Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 18 қаңтарда Италия Республикасына ресми сапармен келді. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайты «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары Президент Серджо Маттарелламен кездесуден басталды», – деп хабарлады.
Келіссөздер басталғанға дейін Квиринале сарайында Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, Қазақстан Президентінің құрметіне Қазақстан туы көтеріліп, қос мемлекеттің әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы бастығы рапорт жасаған соң президенттер екі елдің ресми делегациясын таныстырды.
Айта кету керек, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары. Президент өз сөзінде Италия Президенті Серджо Маттареллаға қонақжайлылық көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Италия Республикасымен сенімді серіктестік қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар осы сапарда өзара мүддені көздейтін мәселелерді, экономикалық байланыстарды дамыту, екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылауға ниетті екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асқан. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі екенін айта кету керек. Қазақстан нарығында 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі кәсіпорындар мен инвесторлар бар.
Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішінде «жасыл» энергетика туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Мемлекет басшылары екі елдің әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне де арнайы тоқталып, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңыздылығын да атап өтті. Осыдан бөлек тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы Серджо Маттарелланы Италияның «Үлкен жетілікке» төрағалық қызметіне кірісуімен құттықтап, G7-нің күн тәртібін жүзеге асыру ісінде табыс тіледі. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президентің Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деген сенім білдірді.
Италия Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Римге сапармен келгені үшін алғыс білдіріп, мемлекет басшысының Қазақстанға шақыруын ризашылықпен қабыл алды.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жасыл энергетика және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер де талқыланды.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Премьер-министрі 18 қаңтарда Рим қаласында бірлескен мәлімдеме қабылдады. Аталған мәлімдеменің толық мазмұнымен ҚР Президентінің ресми сайтынан таныса аласыз. Кездесу аясында келесі құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісім;
- Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Италия Республикасының Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италия Республикасының Ұлттық мемлекеттік басқару мектебі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен Италияның «Cassa Depositi i Prestiti» компаниялар тобы арасында бірлескен инвестициялық қор құру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика салаларына инвестиция салу туралы келісім;
- Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Италияның «ENI» компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын (жел электр станциясы, күн электр станциясы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретіндегі орнын сенімді түрде сақтап отыр.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Біз ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз», – деді.
Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.
Инвестициялық дөңгелек үстел жұмысының соңында Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Олар:
- «Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra арасындағы Түркістан облысы Созақ ауданы Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен мерзімін айқындайтын келісім;
- «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен SACE арасындағы экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобалар жөнінде Италияның қатысуымен жасалған мәмілелерді сақтандыру лимитін белгілеу туралы негіздемелік келісім;
- «Самұрық-Энерго» АҚ мен Ansaldo Energia SpA арасындағы қуаты 544 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстандағы италиялық кәсіпорындарды және Италиядағы қазақстандық кәсіпорындарды қолдауға, сондай-ақ Қазақстан мен Италия бизнесі арасындағы экономикалық және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған «Атамекен» ҰКП мен Confiindustria арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Қазақстан Президентінің Италияға ресми сапарының аясында Мемлекет басшысы Eni компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы қабылдады. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Eni компаниясы арасындағы өткен жылғы ынтымақтастықтың нәтижелері және алдағы ықпалдастықтың әлеуеті қарастырылды.Былтыр Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63,5 миллион тонна мұнай тасымалданған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірудің жалпы көлемі 30,8 миллион тоннаны құраған.
Президент сонымен қатар Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді қабылдады. Қабылдау барысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.Мемлекет басшысы компанияның декарбонизация және энергетикаға көшу жөніндегі жобаларды іске асыру ісінде мол тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ оның 45 елде кең көлемде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Алессандро Бернини болса Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның әлем бойынша іске асырып және әзірлеп жатқан ірі жобалары туралы мәлімет беріп, Қазақстанның энергетика секторын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацци да мемлекет басшысының қабылдауында болды. Кездесу барысында азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді. Президент Алматы – Милан әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін де атап етті. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған. Өз кезегінде Лупо Раттацци аймақтағы әуе бағыттарының ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарын таныстырып, Алматы – Милан бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарын баяндады.
Мемлекет басшысы Bonifiche Ferraresi компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федерико Веккьони Қазақстанның аграрлық секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Федерико Веккьони компанияның Қазақстанда италиялық технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспары туралы айтты. Сонымен қатар италиялық компания интенсивті бау-бақша шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы Үкіметтің компанияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканда Рим Папасы Францискпен және Қасиетті Тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі Хатшысы Пол Ричард Галлахермен кездесті.
Бұл мемлекет басшысының Рим Папасының шақыруымен Қасиетті Таққа жасаған алғашқы ресми сапары болды. Қазақстан Президенті сөзінің басында әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін, әлемдегі текетірестер мен алауыздық ошақтарын тоқтатуға бағытталған белсенді күш-жігері үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді.Мемлекет басшысының айтуынша, барлық діндердің өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосуда. Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар аясында Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті.
Өз кезегінде Понтифик бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына алғыс айтып, Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін растады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің Қасиетті Тақпен білім беру, денсаулық сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салалары бойынша өзара байланысты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді. Президент қазақстандық ғалымдардың Ватикан кітапханасы мен Апостол архивіндегі тарихи материалдарды тегін зерттеуіне мүмкіндік бергені үшін архиепископ Пол Галлахерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Президент Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Ватикан Bambino Gesu педиатрлық госпиталі арасындағы ынтымақтастықты құптады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілікті, өзара құрметті нығайту үшін этносаралық және конфессияаралық келісімге бейілді екенін тағы да растады.
Кездесу соңында Президент Қасиетті Тақтың басшылығын Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезіне қатысуға шақырды.
Президент Италияға ресми сапары барысында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне барды және ұйымның (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюймен кездесуде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығын нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін жеткізіп, растады. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурстарын оңтайлы және тиімді пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасына қатысады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.
Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Президент БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Атқарушы директоры Синди Маккейнмен кездесті. Президент бүгінгі кездесу жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге бағытталған Қазақстан мен аталған ұйым арасындағы серіктестікті талқылауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және БҰҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы секілді басқа да халықаралық ұйымдар аясында гуманитарлық көмек көрсету бойынша жүзеге асырып жатқан шаралары жайында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл Орталықтың қызметі аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды нығайтуда БҰҰ-ның ведомствоаралық үйлестіру жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Синди Маккейнді алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы ресми сапарының аясында Ватикандағы музейге барғанын да атап өткіміз келеді.
Парақшамызға жазылыңыз