Отарсыздан талқысы көпшіліктің тілге байланысты қалыптасқан травмасын жеңуге арналды. Травма орыс тілінің ықпалынан, санаға салған жарасынан қалыптасқан. Талқыға жиналғандар спикерлерге сұрақ қойып, өз ойларын бөлісу арқылы жеңуге тырысты.
16 қыркүйек күні «Еркін адамдар» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Отарсыздан» тақырыбында дискуссия өтті. Талқы спикерлері филолог, редактор Назгүл Қожабек пен халықаралық қатынастар саласындағы PhD доктор Ғалым Жүсіпбек. Ал модераторлар Бэлла Орманбет, Жалғас Ертай. Талқыға келгендер соңында мазалаған сұрақтарын қойып, тілге қатысты травмасының шешімін табуға тырысты. Қауымдастық ұйымдастырушыларының сөзінше, талқының мақсаты – қазақ қоғамында болып жатқан отарсыздану процесін көпшілікпен бірге талқылау, рефлексия жасау үшін құрылған платформа, тіл, мәдениет, өнер, білім, экономика салаларында отарсыздану процесі қалай жүріп жатқанын тұрақты түрде бірге талқылап, рефлекция жасауға талпынамыз,-дейді жоба авторлары.
«Отарсыздан» дискуссиясында өзге тілден қазақ тіліне аударылатын аударма жұмыстарының сапасының төмендігі, орыс тілін білмегені үшін дискриминацияға ұшыраған қазақтар мен өзге ұлт өкілдері, көп әйел алудың негізсіз екені, әмеңгерліктің түпкі мәні мен «ұлт», «этнос», «ел» терминдерінің бір бірінен айырмасы сынды маңызды мәселелер талқыланды.
Спикерлердің бірі Назгүл Қожабек тілге қатысты өз қағидасымен бөлісті. Оның сөзінше, қазақ болсаң, сенен шыққан контенттің барлығы қазақша болуы керек,-деп есептейді. Сондай-ақ ата заңда жазылатын заңдардың қазақ тіліндегі нұсқасының түсініксіз екені де айтылды. Оның ішінде барлық азаматқа ортақ адам құқықтарының қарапайым тілде түсінікті болмауы сөз болды. Бұған қатысты спикерлер өз пікірлерімен бөлісті.
- Адам құқығын шетелден келген аударма тіл арқылы зерттемей, өз еліміздің әдет-ғұрпында келтірілген қағидалар арқылы түсіну керек, – дейді спикерлер.
Бұдан бөлек «Еркін адамдар» қауымдастығы әр сенбі «Таңғы шай» форматында кездесу ұйымдастырады. Кездесу ақылы түрде өтеді. Орын саны шектеулі болғанымен кез келген адам қонақ бола алады. «Таңғы шай» жобасы Алматы қаласынан басталып, қазіргі кезде Астана мен Атырау қалаларында көптің сұрауымен ұйымдастырылып жүр.
17 қыркүйек күні кешке Алматы қаласында «Отарсыздан» тақырыбында дискуссия өтсе, Астана қаласында «Таңғы шай» ұйымдастырылды. «Таңғы шайда» қозғалған мәселе «Қазақ тілінің қолданыс аясы: таптаурындар мен шешімдер» болған. Спикер Дастан Аққожа.
«Отарсыздан» тақырыбындағы кездесу алғаш рет жаңа талқылау форматында өткізілді.
Дина Айтбекова,
Алматы
Парақшамызға жазылыңыз