//

Қ. Тоқаев: Қаңтар оқиғасы жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс

1346 рет қаралды
фото: Егемен Қазақстан

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасына да екі жыл толып отыр. Екі жылдан бері Қанды Қаңтардың саяси бағасы берілмей келеді. Бұған дейінгі биліктің нарративі – “Қаңтарды 20,000 шетелдік террористер мен экстремистер ұйымдастырды” дегенге сайып еді.

Дегенмен, биліктің Қаңтар туралы көзқарасында аз да болса өзгеріс пайда болған екен. Қаңды оқиғаның екі жылдығына орай “Егемен Қазақстан” газетіне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтарға қатысты төрт түрлі мәселенің басын қылтитады.

Біріншіден, Қаңтар оқиғасына елдегі әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар себеп болды дейді:  “Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды”. Демек 2022 жылы 2 Қаңтарда Жаңаөзенде бастау алған шерудің жайдан жай, сыртқы күштердің ұйымдастыруымен бола салмағанын билік бұл жолы мойындап отыр. Бұған дейін бұндай әңгімелер сирек айтылатын.

Екіншіден, билік бейбіт шерулерді өз мақсатына пайдаланған күштік құрылым өкілдері жайында да сөз қозғайды: “Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады”. Алайда, бұлар кімдер? Олар жоғары лауазымды адамдар екені айтылады, әрі күштік құрылымдарға ықпалы зор болғаны да аталып өткен. Дегенмен, оның кім екені әлі күнге жұмбақ. Қамаудағы Кәрім Мәсімов пен Қайрат Сатыбалды дейін десең, Қайрат Сатыпалдыға тағылған айып мүлдем басқа. Әзірге Мәсімовтан өзге “көзге шыққан сүйелді” көрмей тұрмыз.

Билік лаңкестік нарративінен бас тартпайды. Әрі оны бекіте түседі. Қаңтар кезінде қолға түскен шетелдіктердің саны 19 ғана болғанына қарамастан, Қаңтар оқиғасына шетелдік “лаңкестердің” қатысы барлығы тағы да қайталанған: “Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкес­тер­мен, оның ішінде сырттан келген лаң­кестермен байланысы бар қыл­мыс­тық топтар өршелене іске кіріс­кенде үшінші толқын басталды”

Төртіншіден, Қаңтар оқиғасы мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған әрекеттердің бірі болды делінген: “Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топ­тар және әсіре діншілдер бірге қи­мылдады. Олардың мақсаты ел іші­не үрей туғызу, мемлекеттік инс­ти­тут­тардың қызметін тұралату, конс­ти­туциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді”.

Дәл осыдан кейінгі сауал тағы да “мемлекеттік төңкеріс” нарративіне ойысады. Журналист: “Демек бұл жүзеге аспай қал­ған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?” деген сауалды қайта қояды. “Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеру­ге автомат, тапанша және суық қару ұс­тап барады?! Ниеті дұрыс адам әске­ри қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкім­шілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді” дейді мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты. Әрине, бейбіт шеруге ешкім қару ұстап бармайтыны әлемге аян. Алайда, Қаңтар кезінде қару таратқан, қару-жарақ дүкендерін әдейі ашық қалдырған адамдар жауапқа тартылудың орнына, бейбіт шеруге шыққан адамдардың шырылдап, қосақ арасында босқа кеткенін де ұмытпаған абзал.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар