Мемлекеттің ақпараттық саясатына жыл сайын миллиардаған қаржы жұмсалады. Алайда олардың қаншалықты тиімді шығындалатыны құпия. Orda.kz ресурсы Жоғары аудиторлық палатаның құжатын қолды еткен. Бұл құжатқа сәйкес QAZAQSTAN телеарнасы төрт миллиард теңгеге жуық қаржыға Ресей арнасының контентін сатып алған. Неге республиканың бас телеарнасы Ресей күн тәртібін сатып алады, отандық контенттің орнына не көрсеткен және бұл қазақстандық көрерменге қалай әсер етеді – Orda.kz. материалында.
Қазақстандық пропаганданың үш киті
Есеп комитетінің аудиті (Жоғары аудиторлық палата) 2022 жылы өткізіліп қойған. Алайда бюджет қаржысын оңды-cолды шашу фактісі құпия болып келген, себебі құжат «қызметтік пайдалану үшін» грифімен сақталған еді.
«Бұл шенеуніктер үшін өте ыңғайлы құтқарушы таяқша. Олар мемлекеттің ақпараттық саясатының тиімсіздігін және сыбайлас жемқорлық фактісін жасырғысы келген. Мен Есеп комитетінің жұмысы ашық болуы керек деп ойлаймын. Адамдар өз ақшасының қайда шығындалатыны туралы білуі қажет, қорытынды жасап, бір өзгерістер жасауға ұмтылуы қажет», – дейді есепті жария қылған “Правовой медиацентр” басшысы Диана Окремова.
Құжаттың скрині
Жалпы есепте мемлекеттің ақпараттық саясатын орындау үшін 2019 жылдан бастап 2021 жылды қоса есептегенде 153 млрд теңге бөлінген. Осы қаржының 80 % жуығы Ақпарат министрлігіне қарасты үш ұйымның қоржынына түскен: олар – «Қазақстан» АҚ –69 млрд теңге (42,4 %), «Хабар» АҚ – 51 млрд (31,4 %), «Қазтелерадио» АҚ – 9 млрд теңге (5,6 %). Айта кетсек, елімізде 3600-дан астам БАҚ тіркелген.
Қалған қаржының 20 % мемлекеттік емес БАҚ арасында ойнатылған. Бірақ, аудиторлардың пікіріне сүйенсек, Ақпарат министрлігінің тарапынан жасалған мұндай мемлекеттік тапсырыстар ашықтық пен адал бәсекелестікті қамтамасыз ете алмайды.
Есепте «бюджет қаржысын бөлу туралы жыл сайынғы есептер жоқ, рәсімдердің кезеңділігін пайдалана отырып, конкурстың нақты критерийлері анықталмаған, мемлекеттік тапсырыстың көлеміне өзгерістер енгізудің айқын тәртібі және тақырыптық бағыттардың тізілімі жоқ» деп жазылған.
Сонымен қатар: аудиторлар қолданыстағы ережелер бойынша конкурсқа қатысушы тіпті БАҚ болмаса да жеңімпаз бола алатыны туралы атап өткен.
Мысалы, есепте 2019 және 2020 жылдардағы мемлекеттік конкурс жеңімпаздарының бірі туралы айтылады. Сол кезде «Black&White Group» ЖШС 16,8 млн теңге сомаға тендер ұтып алған, бірақ компания желілік басылым иесі болмаған. Салдарынан тапсырыс берілген материал сайтта жарық көрмеген.
Ресей контенті үшін төрт миллиард
Жоғарыда баяндалған мысалдардан басқа, есепте басқа да заң бұзушылықтар туралы көрсетілген. Бірақ, Ресей телеарнасының өніміне шығындалған бюджет прецедент жасаған жағдай болды.
Сөйтсек, Ақпарат министрлігінен ең көп тендер алатын «Қазақстан» АҚ 2019 – 2020 жылдары «Первый канал Евразия» арнасында хабар тарату үшін РФ «Первый каналынан» 3,9 млрд теңгеге контент сатып алған. Экран уақытының жалпы саны 1250 сағатты құраған.
“РФ “Первый канал” телеарнасынан сатып алынған контент ҚР мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарын жүйелі және мақсатты жариялау және түсіндіруге толық бағытталмаған және Ресей қоғамының жаңалықтары мен мәселелерін қамтиды. Осыған байланысты аудит жүргізілген кезең үшін 3 897,3 млн сомаға бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылған. «Первый канал Евразия» телеарнасында таратылатын контент эфир уақытының тек 15 % ғана алады, осыған қарамастан төлем лицензиялық келісімнің барлық құнынан 90 % көлемде жүргізіледі» деп наразы болады аудиторлар.
фото: “Первый канал Евразия” арнасының сайтынан
Мемлекеттің ақпараттық саясатының стратегиялық бағыты «отандық және ақпараттық кеңістікті дамыту», сөйте тұра, “Қазақстан” телерадиокорпорациясы Ресей контентін сатып алған.
Медиасарапшы Диана Окремова егемен елде мұндай мемлекеттік сатып алуға жол жоқ деп есептейді.
«Бұл нонсенс. Есеп комитеті Ресей қоғамының мәселелері неге таратылады және мемлекет қаржысынан төленеді деп өте әділ сұрақ қойып отыр. Мен ақпаратқа қол жеткізудің кез келген түрін қолдаймын. Бірақ егер адамдар ресейлік не басқа телеарналарды таңдаса, онда олардың таратылуы үшін абоненттік төлемді олар өздері төлеуі қажет деп есептеймін. Бұл мемлекеттік тапсырма болмауы қажет. Біздің шенеуніктер барлық мінберлерден айғайлап айтатын біздің егемендігіміз бен ақпараттық қауіпсіздігімізді ресейлік арнаға төлем жасау қалай жақсартады? Бұл Кеңес одағының қалдығы».
Абайдың 175 жылдығы немесе православ христиандар Рождествоны қалай тойлайды?
Кез келген мемлекеттік тапсырманың техникалық ерекшеліктері болады. Тендер жеңімпаздарының міндеті сол техникалық ерекшелікке сай болу. Алайда аудиторлар «Первый канал Евразияда» келісімшартта қарастырылған мемлекеттің ақпараттық саясатының негізгі тақырыптық бағыты сақталмағанын анықтаған.
Қазақстандық көрермен үшін маңызды, мысалы Абайдың 175 жылдығы сияқты мерейтой даталары туралы бағдарламалардың орнына арнада «Православ христиандары Рождествоны тойлауда» бағдарламасы көрсетілген. «Мерейтойлық, естелік даталарды, соның ішінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Әбу Насыр Әль-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын, Алтын Орданың 750 жылдығын және Ұлы отан соғысының 75 жылдық мерейтойын тойлауға ақпараттық қолдау – тақырыптық бағытының орнына –нақты 16.01.2020 жылы «Главные новости» бағдарламасы бойынша «Православ христиандары Рождествоны тойлауда» бағдарламасы орналастырылған, деп көрсетілген есепте.
Құжат скрині
Бұл ретте K Research Central Asia зерттеулеріне сәйкес «Главные новости на Первом канале Евразия» қазақстандық ТВ кеңістікте ең әйгілі бағдарлама деп есептеледі.
«Хабар» АҚ әріптестерінен көп алысқа кете қоймаған. Тендерлердің екінші жеңімпазының басшылығы ведомстволық бағынысты арна Kazakh TV арнасын Ресей аумағында таратуға 2,4 млрд теңгеге мемлекет қаржысын шығындаған.
«Осылайша Қазақстан қаржыны екі рет шығындайды: елдің аумағында РФ арнасына таратуға да, РФ аумағында біздің арнаны таратуға да» деп таң қалады ревизорлар.
Диана Окремованың айтуынша, елдің көршілес мемлекет аумағында хабар таратуы әлемдік тәжірибе. Бірақ, маңызды сұрақ: Қазақстан осыдан пайда таба ма?
«Мұндай тәжірибе барлық жерде де бар. Бұл өзге елде мемлекеттің имиджін қалыптастыру үшін жасалады. Бірақ мұнда тиімділік пен бағалау мәселесі маңызды. Мен Kazakh TV Ресейде не туралы хабар таратып жүргені жайында министрліктің есебін бірде бір рет көрмеппін. Олардың қандай «выхлоп» бар? Бұл елге инвестиция және туристер тарту көрсеткіштері бойынша бағалануы тиіс.
Ресейлік телеарналар орбитасында
Украинадағы соғыстың ең басынан бастап Қазақстанда Ресей телеарналарын көрсетпеу туралы үндеулер естілді. Олар тұтас және толығымен мемлекет бақылауында және Кремльдің көзқарасын таратады.
Алдымен барлығы онлайн-петиция деңгейінде болды, кейін үндеулер саяси қайраткерлердің аузынан шыға бастады. Әлихан Байменов былтырдың өзінде Ұлттық Құрылтайда кейбір Ресей телеарналарына тыйым салуды ұсынды. Осыдан кейін Ресей телеарналары телеарнаны антенна арқылы ұстап отырған пайдаланушыларда жоғалып кетті, бірақ олар кабельді және спутник телеарналары бар көрермендерде қалды.
Бірақ назар аударарлық жайт РФ шектесетін солтүстік аймақтарда көршілердің телеарналарын арнайы жабдық орнатпай-ақ көре беруге болады.
«Біз толық Ресей пропагандасы бар арналардың әсері қандай екенін көріп отырмыз. Бұл әсіресе еліміздің солтүстік өңірлерінде тұратын аға буыннан көрінеді. Хабар тарату күн тәртібі туралы біржақты суреттің қалыптасуына ықпал етеді», дейді Диана Окремова.
Осы жылдың қыркүйек айында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Ресей телеарналарынан хабар таратқаны үшін ақы алуды ұсынды, себебі «қазақстандықтар РФ пропагандасынан шаршаған».
«Біздің отандастарымыздың арасында пропаганда жүргізіп жүргені аз емес. Сондықтан кейбір өңірлерде мезгіл-мезгіл ұлтаралық араздық мәселелері туындайды. Менің үйімде де менің рұқсатымсыз Ресей телеарналары қосылып тұр», деп мәлімдеді мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар, депутаттың айтуынша кабельді желілердің иелері Ресейдің хабарын таратқаны үшін аз ақша төлеп отырған жоқ. Осы уақытта қазақстандық телеарналар тарату кестесіне ену үшін өздері қол жеткізуге мәжбүр.
Коллаж Orda.kz
Жақында Қазақстанда билік Sputnik24 интернет-порталын бұғаттады. Бұл портал ресейлік телеарналарды, соның ішінде Russia Today –дың пропагандалық телеарналарын көруге мүмкіндік береді. Бұғаттаудың ресми себебі «ҚР аумағында лицензиясы жоқ телерадио хабарларын тарату операторлары мен жабдықтардың қызметтеріне шартты қол жеткізу карталары туралы ақпаратты тарату» деп айтылды.
Құжат скрині
Бұл Қазақстанда бұғатталған екінші Ресей сервисі. Жазда «Царьград» телеарнасын экстремизмді насихаттағаны үшін бұғаттады. Қазнет пайдаланушылары арнада бірнеше рет қазақстандықтарға қарсы және тіпті қазақтарға қарсы материалдар жарияланды деп есептейді. Олар HTTPS арқылы тыйым салынған сайттар тізіліміне енгізілген. Арна басшлығы бұғаттауды «ең үлкен қателік» және «орыс шындығын бұғаттау акті» деп атады.
Қазақстандық телеарналарда екі мәселе бар: қаржыны шығындау және жеке бағдарламалардың болмауы
Бюджет қаржысын шығындаудан басқа, аудиторлар қазақстандық телеарналардың тағы бір мәселесін –отандық өндірістен шыққан ерекше бағдарламалардың жоқтығын атап өткен.
«Бағдарламалар қайталанады: шетел сериалдарының көптігі, қазақстандық өндірістегі ерекше бағдарламалардың жоқтығы. Респонденттердің пікірі бойынша қазақстандық телеарналар франшиза бойынша жұмыс істейді, күресуді мақсат етпейді. Бағдарламалар шетелдік түпнұсқаның сапасы төмен, көшірмелер болып қалады. Ауыл адамдары қоғамды дамыту бойынша мемлекеттік ұйымдар қабылдаған шаралары туралы ақпарат жеткіліксіз деп жиі көрсетеді», деп жазады ревизорлар.
Фото ашық дереккөзден
Кейін аудиторлық палата статистикаға жүгінеді: халықтың 2017 – 2019 жылдарға БАҚ тағы мемлекеттік саясатты жариялауға көңілі толмайды. Дегенмен, әр жыл сайын бөлінетін қаржы көбейіп отырды.
«Мемлекеттік саясатты БАҚ-та жариялауға толық қанағаттанамын» деп жауап бергендердің үлесі 23,2% – дан 10,4% – ға дейін төмендеді.
Аудит қорытындысы бойынша 2018 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде шамамен 12 млрд теңге сомаға мемлекеттің бюджет қаражаты мен активтерін тиімсіз пайдалану анықталған.
Orda.kz сайтындағы материал бойынша дайындаған Альфия Шамай
[…] Осыдан бұрын Orda.kz «Қазақстан» АҚ мемлекеттік ақпараттық саясатқа бөлінген қаржының 4 млрд теңгесін Ресей контентіне шығындағанын талдаған еді. Бұл туралы “Мінбер” сайты да жазған. […]