Францияның Везуль қаласында өткен 30-шы Халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде «Айқай» толықметражды көркем фильмі Гран-приді жеңіп алды.
Жан жақтан жүлдеге ие болған фильмде күллі қазақтың қасіреті болған «Семей полигоны» құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. Жарынан айырылған жалғызбасты ер адам мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді.
Көркем фильм Абай облысы, Аягөз ауданы, Шыңғожа ауылында түсірілген.
Басты рөлдегі Меліс атты кейіпкерді кәсіби актер емес, расында екі аяғынан айырылған қызылордалық азамат – Орынбек Шаймағанбетов сомдайды. Қосалқы рөлдерде белгілі актерлар Ерболат Әлқожаев, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов, Айғаным Нұрсұлтан бой көрсетеді.
Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өткен әйгілі Пусан кинофестивалінде аталған қазақстандық картина А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіліп, тұсауы кесілген.
Орта Азия киносыншыларының «НЕТПАК» жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген. Сондай-ақ, фильмде басты рөлдерді сомдаған Орынбек Шаймағамбетов пен Арнұр Акрамға қазылар алқасының арнайы дипломы бар. «Айқай» төрешілерді тәнті қылған таңдаулы фильмдердің бірі ретінде Везуль кинофестивалінің тарихында қалды.
Қараша айында Бішкек Халықаралық кинофестивалінде фильмнің режиссері Кенжебек Шайқақов Қазылар алқасы ұсынған «Үздік сценарий» номинациясы бойынша арнайы жүлдені иеленді.
Кинокартина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірілген.
Фильмнің триллерін төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:
Парақшамызға жазылыңыз