«Zertteu-Research» ұйымының ұйымдастыруымен 7-ші ақпанда “Ашықтықтан теңдікке дейін” атты арнайы гендер форумы өтті.
Форумда «Тендердегі гендер» жобасының нәтижелері ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік және жеке секторларында неғұрлым инклюзивті сатып алуды енгізу бойынша нақты идеялар талқыланды. Форум барысында, негізгі қорытындылар сатып алулар мен жеткізу саласындағы әйелдерге тиесілі бизнес туралы деректердің жоқтығын, бизнес үшін есеп беру тетіктерінің шектеулі болуын және әйелдерге тиесілі бизнесте кездесетін гендерлік қиындықтар айқындалды.
Сонымен қатар Қазақстанда қолданылатын озық халықаралық тәжірибені талқыға алынды. Бұл ақпарат
мемлекеттік және жеке сектор субъектілерін ынталандырады деп үміттенеміз, өйткені гендерлік талаптарға сай сатып алулар тұрақты дамуға ықпал етеді және экономикалық өсуге оң әсер етеді.
Форумда «Zertteu-Research» ұйымының талдаушысы Алтынай Нұркеева мемлекеттік сатып алу және гендерлік теңдікті Қазақстанда жүзеге асыру мүмкіндіктері жайлы ақпаратты ортаға салды. Сонымен қатар Kameda-дан келген сарапшы Жанар Оспанова мен журналист Шыңғыс Уәлихан “Тендерлік комиссиялардың гендерлік құрамы” тақырыбында сөз қозғады. Сұрақ-жауап барысында жобаға, тақырыпқа қатысты бірнеше сауалдар мен ұсыныстар айтылды.
Форумды бизнестегі және өмірдегі әйелдердің табысқа жетуі туралы ақпаратпен SANJ зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова аяқтады. «Zertteu-Research» ұйымының зерттеуі форумда қорытындыланды.
Қорытындыға сәйкес, кәсіпкер әйелдердің саны көп болғанымен, олардың табысының аздығы байқалды. Сондай-ақ әйелдердің үлесі көп болса да, олардың шамамен 5%-ға жуығы ғана мемлекеттік сатып алуларға қатысуда. Егер әйелдер экономикаға теңдей қатысса, біздің ЖІӨ 14,3%-ға өсетіні де анықталды.
Айта кету керек, «Zertteu-Research» қоғамдық қорының стратегиялық мақсаттарының бірі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізуге жәрдемдесу. Осы мақсатқа жету үшін ұйым гендерлік бағдарланған мемлекеттік сатып алуды енгізу мүмкіндігін талдауға бағытталған «Тендердегі гендер» жобасын жүзеге асыруда.
Бұл жоба гендерлік теңдік қағидаттарына сәйкес келетін кәсіпкерлік пен бизнесті қолдаудың қосымша құралы ретінде қарастырылады. Ол АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Амина Темірханова,
SDU студенті
Парақшамызға жазылыңыз