///

Бақытбек Бәмішұлы: Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

7763 рет қаралды
ҚҰЛЫҚТЫ КӨГЕНКӨЗДЕР  (Жалғасы-13)
Қотырақтың он сегіз жасында қалмақ батырымен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетіп, даңқы артып, Абылай ханнан батыр атақ алып қайтқаны ел ішіне аңыз болып таралып кетті. Екі кісінің басы қосылған жерде айтылатын әңгіме Қотырақтың ерлігі туралы болды.
Түс қайтқан шақ еді. Қотырақ отауының оң босағасына арқасын тірей отырып, бір аяғын көсіп сап, келесі аяғының басына төрт елі жалпақ қайыстың бір ұшын орап таспа тіліп отыр еді қасына Ойлан мен Қырқынбай келіп, екеуі екі жағынан сүйеніп, жайғаса қалды.
– Аға, айтыңызшы, жекпе-жекке шықтыңыз ба? Күнде ойлаймын сұрайын деп. Күнде ойлаймын. Қонақтан бір босамайсыңдар. Біресе ана ауылға кетесіңдер құран оқимыз, пәленбай  батырдың, түгенбай арыстың орнына бата қыламыз деп. Біресе мына ауылға кетесіңдер ақ сарбас айтыпты деп… бізге көңіл бөлгенді қойдыңдар. Жеңешем де кеше сізге өкпелеп отырды, үйге тоқтамайды, үй бетін көрмейді деп.
– Сөйтті ме?
– Иә, айтты.
– Қиын болған екен жеңешеңе.
– Иә, қиын болған сияқты.
– Қырқынбайдың айтқанына сенбеңіз, аға. Бұл суайт. Өтірікті соға салады.
– Әй, жейсің.
– Өзің жейсің!
– Ой, аға, айтыңызшы, жекпе-жекке шықтыңыз ба?
– Шықтым.
– Шын ба?
– Мен қашан өтірік айтушы едім. Ер жігіт екі сөйлемейді.
– Сен немене, ағамның батырлығына күмәнданып отырсың ба? Бүкіл ел шулап жүр ғой. Сен ғана естімей қалдың ба? Одан да жауды қалай аттан құлатқанын сұрамайсың ба?
– Сен қыстырылмашы, Ойлан. Сен қыстырылма!
– Аға, айтыңызшы, жауды қалай жайратқаныңызды?
– Аға, оған айтпаңыз!
– Қой, Қырқынбай.
– Әуелі найза салдыңыз ғой, ие, аға? – Қырқынбай киліге кетті.
– Қылышпен басын бірден шауып тастаған!
– Жоқ-жоқ, Қырқынбай, мүлдем олай болған жоқ.
– Онда шоқпармен қара құстан бір періп құлаттыңыз ба? – Қотырақ басын шайқап, мырс естіп күлді.
– Онда қанжарыңызмен қарынынан бірақ түйредіңіз, ие. Қанын судай ағызып…
– Тыныш. Екеуің де құлақ сал! Елге ерлердің егесі емес, бірлік-берекесі керек. Құм сықылды бірікпей, тез ысып, тез суығаннан не пайда? Жақсылап ұғып ал! Әуелі біз не үшін соғысып жүрміз. Кім үшін? Соны біліп алыңдар. Жау біздің мына жерімізді,– ол жерден бір уыс топырақты шеңгелдей уыстап алып, төгіп,– көп жерімізді күшпен иеленіп алған. Біздің әлі де көп жеріміз жаудың қолында. Соның бәрін қайтаруымыз керек. Сондықтан бір пұшпақ жері үшін жан беріп, жан алысатын алда талай күрес бар. Құдай бұйыртса сендер де әлі-ақ егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, егескен жаудан есе қайтарасыңдар. – Қырқынбай орнынан атып тұрып, «Жекпе-жек, жекпе-жек» деп айғайды салып, біраз жерге оң қолын көтеріп алып, шапқылап бір айналып келіп ентігіп Қотырақтың оң тізесін басып отыра қалды.
– Ал, айтыңыз, аға!
– Айтайын… Мынау жалпақ дала, атамекенді сендер тумай тұрғанда, тіпті мен тумай тұрғанда, одан да көп заман бұрын жау басып, бізден тартып алыпты. Енді сол жаудың табанының астында қалған жерімізді, хан мен қара бұқараның, би мен бек, атаң құсаған батырларымыздың бірлік пен берекесінің арқасында, өздеріңдей жаужүрек ерлердің арқасында сол жаудан қайтарып алып жатырмыз. Жауға кеткен жеріңді немесе барымтаға кеткен жылқыңды қайтарар да әр бір азамат бес қаруы сай, күш-қуаты мықты, антқа адал, сертке берік, уәдеден айнымас болу керек,– деп бастаған әңгімесі сүт пісірім уақытқа жалғасты. Қотырақ та өзінің қара тамақ найзалары көк тіреген қалың жауды көргенде қалай толқығанын,  жекпе-жекке қалай шыққанын, қара атты, шойын қара түсті, қабағы қара бұлттай түнерген, сен жанымды алмасаң, мен жаныңды қазыр суырып аламын деп ұмтылған қарсыласының қапысын қалай тапқанын, соның ішінде астындағы торы аттың адамнан артық айла, ақыл-күш жұмсап қалай көмектескенін майын тамызып айтып отыр. Әуелде бұлардың тобы үшеу ғана болса әп-сәтте ауылдың оншақты баласы қоралай қоршап алыпты. Қотырақ қиялы қыранша қалықтап, өзін ұйып тыңдап қалған, құлықты қалың көген көзге сүйсіне, айнала көз тастады. Ертең мына жәудір, мөлдір, бейкүнә көздерден құрыштай шымыр, қайраты жұмыр, айлалы да айбатты ерлер өсіп шығатынына өлердей сеніп, еміреніп, көзімен бәрін сүйіп шықты.
Барлығының сыртынан бар ынта-ықыласын салып, бір бүйіріне бір жасар сәбиін көтеріп жоғарыдан төне байы Қотыраққа бар махаббатты назарын арнап, тыңдап тұрған Алтынжан еді.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар