///

Саясаттанушы Әміржан Қосанов: Қоғамдық телеарна жайлы ойланатын кез келген секілді

1964 рет қаралды

24 қараша Алматыда Intercontinental қонақ үйінде жыл сайынғы дәстүрлі Медиақұрылтай өтті.

Құрылтайда ҚР Парламентінің VIII шақырылымының жанынан құрылған Қоғамдық палатаның кезекті отырысы ұйымдастырылды. Бұл жиынның негізгі мақсаты Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан “Масс медиа туралы” заң жобасын талқылау болды

Жиында сөз алған саясаттанушы Әміржан Қосанов талқыланып жатқан заң жобасына қатысты өз ойын бөлісті:

 Баспасөз құралы — тек қана әкімнің немесе министрдің, премьер, президенттің емес, халықтың дауысы. Сол қоғамның күтуін алаңдаушылығын егер де осы заң жобасы шеше алатын болса, біз бәріміз бір-бірімізге рақмет айтуымыз керек.

Сөз бостандығы дегенді біз 30 жыл бойы айта алмай келдік, мен бірінші Заңның атын «Масс медиа туралы Заң» деп емес, «ҚР Сөз бостандығы турал» деп  атауды ұсынамын. Ол меніңше идеологиялық, психологиялық, моральдік тұрғыда журналистерге күш береді.

Қоғамда «Осы Заң керек пе? Керек емес пе?» деген екі түрлі пікір бар. Меніңше дәл қазір Қазақстанның ішкі және сыртқы қауіптері болып тұрған кезде, Қазақстанға көз алартып тұрған күштердің бар кезінде және де интернет, мессенджердің трендіне айналған хайп пен хейт тұрған кезеңде,  жаңа Қазақстанға бұл Заң керек деп ойлаймын.

Енді баптарға келейік, 5-ші бапта Мемлекеттік тілдегі радиохабарлардың апта сайынғы көлем уақыты жағынан басқа тілдердегі телерадио бағдарламаларының жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс дейді. Жиынтық көлем деген не? Бізде қазақ және орыс тілінде ғана хабарлар болады. «Сонда қазақ тіліндегі телерадио хабарлар орыс тілінен кем болмаса болды ма?» деген ой туады. Сондықтан осы жерді анықтап алу керек сияқты.

Екіншіден, 6-шы бапта Үкіметке екі-ақ міндет жүктеліпті. Сонда Үкімет тек екі міндетпен айналыса ма? Сосын журналистердің тірлігі тек қана ақпарат министрлігіне тірелмейді. Басқа да өзінің өмірлік, әлеуметтік мәселелері басқа министрліктерге тіреледі. Меніңше Үкіметтің үлестіру рөлін осы жерде жазу керек сияқты.

Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың жүзеге асырылуына қатысты біраз сын айтылып жатыр, оны жаңа министрліктің өкілдері айтты. Соған бюджеттің ашықтығы туралы арнайы бап енгізу керек. Бірақ неге біз мынандай сөзден қорқамыз? Мәселен былай жазылса: «Уәкілетті орган БАҚ және журналистердің ақпаратты тарату жөніндегі конституциялық құқықтарын өз міндетіне алады». Неге біз министрлікті журналистерді реттеп, тежеп отыратын орган ретінде қарауымыз керек? Министрлік журналистерді қолдау керек.

Тағы бір толғақты мәселе,  газет-журнал шығарумен айналысатын баспаларды қосымша құн салығынан босату. Бұл туралы бүгінгі панелдік дискуссияда Парламент депутаты Айдос Сарым мырза  депутаттардың талқылап жатқанын айтты.  Өйткені Ресейдің өзінде осындай Заң бар.

Мен бір ұсыныс айтар едім осы жерде Қазақстанның демократиялық күштері талайдан бері қоғамдық телевизия туралы айтып келе жатырмыз. Қашан бізде қоғамдық телевизия болады? БАҚ-тың бәрі Үкіметтің аузына қарап қалған. Сондықтан қоғамдық телевизиядан бастау керек. 7-ші бапта уәкілетті органдардың қызметі айтылған екен, біраз функция дұрыс айтылған.

Мен өзім “Социалистік Қазақстан” газетінде қызметін бастаған қазақ журналисімін, қазір бізде бір үрдіс орын алды. Барлық қазақтілді басылымдарды «Қазақ газеттері» деген АҚ-ға қосты. Бұл да қаржылай, шығармашылық еркіндікті жоққа шығарып отыр. Мемлекеттік басылымдардың арасында да бәсекелестік болсын. Әйтпесе балалар басылымдары да, үкімет басылымдары да бір-біріне ұқсап кетті.

«Қазақ әдебиеті» газетінің аманатын айтайын. Қазір «Қазақ әдебиеті» сияқты бір ғасыр бойы қазақтың әдебиетін насихаттап келе жатқан басылым тілшісі орта есеппен 80 мың теңге алады. Кім барады? Сондықтан қаржыландыруды қайта қарау керек сияқты. 13-ші бапта біраз нәрсе жақсы айтылған, бірақ осы Алматыда тұрамыз кезінде қандай тенденция болды? Кезінде оппозициялық газеттердің тиражы өспесін деп газет дүңгіршектерін жауып тастады. Меніңше осыны қайта қалпына келтіру керек. Толқын қайта дәстүрлі баспасөзге қайтып келе жатыр.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар