///

Кім кінәлі? Демалысында түнгі клубқа барғаны үшін жұмыстан шығарылған қызылордалық мұғалімдердің ақиқаты неде?

8700 рет қаралды

КТК телеарнасындағы “Астарлы ақиқат” ток-шоуының соңғы екі шығарылымы демалысында түнгі клубқа барғаны үшін жұмыстан шығарылған қызылордалық мұғалімдердің мәселесіне арналды. 

Қызылорда қаласы Қармақшы ауданы Жосалы ауылының 250 мектебінің екі оқытушысы Қаңтардың басында демалыстарын Түркияда өткіземіз деп жұмыссыз қалады. Оған түрткі болған мәселе – қыздардың түнгі клубқа баруы және оны Амилай атты блогердің түсіріп алып, әлеуметтік желі арқылы таратып жіберуі.

Оқытушылардың бірі Ақерке Жұмабаеваның айтуынша, мектеп директоры мұғалімдерді жұмыстан шығарғанда олардың өз өтініштерін негіздеген екен. Алайда берген түсініктемелерінде олардың жұмыстан кешігіп келгенін, жұмыстан шығаруға сол негіз болғанын айтады. Дегенмен, олар демалыстан қайтып келгеннен кейін, қыздардың түнгі клубқа барғанын өрескел санаған мектеп ұжымы оларды педсоветке салып, бүкіл ұжымның алдында абыройын айрандай етеді.

Оқытушылардың бірі Фатима Ысқақова бұл оқиғадан қорланғаны сондай тіпті өз өзіне қол жұмсай жаздаған. Дегенмен, олардың батылы жетіп, өздерінің кінәсіз екендіктерін дәлелдеу үшін дүйім елдің алдына шығуға мәжбүр болған.

Дегенмен, бұл мәселеге екі шығарылымын арнаған “Астарлы ақиқат” бір нәрсені үнсіз қалдырды. Ол түнгі клубқа барған оқытушылардың демалыс кезіндегі қыдырысын бейне материалға түсіріп, таратқан блогердің ісі.

Ең әуелі қыздар шағымды осы блогердің үстінен жазуы керек еді. Өйткені, медиада ақпаратты таратар алдында оны тарату-таратпау жайында объектідегі адамнан рұқсат алынуы керек болатын. Өйткені, оқытушылар жеке демалысында жүр, жұмыс кезі емес. Екіншіден, оларды қылмыс үстінде суретке немесе видеоға түсіріп алған жоқ қой. Олар этикаға жат қылықты өздері жасаған жоқ. Тек “байқамай” сондай клубтардың бірінің көрермені болып қалған. Сол себепті “Әкімшілік кодекстің” өз бейнесіне құқық бабы бойынша, олар бұл жазбаны рұқсатсыз таратып жіберген блогерге шағымдануы тиіс.

Кәсіби журналистердің халықаралық одағы журналистік этиканың төрт қағидасын ұсынады. Соның бірі және бірегейі – зиянды азайту. Пайдаң тимесе тимей-ақ қойсын, алайда зияныңды тигізбе. Ал, Амилай есімді әлгі блогердің кесірі бірді емес, мыңды әкетіп отыр. Біріншіден, демалысқа барған оқытушылардың өздерін, туған-туысқанын түгел сергелдеңге түсірді. Екіншіден, мектеп ұжымын да ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Үшіншіден, жалған атақ жинады. Сол себепті де, хайп қуамыз деп адамның өмірін ойыншыққа айналдырып алған, журналистік этикадан да, медиа құқықтан да бейхабар блогерлер кінәсіз жандардың өмірін тас-талқан еткені үшін жазалануы тиіс.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар