Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала мектеп формасымен, мектепке қажет керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге материалдық көмекпен қамтылатын болады.
Биыл әр білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері– 40 567 теңге. 2022 жылы бұл көрсеткіш 37 389 теңге болған. Тауар бағасының күн өткен сайын шарықтап тұрған кезеңінде берілетін көмек сомасы қарапайым қажеттіліктерді қамтуға жеткілікті ме?
Жуықтап бастауыш сынып оқушысын мектепке дайындайтын болсақ кастюм, жилет, классикалық шалбарына кемі 18 000 тг құртамыз. Кейін мектеп ішінде және спортқа киетін аяқ киімдері бар. Экотеріден даярланса бәтеңке 15 000 тг төңірегінде, кроссовка 10 000 тг-ге шығады. Ауыстырып киюге балаға екі жейде алса 7000 тг-ге шығады. Спорттық киім – 10 000 тг. Мектепке арналған сөмке кемі 6000тг-ден басталады. Ар жағында дәптер, қалам, мұқаба, оқу құралдарын сатып алса 10 000 тг кетеді. Шамамен орташа бағаларды алып есептеп көрсек 2023 жылы бастауыш сынып оқушысын дайындауға кеткен қаражат 60 мың теңгеден асты. Бұл жай базалық қажеттіліктердің есебі. Ата-ана барынша үнемдеген күннің өзінде бөлінген 40 мың барлық шығынға жетпейін деп тұр. Бұған дейін материалдық көмек көрсетілсе, ендігіде берілгелі тұрған ақшалай көмек бала мен ата-ананың таңдау құқығын шектемейтін көрінеді. «Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата – аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді », – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.
Сонымен қатар мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді. «Жалпыға бірдей оқыту» қоры атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетеді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жоғарыда айтылған қаржылай көмекті жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және Абай облысындағы апаттан қаза тапқан орманшылардың балалары алады.
Альбина Булатова,
БҚО
Парақшамызға жазылыңыз