Алматыда Қаңтардың 23-і күні болған жер сілкінісі қала тұрғындарының зәресін ұшырып, жандарын мұрындарының ұшына әкелгені анық. Сол кезде қала тұрғындарының көбі Сейсмологиялық институттардың тым әлсіз жұмыс істегенін, тіпті дабыл түймесінің басылмағанын айтып кінәлаған еді. Алайда, 2022 жылы Алматыда жер сілкінісі жайында алдын ала хабарлайтын автоматтандырылған жүйе үшін 1,1 млрд теңге жұмсаған екен.
Бұл туралы Orda.kz сайты жазады. “Мінбер” сайты бұл ақпаратты өз бетінше тексеріп көруді жөн көрді. Мемлекеттік сатып алулар порталының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың маусым айында Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті мемлекеттік сатып алулар өткізу үшін хабарландыру ілген.
Бұл лоттың жеңімпазы ретінде “TNS-INTEC” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аты аталады. Бұл жұмыс ашық конкурс негізінде өтуі тиіс болғанына қарамастан, іске аспаған конкурс негізінде бір көзден сатып алу бойынша жүзеге асырылған. Ең алғашқы келісім шарт 2022 жылдың 25 маусымында (№113) жасалады. Одан кейін екі рет өзгерту енгізілген. Алғашқы келісім шарттағы сатып алу құны – 1 миллиард 480 мың теңге болған. 2023 жылдың Ақпан және Қыркүйек айларында қосымша келісім шарт жасалады. Сөйтіп, алғашқы келісім шартта көрсетілген барлық сома төленген.
Мемлекеттік сатып алулар порталындағы атқарылатын жұмыстың техникалық ерекшелігіне назар аударар болсақ, бұл қаржыға Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті 28 сейсмо станцияға арнайы құрылғы орнатуды көздейді.
Олар:
1. Шелек (СТӘЭ)
2. Қастек (СТӘЭ)
3. Известковый (СТӘЭ)
4. Тау-Түрген (СТӘЭ)
5. Медеу (СТӘЭ)
6. Жіңішке (жеке меншік иесі)
7. Күрменті(жеке меншік иесі)
8. Көкпек (жеке меншік иесі)
9. Дегерес (жеке меншік иесі)
10. Тянь-Шань (ҮАК) (СТӘЭ)
11. Майтөбе (СТӘЭ)
12. Күрті (СТӘЭ)
13. Шошқалы (СТӘЭ)
14. Алатау (СТӘЭ)
15. Нижняя Каменка (СТӘЭ)
16. Талғар (СТӘЭ)
17. Казачка (СТӘЭ)
18. Ново-Алексеевка (СТӘЭ)
19. Қотырбұлақ (СТӘЭ)
20. Түрген (Есік) (СТӘЭ)
21. Вирг (ҮАК) (СТӘЭ)
22. Орбита (СТӘЭ)
23. Ақжар (жеке меншік иесі)
24. Сарыжаз (жеке меншік иесі)
25. Мыңжылқы (жеке меншік иесі)
26. Алма-Арасан (СТӘЭ)
27. Саты (СТӘЭ)
28. Қапшағай (СТӘЭ)
Атқарылатын жұмыстардың сипаттамасы:
- Тәуелсіз әрі үздіксіз қоректендіру көзі бар автономды сейсмостанциялар (күн энергиясын жинайтын батереялар);
- Автоматтандырылған ерте құлақтандыру жүйелерінен мәліметтер анализін алу және өңдеу, жинау, сақтауға арналған орталық сервер;
- Операторларға арналған жеке компьютермен жабдықталған орын;
- Автоматтандырылған жұмыс орны мен мобильды қосымшаға сейсмостанциядан қабылданған, өңделген мәліметтерді жіберетін қызметтерді атқаруға қабілетті IT өнім.
2022 жылдың 25 маусымындағы алғашқы келісім шартқа сол кездегі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департменттің бастығы Руслан Қасыбаев қол қойған екен. Алайда көп ұзамай Руслан Қасыбаев лауазымын асыра пайдалану бабы бойынша үш жылға сотталып кеткен. Бірақ, ол оқиғаның бұл сатып алуға қатысы жоқ.
Келісім шарт бойынша жұмыстың аяқталу мерзімі 2023 жылдың маусым айы.
СЕЙСМОДАТЧИК ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ТИІС ЕДІ?
Аталған жұмыстың техникалық ерекшеліктерінде көрсетілгендей бұл жүйе Darmen мобильді қосымшасы мен Smart-city аясында жасалған басқа да бағдарламаларға қосылған болуы тиіс. Алайда, Orda.kz сайтының жазуы бойынша, алматылықтардың аталған хабарламаны алуы үшін біраз адамның оны іске қосуына тура келеді.
Жоспар бойынша, 28 сейсмостанция “Алматы қаласын дамыту орталығы” АҚ серверіне мәліметтерді жіберу үшін арнайы құралдармен (спутниктік немесе резервтік байланыс жүйесі) жабдықталуы тиіс болған. Ақпарат орталық диспетчер пунктінен екі бағыт бойынша жөнелтілуі тиіс еді: Алматы қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пунктіндегі операторлардың диспетчер пунктіне және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің “Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің Ұлттық ғылыми орталығы” ЖШС.
Яғни, станциялардың мәліметтері бір сәтте екі компьютерде және Darmen қосымшасын пайдаланушыларға жолдануы тиіс болатын. Darmen қосымшасын пайдаланушылар push-мәлімдемені екі рет алған.
Darmen қосымшасының CEO баптаушысы Альтаир Уызбаевтың сөзінше, олар ресми дереккөздерден алған ақпаратты ғана жолдауға құқылы. Егер ТЖД немесе «ННЦСН» ЖШС жер сілкінісі туралы ақпарат бермесе, оны тұрғындарға жіберу мүмкін болмайды.
НҰРӘЛИ ӘЛИЕВТІҢ ҚАНДАЙ БҰҒАН ҚАТЫСЫ БАР?
Orda.kz сайты «TNS-INTEC» компаниясы мен ҚР Тұңғыш президенті Н. Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиевтің арасында байланыс барлығы туралы жазады. Egov-тағы мәлімет бойынша бұл компанияның құрылтайшысы да, бірінші басшысы да Дәурен Шангереев.
Алайда, “Орда” сайтының материалы дайындалып жатқан кезде «TNS-INTEC» кезде компанияның құрылтайшысы ретінде Оразғали Нұрмашевтің аты аталған. Онда соңғы тіркелген күн ретінде 2022 жылдың 29 шілдесі көрсетілсе, бізге берілген анықтамада, 2024 жылдың 23 қаңтары көрсетіледі. Алайда, Darmen Holding туралы айтылмайды.
“Мінбер” сайты Darmen Holding компаниясының өзге заңды тұлғаларға қатысы туралы да ақпаратты іздеп көрді. Ол жерден де ілік табылмады.
Біз электронды үкімет порталынан 2018 жылғы мәліметті іздестіріп көрген едік. Портал мәліметтері компанияның осы жылдары құрылтайшысының “Darmen Holding” ЖШСі болғандығын растайды.
Darmen Holding компаниясына Нұрәли Әлиевтің қатысы туралы біраз ақпарат құралдары да жазған екен. «TNS-INTEC» компаниясының құрылтайшысы ретінде “Darmen Holding” ЖШСінің иелері Қуанышбек Жұманов пен Greatex Capital Holding B.V. аталады.
Куанышбек Жұманов Нұрәли Әлиев негізін қалаған «Жаңарту» жекеменшік қайырымдылық қорының директоры болған. Greatex Capital Holding B.V. компаниясын 2023 жылдың мамыр айына дейін Темірлан Есенғазиев басқарып келген, ол Нұрәли Әлиевке тиесілі «Донателло» қонақ үйлер желісін алты жыл көлемінде басқарған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, «TNS-INTEC» компаниясы ең ірі салық төлеушілердің бірі.
Компанияның тек 2023 жылғы мемлекеттік сатып алулар порталында жүзеге асырған немесе әрекетте тұрған бес келісім шарты бар. Олардың ішінде біздің назарымызға ерекше түскені 1,216 миллиард теңгеге жасалған келісім шарт. Бұл да алдыңғысындай көп жылдық келісім шарт. Алғашқы бөлігі 2023 жылы орындалған, қалған бөлігі биыл жыл соңына дейін жүзеге аспақ. Бұл сомаға Астана қаласының электро монтаж жұмыстары жүргізілмек. Тапсырыс беруші “Астана-Аймақтық Электржелілік Компаниясы” акционерлік қоғамы.
Сондай-ақ, бұл компания Алматы қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментімен 2021 жылы 787 миллион теңгеге Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендері бассейндерінде сел қаупі мониторингінің автоматтандырылған жүйесінің құрылысын салу туралы келісім шарт жасасқан. Әзірге бұл келісім шарттың мәртебесі “әрекетте”. Қашан аяқталатыны белгісіз.