Алматы қаласында қараша айының 1 күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұйымдастыруымен тұңғыш рет «35°» атты І Республикалық жастар театрлары фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Іріктеліп алынған отандық 8 жас режиссердің қойылымы 1 апталық фестиваль барысында сахналанбақ. Minber.kz редакциясы іс-шараның өту барысымен танысып қайтты.
Фестивальдің мақсаты — Қазақстандық режиссерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдап, шығармашылық тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету. Бұл бастамаға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 35 жасқа дейінгі талантты 30 режиссердің еңбегі іріктеуде бақ сынады. Оның 8-і атап айтқанда: Гүлназ Балпейісова, Мейрам Хабибуллин, Антон Зайцев, Әлібек Өмірбекұлы, Шағуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Әридаш Оспанбаева және Шыңғыс Жақыпбайдың қойылымдары театр сыншыларының көңілінен шығып, фестивальға жолдама алды.
Шараның ерекше тұстарын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әдебиет бөлімі меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, фестиваль ұйымдастырушыларының бірі Ақ-Зия Жайлы атап өтті:
«Әдетте фестивальдарда қатысушылар «Кім қандай жүлде алады екен?» деп өрек болып, екі ұдай күй кешеді. Бірақ бұл жолы іріктеуден өткен 8 театрдың барлығы — жеңімпаздар. Марапаттау рәсімі ең соңғы күні емес, дәл қазір ашылу салтанатында өтеді. Жүлделерді 8 жас режиссерге 8 қазақ режиссурасының абыз тұлғары, үлкен аға буыны табыстайды».
Үздік деп танылған режиссерлерге 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Ашылу салтанаты аяқталысымен қонақтар ішке өтіп, сахнада Фархат Молдағалиевтің «Құлагер» қойылымы көрсетілді.
Жас майталмандардың өнерін тамашалаймын десеңіз, алдағы уақытта қойылатын қойылымдар тізімін төменге келтіре кеттік.
Әмина ЕРМЕКОВА
Парақшамызға жазылыңыз