///

Жастар ипотекасы: үй алу жолдары

10148 рет қаралды
1

Тұрғын үй мәселесі еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Осы мәселеге қатысты тұрғын үй нарығында бірқатар ипотекалық бағдарламалар бар. Соның ішінде жастарға арналған ипотекалық бағдарламаларға шолу жасауды жөн көрдік.

ELORDA ZHASTARY МЕН «АЛМАТЫ ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ

Нарықтағы ең тиімді бағдарламалардың бірі – осы екі бағдарламаға Астана мен Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастары өтініш қалдыра алады.

Шарттарына назар аударсақ, жылына 5%-дық мөлшерлемемен 25 жылға дейін несие алынады. Берілетін сома: 18 млн теңгеге дейін. Төленетін алғашқы жарна – үй бағасының 10 пайызы. Жаңа үйлерді де, ескі үйлерді де алуға болады.

Талабы төмендегідей:

– Қалада кем дегенде 1 жыл тіркеуде болуы тиіс;

– Соңғы 5 жылдан атында үй болмаған болуы тиіс;

– Ресми жұмыс орнындағы еңбек өтілі 1 жылдан кем болмауы тиіс.

Бағдарлама бойынша денсаулық сақтау, мәдениет пен білім беру, спорт және БАҚ, төтенше жағдай саласының қызметкерлерінің пәтер алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы – ресми жұмыс орны болуы қажет.

Талдықорған, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Шымкент және Алматы облысы жастарына арналған (Алатау жастары) ипотекалық бағдарламалар да бар. Бағдарлама талаптары әртүрлі. Толығырақ ақпаратты осы сілтемеден біле аласыз.

ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР

Бағдарламаның ерекшелігі сол – үй жалдауға мүмкіндігіңіз болады. Дегенмен пәтерақы құнының 50%-ы ғана мемлекет төлейді.

Үкіметтің жалдамалы пәтер берудегі мақсаты – жастардың үй алуға ақша жинауына мүмкіндік беру.

Талабы төмендегідей:

– ҚР азаматы;

– отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс;

– тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке қойылғанын растау және санаттары бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін растау.

«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ

Қазақстан ішінде не Қазақстанға қоныс аударған азаматтарға арналған әлеуметтік бағдарлама. «Еңбек» бағдарламасы аясында біршама жеңілдіктер қарастырылған: кәсіп ашуға жеңілдік, мамандық үйрету, жәрдемақы алу, бір реттік төлемақы алу және үй алуға көмек.

Бұл бағдарлама бойынша жұмыс күші қажет аймаққа көшіп барған азаматқа жергілікті әкімдікті өзі үй береді. Жаңа тұрғылықты жерінде ерікті түрде өңіраралық қоныс аудару барысында мемлекет тарапынан берілетін көмек:

  • көшуге материалдық көмек беруді;
  • тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуді;
  • қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін ЖЖК 2020 бағдарламасы шеңберінде салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу (құнын төлеп алу) және/немесе салу арқылы қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалдамалы тұрғын үй беруді;
  • қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидиялар беруді;
    қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберуді;
  • жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.

Шарты мынадай: 1) көшіп келгені үшін бір реттік төлемақы беріледі (шамамен, 205 мың теңге); 2) жалдамалы пәтер не үй беріледі: тек коммуналды төлемге 7-9 мың теңге төлейсіз; 3) 5 жылдан кейін үйді өз атыңызға аударуға болады.

«7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ

Әрине, бұл нақты жастарға арналған бағдарлама емес. Дегенмен жастардың бұл бағдарламамен үй алуға мүмкіндігі зор. Себебі, бұл – еліміздегі тиімді ипотеканың бірі. Бұл бағдарлама бойынша тек жаңа үйден, салынып жатқан үйлерден ғана пәтер аласыз.

Алғашқы жарна – үй құнының 20 пайызы. Несиені 25 жылға дейін алуға болады. Жылдық ставкасы – 7%.

Бағдарлама аясында Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан ең жоғарғы құны 25 млн теңге болатын, Қарағанды, Түркістан қалалары үшін – 20 млн теңге және басқа өңірлер үшін – 15 млн теңге болатын үй алуға болады.

Несие алу үшін “Қазақстанның орнықтылық қоры” АҚ-мен ынтымақтастық туралы келісімі бар серіктес-банктерге жүгіну қажет. Олар:

  • “Банк ЦентрКредит” АҚ;
  • Bereke bank АҚ;
  • “Қазақстанның халық банкі” АҚ;
  • “Еуразиялық банк” АҚ;
  • “Банк фридом финанс Қазақстан” АҚ;
  • Bank RBK АҚ;
  • Forte bank АҚ;
  • Altyn bank АҚ.

Биылдан бастап қарыз алушыға қойылатын талаптар өзгерді. Енді үміткер “7-20-25” бағдарламасына тек бір рет қана қатыса алады. Сонымен қатар, қарыз алу кезінде оның атында үй болмауы, ипотекалық кредиттерінің болмауы қажет.

Бағдарлама 2029 жылға дейін жұмыс істейді.

Ипотека түрлері осымен аяқталмайды. Әрбір банктің бағдарламалары бар.

ОТБАСЫ БАНКІНІҢ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ: 

№1. “Нұрлы жер”

несие мөлшерлемесі – 5%-ға дейін;

жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан басталады;

бастапқы жарна – үй құнының 20%-сы;

қарыз беру мерзімі – 25 жыл.

“Нұрлы жер” – жаңа пәтер, жеке үй сатып алуға мүмкіндік беретін халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама. Баспана дайын күйінде сатылады. Салынып жатқан нысаннан пәтерді өзіңіз таңдауға болады. Сондай-ақ, бағдарлама қатысушыларына салық жеңілдіктері қарастырылған.

№2. “Бақытты отбасы”

несие мөлшерлемесі – 2%-ға дейін;

бастапқы жарна – үй құнының 10%-нан басталады;

қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған отбасылар ғана ипотека рәсімдей алады. Олар:

– көпбалалы;

– жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

– мүгедек баласы бар;

– I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар.

Бағдарлама талаптары төмендегідей:

әкімдік кезегінде тұру;

отбасының атында басқа үй болмауы шарт;

отбасының табыс көзін растау;

ссоңғы жарты жылда отбасындағы әрбір адамның табысы 3,1 күнкөріс минимумынан аспауы керек.

Айлық жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және тағы басқа), өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс, тұрғын үй төлемдері, шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда) негізгі кіріс ретінде есептеледі. Негізгі кіріс жеткіліксіз болса қосымша табысты (зейнетақы және зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер) қосып есептеуге болады. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді. Бағдарлама қатысушысы өтінім берген кезде жұмыссыз болса немесе кірісі жеткіліксіз болса, онда қосалқы қарыз алушыны тарта алады.

Қарыз сомасы: Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда – 15 миллион теңгеге дейін; ал басқа өңірлерде – 10 миллион теңгеге дейін.

Бағдарлама арқылы тек жергілікті әкімдіктер арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйді сатып алуға болады.

№3. “Шаңырақ” (“5-10-20”)

несие мөлшерлемесі – 5%;

жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан басталады;

бастапқы жарна – үй құнының 10%-ы;

қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Әкімдік кезегінде тұрған қазақстандықтар “5-10-20” бағдарламасына қатысып ипотека рәсімдей алады.

“Шаңырақ” пилот жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен, жеке құрылыс салушылардан сатып алуға болады. Сонымен қатар, баспананы үлескерлік қатысу шарты бойынша алуға мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін құрылыс компаниясында “Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры” АҚ кепілдігі болуы керек.

Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алуға болады. “Шаңырақ” жобасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да пәтер сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі бар құрылыс компанияларынан үлестік қатысу арқылы (пайдалануға берілмеген үйлерден) тұрғын үй сатып ала аласыз.

Бағдарлама талаптары:

Тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрған азаматтар қатыса алады;

Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан, яғни 150 098 теңгеден аспауы тиіс.

Қарыздың ең үлкен сомасы:

– Астана, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтарда – 18 миллион теңге;

– Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысында – 15 миллион теңге;

– басқа аймақтарда – 12 миллион теңге.

Әкімдік салған несиелік тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр бағасы:

– Алматы қаласында – 240 мың теңгеге дейін;

– Астанада және осы қала маңындағы аймақта – 220 мың теңгеге дейін;

– Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта – 200 мың теңгеге дейін;

– Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалаларында және Қарағанды облысында – 180 мың теңгеге дейін;

– басқа аймақтарда – 160 мың теңгеге дейін.

№4. “Өз үйім”

Заем бойынша ең төменгі мөлшерлеме – 3,5% (ЖТСМ 3,6% – дан бастап), ең жоғары мөлшерлеме – 8,5% (ЖТСМ 8,8% – дан бастап), одан кейін 3,5-5% – ға дейін (ЖТСМ 3,6% – дан бастап) дейін төмендейді:

Ең төменгі бастапқы жарна – үй құнының 20%-ы

қарыз сомасы – 100 млн теңгеге дейін;

қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

“Өз үйім” – банкінің  салымшыларына бірегей шарттармен жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін, жаңа салынған үйден пәтерді нарық құнынан төмен бағада беруге бағытталған бағдарлама. Бағалар нарықтағы үй құнынан төмен. Құрылыс барысында-ақ үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға болады, ол үшін үлестік қатысу туралы келісімшарт, сондай-ақ құрылыс компаниясы мен өкілетті ұйымда “Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры” АҚ кепілдігі болуы талап етіледі.

Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес. Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама қатысушылары салық жеңілдігін ала алады. Үй сатып алынатын жерде тіркеуде тұру міндетті емес.

№5. Жаңа баспана 6/50

бастапқы жарна – 50%;

сыйақы мөлшерлемесі – 6% (СЖТМ 6,2 пайыздан бастап);

келесі 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі тұрғын үй несиесіне ауысу мүмкіндігі қарастырылған;

несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;

несиені өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Бағдарлама аясында алғашқы немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй, үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үй алуға, тұрғын үй салуға (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) болады. Оған тұрғын үй төлемдерін алушы, депозитте тұрғын үй сомасының 50 пайызы бар азаматтар қатыса алады.

№6. “Ұмай” әйелдер ипотекасы

несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 13,2%, арыз сомасының 50 пайызы жиналғаннан кейін ол 3,5%-ке дейін төмендейді;

жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 14,1%-дан басталады;

бастапқы жарна – үй құнының 15-20%-нан басталады;

қарыз сомасы – пәтердің бағалау құнының 85%-іне дейін;

қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

Бастапқы нарықта (жаңа ғимараттарда) және екінші нарықта тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуға мүмкіндік бар. Отбасының ең жоғарғы табысы 640 мың теңгеге дейін болуы керек. Пәтерді жаңа салынған үйлерден немесе ескі үйлерден де сатып алуға болады. Меншігінде басқа жылжымайтын мүліктің бар-жоғы бойынша шектеу жоқ, екі қарыз алушыны қатыстыруға болады.

№7. “Жас отбасы” бағдарламасы

Бұл бағдарламаға заңды некеге тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар қатыса алады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың біреуі не екеуі де Отбасы банкінде депозит ашып, кемі бір жыл қаражат жинауы шарт. Сондай-ақ, несие рәсімдеу уақытына дейін аталған депозитке сатып алатын тұрғын үйдің 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткішін 5 ұпайға жеткізу қажет. Айта кетейік, жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.

Жылдық мөлшерлеме – 6% (ЖТСМ 6,3%-дан басталады);

Несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;

Несие мерзімі – 6-дан 9 жылға дейін.

“Жас отбасы” бағдарламасының артықшылықтары мынада:

– жаңа үйден пәтер немесе жер үйді сатып алу, соның ішінде үлестік қатысу арқылы үй сатып алу

– қолданыстағы үйден пәтер немесе үй сатып алу

– жер үйдің құрылысы

– тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу

Депозитті ерлі-зайыптылардың екеуіне де ашып, Отбасылық пакетке біріктіріп, ЕКІ ЕСЕ КӨП мемлекет сыйлықақысын алуға болады. Сондай-ақ, 2 жыл өткен соң жылдық мөлшерлеме 5%-ға дейін төмендейтіні (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) тағы бар.

№8. Жасыл ипотека

Жаңа бағдарлама үміткерде үйдің бар-жоғына қарамайды. Сондай-ақ, жасқа да қатысты шектеу жоқ.

Бастапқы жарна – 20%-дан 50%-ға дейін;

Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 12,5% (кейін 3,5-5%-ға дейін төмендейді);

ЖТСМ –  13,3%;

Несие сомасы – 35 млн теңгеге дейін;

Алдын ала қарыз бойынша несие мерзімі – 10 жылға дейін;

Несиелеу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін.

Жасыл ипотека – бұл «жасыл стандартқа» сәйкес келетін нысаннан тұрғын үй сатып алуға берілетін банк заемы. Яғни нысанның ұлттық ӨМІР, ресейлік Р МЕМСТ, халықаралық BREAM немесе LEED стандарттарына сәйкестік сертификаты болуы керек. Ипотекаға тек жаңа пәтер алуға болады, яғни қайталама нарықтағы пәтерлер бұл несиеге рәсімделмейді.

Ипотека алу үшін Отбасы банкінің филиалына барып немесе қашықтан жұмыс істеу бөліміне бейнеқоңырау шалып, табысты есептету қажет. Табыс жетсе, несие алуға өтініш беріледі. Өтініш мақұлданса, банк бөлімшесіне барып, шарт жасасып, ақшаны құрылыс компаниясына аудару қажет. Табыс жетпесе, екі бірге қарыз алушыны тартуға болады.

ЖТСМ – Жылдық Тиімді Сыйақы Мөлшері.

СЖТМ – Сыйақының Жылдық Тиімді Мөлшерлемесі

Заем – мемлекетгің қарыз (заемшы) немесе несие беру рөлін атқаруына байланысты несиелік қарым-қатынастардың бір түрі.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар