///

Мешіт жамағаты спорттық іс-шараларға қаншалықты мұқтаж? Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма 60 миллион теңгені желге ұшырды ма?

2232 рет қаралды
bilimdinews.kz сайтынан алынды

Осыдан біраз уақыт бұрын фейсбук әлеуметтік желісінде белгілі журналист Дина Иманбай Алматы қаласы Дін Істері жөніндегі басқарманың 76,1 миллион теңге бөліп, мешіт жамағатын футболмен тәрбиелеуді мақсат еткені жайында жазады

“Тендердің техспецификасы бойынша, олар футбол ойнап жүріп, қазақтың салт-дәстүрі, мазхаб туралы дәріс тыңдайды дейді. Діни жамағат дүниетанымы қалыптасқан, мешітке бес парызының бірін атқару үшін барады емес пе? Салт-дәстүрді, Әбу Ханифа мазхабының ерекшелігін имамдар жұма намазда, тағы басқа кездегі уағызда айта бермей ме? Футбол ойнағысы келсе ақылы алаңдарға баруға жағдайлары бар ғой олардың” делінген ол жазбада.

Дина Иманбай  Golos naroda Қазақстан ақпараттық агенттігінде жарияланған материалға сүйеніп, пікір білдірген. Ақпарат агенттігінің материалында тендер конкурсын ұйымдастырған «мемлекеттік активтер басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Тапсырыс беруші «Алматы қаласы, Дін істері жөніндегі басқармасы. Ал тендерді ұтып алған Астана қаласы, Nomad Leader жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жетекшісі Данияр Серікбаев Саматұлы екені жазылған.
Бұл ақпараттардың мемлекеттік сатып алулар ашық порталында бар не жоғын біз де тексеріп көрдік. Лот нөмірі мен тапсырыс берушінің аты-жөні расымен де бар екен.
 Golos naroda медиасының материалында тендер жеңімпаздары қомақты қаржыны мешіт аумағына футбол алаңын салу үшін алған деп көрсеткен. Сәйкесінше, бұл материал белсенділердің осы мәселеге қатысты белсенді түрде пікір білдіруіне себепші болған. Пікір білдірушілердің бірі  «Ауыл Футбол» жобасының жетекшісі Серік Мамбетов. Ол Facebook әлеуметтік желісінде оғаш тендерге қатысты өз парақшасында «балаларды спортқа баулып, спорттық секцияларды қаржыландыруға қаражат жетпей тұрған тұста мұның қандай қажеті бар? Оның үстіне террористерді қалай анықтамақ? Шортының ұзындығына қарап па, әлде сақалының болуына қарай ма?»,- деп пікірін қалдырған еді.

ШЫН МӘНІНДЕ ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ? 

Бөлінген қаржының тиімді жұмсалғанын анықтау үшін «Мінбер» ақпарат агенттігі Алматы қаласы Дін істер жөніндегі басқарма басшысы Қиқымов Нұрланға сауал жолдап көрді. Біз сауалымызда көрсеткендей, Алматы қаласы Дін істер жөніндегі басқарма мен Nomad Leader ЖШС арасында жасалған келісімшарт 2023 жылы 20 маусымда жасалған. Келісімшартқа сәйкес, негізгі мақсат – Алматы қаласы мешіт жамағаттары арасында спорттық бұқаралық іс-шара өткізу деп көрсетілген. Техникалық ерекшелігінде, «қызмет мешіт жамағатын, дәстүрлі емес діни ағымның ұстанушыларын және ресми дін өкілдерін бұқаралық спорттық шараларға тарта отырып мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы діни экстремизмнің алдын алуға және конфессияаралық келісімді, тұрақтылықты насихаттауға бағытталған болуы қажет»,-деп көрсетілген.

Мемлекеттік сатып алулар ашық порталында бұл лотқа о баста көзделген қаржы  76 137 500 теңге болғанымен, сатып алу келісім шарты 61 600 000 теңгеге (Қосымша құн салығын қоса есептегенде) жасалған.

“Nomad Leader” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы “Мінбер” сайты бұған дейін де жазған еді. Онда аталған компанияның арнайы ақпараттық ресурсы болмаса да, мемлекеттің ақпараттық саясатын насихаттауды өз мойнына алғаны туралы айтылған. Бұл жолы бізді таңқалдырғаны жарнамамен айналысатын мекеменің спорттық іс шараларды ұйымдастыруға ат салысып кеткені.

Екінші мәселе, келісім шарт маусымның 20-сында жасалса да, қазанның 20-ында дейін ешқандай спорттық шараның ұйымдастырылмауы. Әуелі мәселенің мәнісін білу мақсатында “Nomad Leader” ЖШС жетекшісі Данияр Серікбаев мырзаға хабарластық. Данияр мырза іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибеміз бұл ашық конкурста жеңімпаз атануға негіз болды дейді. Алайда шараны ұйымдастырудың кешіктірілуіне Дін істері басқармасы кінәлі деген ойда.  Өткізілген шаралар туралы баспасөз-мәліметін сұратқанымызда Данияр Серікбаев Дін істері басқармасына хабарласуымызды өтінді.

Жолдаған сауалымызға бес жұмыс күні ішінде жауап берген Алматы қаласы, Дін істер жөніндегі басқарманың сөз ләмінен өнім берушіге артар кінәсі шаш етектен екенін байқадық.  Жұмыстың кеш басталуының басты  себебі – өнім беруші меморандумды тек 24 шілдеде ұсынған. Оның үстіне  “өнім беруші тарап Nomad Leader жоспарды сапасыз әрі баяу орындайды” деп кінәлайды.

Техникалық тапсырма бойынша жоспарланған бес спорттық іс-шараның төртеуі орындалған-мыс. Олардың айтуынша, 20-27 қазанда «Алматы орталық мешіті» мен «Д.А. Қонаев» мешіттерінің аумағында екі іс-шара өткен. Іс-шарада ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарды анықтап, марапаттаған. Ал 12 қарашада мешіт қызыметкерлері мен мешіт жамағаты арасында «Қазақ күресі» өткізіліпті. Спорттық шаралардың соңында Әбу Ханифа мазхабының тарихи рөлі мен маңызын түсіндіру үшін теолог мамандар спикер болған. Аталған іс-шараларды ақпараттық тұрғыда қолдау мақсатында qonaev.info, vecher.kz, bilimdinews.kz, kp.kz, yvision.kz медиалары материал жариялаған.

Бұл туралы тексеріп көрдік, материалдар жарияланғанына көз жеткіздік.

NOMAD LEADER СОТТА ЖАУАП БЕРМЕК

Келісімшартқа сәйкес іс-шараларды өткізу мерзімі 15 қараша 2023 жыл деп белгіленген. Діни басқарманың сөзінше жоспарланған бес іс-шараның төртеуі орындалғанымен футбол лигасын тапсырыс алушы тарап толық орындамағанын айтады. Мешіт жамағаты арасында ұйымдастырылған футбол лигасына жоспарланған 300 команданың орнына тек 60 команда ғана қатысқан.

Діни басқарма келісімшарт талаптары бұзылды деп есептеп, өнім беруші тарап өзіне жүктелген міндеттерін орындамағаны үшін Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотына Nomad Leader жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үстінен арыз түсірген. «Қазіргі таңда сот процесінің уақыты белгіленіп жатыр»,-дейді Дін істер жөніндегі басқарма.

Парақшамызға жазылыңыз

Дина Айтбекова

Дина Айтбекова Бақытбекқызы
Алматы қаласы, SDU университетінің 4-курс студенті, Журналистика мамандығының болашақ түлегі.
2021-2022 жылы Alatau медиа холдинг, Turkistan.tv тілшісі болған, 2023 жылы Misk.kz сайтында материалдары жарияланған.
MediaNet медиасы ұйымдастырған курстың қатысушысы.
Azattyq.kz радиосы халықаралық сайтында өндірістік тәжірибеден өткен.
Taboo сайты, Shashbau ютуб каналының негізін қалаушылардың бірі. Minber.kz сайтының авторы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар