Ақпанның 14-інде Мәжілісте спикер Ерлан Қошанов төрағалық еткен жалпы отырыс өтті. Отырыста депутаттар халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, ЕАЭО елдерінде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялады.
Бұдан былай заңнамаға енгізілетін өзгерістерге сәйкес кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін сотталған шетелдіктердің елімізге кіруіне және Қазақстан азаматтығын алуына шектеу қойылады, экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге де елге кіруге тыйым салынады.
Сонымен қатар көші-қон саласындағы заңнаманың орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі айқындалды және Төтенше жағдайларда мерзімі өтіп кеткен құжаттарды пайдалану мәселесі реттеледі. Бұл туралы заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов хабарлады.
Аталған заң жобасы бірінші оқылымда 2022 жылдың сәуірінде мақұлданған еді. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Магеррам Магеррамовтың айтуынша құжатты пысықтау барысында депутаттар
- «қандас» мәртебесін беру;
- Қазақстан азаматтығына қабылдау және оны қалпына келтіру тәртібін жетілдіру;
- еңбек мигранттарына бір айдан он екі айға дейінгі кез келген мерзімге еңбек рұқсатын алу және оны елден шықпай-ақ ұзарту мүмкіндігін беруге бағытталған және одан басқа бірқатар нормаларды енгізген.
Сонымен қатар заңда жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті қоныс аударушылардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін конкурссыз алу құқығы да қарастырылған.
Парақшамызға жазылыңыз