Дамир Жүнісов пен оның сыбайласы Жаппаркул Д. видеороликтер дайындау жайында келіседі. Олар бір көзден сатып алу әдісімен мемлекеттік тапсырыс жасайтын мердігер іздейді. Олар «Ұлы дала тарихы» жобасы үшін қажетті видеоматериалдың бар екенін біле тұра, қаржыны жымқыруға келіседі”,- делінген.

Мемлекеттік тапсырыстың техникалық ерекшелігінде «Ұлы дала тарихы» деректі фильмінің екі сериясын дайындау қажеттігі жазылады, әр фильмнің хронометражы 25 минут болуы тиіс. Кейін бұл видеороликтер танымал YouTube арнасында жүктеліп, мұндай фильм түсірілгені жайлы БАҚ-та жазылуы қажет болған. Осының барлығына қаржы қарастырылған.

Дәл осы сәтте Қазақстан бойынша, коронавирус өршіп, адамдар ондап, жүздеп қырылып жатқан еді. Әкімшіліктердің басты мақсаты – қалалықтарды дәрімен қамтамасыз ету, ауруханалардан орын тауып беру болуы қажет еді. Ал Түркістан әкімшілігі өткенімізді мақтан ететін деректі фильм түсірумен айналысқан.

Алайда, олар бұнымен тоқтамаған, екі ай өткеннен кейін, «Ұлы дала тарихының» екінші сериясын түсіруге тендер жариялайды. Бірақ бұл жолы 41 400 000 теңге бөледі. Мемлекеттік тапсырысты өткізу үшін ешқандай конкурс жарияланбайды. Өнім берушіні бұрынғыдай бір көзден сатып алу тәсілі бойынша айқындайды.

Тергеу материалдарында: “2021 жылдың 25 қаңтарындағы № 27 келісімшарты аясында орындалуы тиіс болған 41 400 000 жұмысы орындалмаған. Жүнісов «Берсметова» ЖК түсірген 2020 жылы 20 ақпанында түсірілген фильм пайдаланылған”,-делінген. Яғни, 41 миллион теңге шенеуніктердің қалтасына түскен.

Тергеу материалдары бойынша, 2021 жылдың наурызында қылмыстық істің фигуранттары ірі халықаралық оқиға аясында қаржы жымқыруды ойластырады. Cол жылы Түркістанда Түркі әлемі лидерлерінің Саммиті өтеді. Онда түркітілдес елдердің көшбасшылары қатысқан. Алайда пандемия салдарынан олар онлайн қатысады.

Осы оқиға аясында Түркістан облысының әкімшілігі “Түркістан ғалам кеңістігінде” журналистер форумын өткізуді жоспарлайды. Бұл мақсатта облыс бюлжетінен 12 миллион теңге қарастырылған. Техникалық ерекшелігінде жазылғандай, бюджет қаржысына қатысушыларға жол ақысын, екі күндік пәтер ақысы мен қаламақысын, кофе-брейк, баннер, логотип дайындап, сувенирлер сатып алып, бұл оқиға жайында БАҚ-та жариялау.

Дәл осындай схемамен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы», «Түркі әлемнің бастауы – Түркістан», Наурыз тойына арналған видеороликті түсіруге арналған шаралардың барлығына бөлінген қаржылар шенеуніктердің қалтасына түсіп отырған. Мәселен, «Түркі әлемнің бастауы – Түркістан» форумында видеоролик жасауға бөлінген 22 миллион теңгені де қалталарына басып, есеп үшін бұған дейін «Turkistan Media Holding» ЖШС дайындаған әртүрлі роликтерді ұсынған. Дәл осындай жолмен тағы 22 миллион теңгені Наурыз тойына арналған видеороликтерден қымқырған.

Екі мемлекеттік қызметкер де, кәсіпкер Ербол Дайрашов та өз кінәларын бірден мойындаған. Тіпті келтірілген шығынның белгілі бір бөлігін қазынаға қайтарған да. Алайда, олар бұл істе өздерін құрбан санайтындығын айтқан. Оған жоғарыда тұрған лауазымды бір шенеунік осылай жасауға бұйрық берген. Жүнісовтің адвокаты Түркістан облысының бұрынғы әкімінің орынбасарының  бұл істе куратор болғанын айтқан. Алайда оның қаншалықты қатысы барын дәлелдеу қиын болып отырған көрінеді. Дамир Жүнісов 27 миллион теңгені қайтарған.

Сот Дамир Жүнісов пен оның орынбасарына сегіз жыл үкім кесіп, Ербол Дайрашовқа жеті жыл шартты жаза тағайындады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар