Харассмент – әлемде қызу талқыға түскен өзекті тақырыптардың бірі. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сәйкес елімізде соңғы 12 ай ішінде сексуалды зорлық-зомбылыққа душар болған 18-49 жастағы әйелдердің үлесі жалпы әйелдер санының 2,9%-не тең. Бұл – 290 мыңға жуық қыз-келіншектер.
Дегенмен бұл көрсеткішке кірмей, қапы қалған жағдайлар қаншама?
5-10 қыркүйек аралығында Алматы қаласында «Tanym» жобасының негізін қалаушы, журналист Ұлпан Рамазанованың басыну мен зорлық-зомбылыққа қатысты «Қауіпсіз киім (?)» көрмесі өтті. Автордың негізгі идеясы мен позициясы:
«Менің оқырмандарымнан келген харассмент туралы мыңдаған хаттар көрменің туындауына себеп болды. Бұл көрме – қорқыныш пен үрейдің нәтижесі. Көрмеде жинақталған ауырсынудың, мазасыздықтың және қорқыныштың нәтижесі. Осы орайда «Біздің қоғамда біреу өзін қауіпсіздікте сезіне алады ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Соңындағы сұрақ белгісінің мәні: әйтсе де өлілердің өзіне тиіспейтінін нақты айта алмайтындығымда. Қазақстанда «Харассментке» қатысты нақты бап жоқ, сексуалды бопсалауда көбіне жәбірленушілердің өзін айыптайды. Таныстарыңа бармас бұрын не ойладың? Неге қараңғы көшемен жүресің? Таксиге неге жалғыз отырасың? Көрме залында ақ матаға оралған манекендер, келушілердің оқиғаларына раналған дәптер беттері, айна және «Қауіпсіз киімді» киіп көруге ақ мата ілінген. Бірге қорықпайық, сескенбейік!»
Бұл үндеуге келген, көрмені тамашалаған қыздар өз оқиғаларымен бөлісіп, проблемаға ортақтасқан. Көрермендердің арасында ер азаматтар да болған.
Бұған дейін Ұлпан Рамазанова көпшілік жерлерде жыныстық басыну, зорлық-зомбылық туралы акция өткізген. Әлеуметтік желілердегі оқырмандардың пікірі де аталмыш тақырыптың өзектілігін растай түседі.
Альбина Булатова, Алматы қаласы
Парақшамызға жазылыңыз