////

Жалпыға бірдей декларациялау туралы не білеміз және оған қалай дайындалу керек?

2618 рет қаралды

Бәрімізге белгілі, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілді. Жалпыға бірдей декларацияның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне сәйкес барлық азаматтардан активтер мен міндеттемелер туралы «бастапқы» декларацияны тапсыру (250.00 нысан) талап етіледі.

Кейін табыс пен мүлік туралы декларация кезең-кезеңімен жыл сайын ұсынылады (270.00 нысаны).

  • Бірінші кезеңде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «бастапқы» активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары табыстады;
  • Екінші кезеңде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары тапсырды;
  • Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап  декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады;
  • Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б.) тапсырады.

Біз бүгін ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған ақпараттың негізінде жалпыға бірдей декларациялауға қатысты сұрақтардың жауабын ұсынып отырмыз.

2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны кім тапсыруы керек?

Үшінші кезең шеңберінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға тиіс.

Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады.

Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болмауына байланысты, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларына декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме жүктелмейді (АК 43-бабының 3-тармағы).

Сондай-ақ, жеке практикамен айналысатын адамдар 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырмайды.

Декларацияны ұсыну тәсілдері мен мерзімі қандай?

2024 жылдан бастап жеке тұлғалардың декларациясын тапсырудың ортақ мерзімі бекітілді. Енді 250.00 нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.

Декларацияны тапсыруға қалай дайындалуға болады?

Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады.

Сондықтан декларацияны толтыру алдында:

  1. тиісті растайтын құжаттарды дайындауды;
  2. бастапқы декларация берілген күнге дейін 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша борыштар мен талаптарды нотариалды куәландыруды;
  3. декларация берілген сәтке дейін 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бірлігінің құны 3,5 млн теңгеден асатын мүлікті бағалауды;
  4. Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын тексеруді ұсынамыз.

Төменде көрсетілген ресурстардан келесі мәліметтерді тексере аласыз:

  • бағалы қағаздар бойынша – portal.kacd.kz;
  • тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша – homeportal.kz ;
  • зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бойынша – gosreestr.kazpatent.kz;
  • сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша – egov.kz. 

Дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) бары не жоғы туралы сұрау салуды Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға жолдау қажет.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар