///

8 наурыз мерекесінің негізгі мағынасы. Феминистерге шеру не үшін керек?

1630 рет қаралды
фото: Жакаева Офелия

Халықаралық әйелдер күні әйелдердің құқықтары үшін жаппай наразылықтардан туған. Уақыт өте келе “көктем күніне” және кезекті демалыс күніне айналды. Дегенмен, феминистік қозғалыс өкілдері біртіндеп мерекеге өзінің негізгі мағынасын қайтарғысы келеді? 8 наурыз кімнің мерекесі? Феминистер неге маршқа шыққысы келеді? Толығырақ minber.kz сайты жазады.

Тарихқа көз жүгіртсек

1857 жыл 8 наурыз Нью-Йорк қаласында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері наразылыққа шықты. Олар биліктен 10 сағаттық қалыпты жұмыс күнін, қолайды жұмыс орнын, жалақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етті. Әйелдер бұған дейін күніне 16 сағат жұмыс істеп, төмен айлық алып келген. 

1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен 2-халықаралық конференция өтеді. Әйелдер тобының көшбасшысы, социал-демократ партиясының мүшесі Клара Цеткин 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі жөнінде өз пікірін білдірді. Оның ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданды. Бұл ұранға кедейшілік, татулық, құрмет үшін күрес символы болатын. 

Фото: Getty Images

Алғаш рет бұл мереке 1911 жылы 19 наурызда Австрия, Дания, Германия және Швейцария елдерінде атап өтілген. Мереке 1912 жылдың 12 мамырында да өз жалғасын тапты. Кейінгі жылдары Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, Еуропа әйелдері 8 наурызды соғысқа қарсы наразылық білдірумен өткізді.

Кеңес Одағы құрылған жылдан бастап 8 наурыз мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болды. 1965 жылы бұл күн демалыс болып жарияланды. Жыл сайын 8 наурызда мемлекет әйел құқығының қорғалуына байланысты жүргізілген шаралар туралы есеп беретін. Уақыт өте келе бұл мереке саяси келбетін жоғалтты.

1975 жыл “Біріккен Ұлттар Ұйымы жылы” болғаннан соң, кеңес идеологтарының ықпалымен ресми түрде 8 наурыз Халықаралық Әйелдер күні болып жарияланды. (Дереккөз: massaget.kz)

Бастапқыда бостандық, теңдік, бақыт пен бейбітшілік үшін күрес нәтижесінде пайда болған бұл саяси мерекені қазір “аналар күні”, “нәзік жандылар мерекесі” деп алуан түрлі сипат беретін құттықтаулардың түр-түрі айтылады. 

8 наурыз Қазақстанда

фото: Masa Media

Алғаш рет әкімдік рұқсат еткен шеру 2021 жылы 8 наурызда өтті. Бұл бейбіт жиынға 700-ге жуық белсенділер қатысқан. 

Белсенділер Махатма Ганди ескерткішінің жанына жиналып, “Әрбір әйел маңызды” тақырыбын қозғады. Одан бөлек митингке қатысушылар әйелдерді шоғырландыруға, жазаны қатаңдатуды көздейтін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылдауға, сондай-ақ әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздікті жоюға шақырды.

2021 жылғы шеру алғашқы және соңғы болған көрінеді. Себебі 3 жыл бойы 8 наурыз қарсаңында акция өткізуге белсенділер рұқсат ала алмай келеді. Биыл да әкімдікке өтінімді қаңтар айынан бастап жіберген феминистік қозғалыс өкілдерінің сұранысына рұқсат берілмеді. Нақтырақ айтсақ, Алматы, Астана, Қостанай, Көкшетау, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында әкімдік фем-белсенділерге 8 наурызда бейбіт митингілер өткізуден бас тартты. 

Алматы әкімдігі митингіні мақұлдамау себебін феминистерге акциялар өткізуге рұқсат бермеу туралы 20-дан астам хабарлама түскені, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупі бар екені,  халықаралық әйелдер күніне арналған алдыңғы митингілерде акциялар “бастапқы тақырыптан ауытқып кеткені”, әлеуметтік желілерде феминистердің акцияларынан бас тартуға және тыйым салуға арналған 100-ден астам материалдар жарияланғаны, деп түсіндірді.

фото: altyn-orda.kz

Minber.kz редакциясы бұл туралы Феминизм қозғалысының өкілі, заңгер, фембике Айгерім Құсайынқызының пікірін білді:

— Осы жылы Феминистер маршына рұқсат берілмеді. Үкімет “Маршты болдырмасын деген 20 хабарлама түсті. Әлеуметтік желіде де қарсылық болды. Осы жылға дейін өткізілген акцияларда да тақырыптан ауытқу байқалған”,- деп жауап қатты. Бұған не дейсіз? Феминизм маршының негізгі мақсаты қандай? 

— Иә рұқсат берілмеді. Ұйымдастыру комитетіне берілген жауап, ол жерде жөндеу жұмысы болады, басқа да іс-шаралар өткізіледі делінді. Кейін тақырыбымыз қоғамдық тәртіпке қауіп деді. Яғни әкімдік тарапынан бір нақты жауап жоқ екенін түсінуге болады. Біз феминистер атынан 20-ға жуық өтінім жолдадық. Оның барлығы мақұлданбай, осындай жауаппен қайтты.

Бірақ үкіметке маршты болдырмасын деген 20 хабарламаның түскені ол бізден өзге, анти-феминистік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның болғанын қаламайтын адамдардан түскен. Бұған қарап өзгелер керемет демократия, билік халықтың үніне құлақ түреді екен деп ойлауы мүмкін. Әлеуметтік желідегі қарсылыққа тоқталып өтетін болсам, ол жерде адамдар феминизм қозғалысын ЛГБТ-мен тең қойғысы келеді.

Бірақ ол екеуі бір-біріне ұқсас жақын сала болғанымен де, тақырыптары, зерттейтін, көтеретін мәселелері екі түрлі. Себебі феминистер олар әйел теңдігі үшін күресушілер. Қазақстандағы әйелдер қауіпсіздігі туралы айтса, ЛГБТ өздерінің сексуалдық гендерлік тақырыптарын, өзге мәселелерді көтереді. Яғни бізде осы жерде қарапайым халық феминистердің бәрі ЛГБТ, немесе ЛГБТ-ның барлығы феминистер деген сияқты екі қозғалысты да, әлеуметтік ғылым саласын зерттейтін тармағы, пәні ретінде емес, жай ғана батыстан келген ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін ағым ретінде көреді.

2021 жылғы митингтің тақырыбы “Әр-түрлі әйелдер”, 2022 жылы “Әйелдердің саясатқа араласуы”, былтырғы марш “Сексуалды харассмент”, биыл “Әйелдердің қауіпсіздігі мен еркіндігі үшін” болатын. Қозғалыстың негізгі мақсаты қай заманда болсын ол — әйел теңдігі. Әйелдердің қоғамның барлық саласында теңдікке ие болуы. Дәл қазір қоғамда Қазақстандық әйелдер еркектермен тең деңгейде құқықтар мен мүмкіндіктерге, игіліктерге қол жеткізе алмай отыр. Сол мәселені біз биылғы маршта көтермек едік. 

7 наурыз Алматы әкімдігі белсенділерге “Қазақстандық әйелдердің құқықтары мен отбасылық құндылықтарға” арналған митингке келіскені белгілі болды. Шеруге мыңға жуық адам келген. Акцияны Amanat партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік Қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам қайраткері Бибінұр Шералиева ұйымдастырды. (Дереккөз: kz.kursiv.media)

Бірақ бұл митинг “Қазақстандық әйелдердің бостандығы мен қауіпсіздігі үшін” феминистік қозғалысының митингі мен шеруіне жатпайды. 8march ұйымдастырушылары биыл рұқсат ала алмаған.

Minber.kz редакциясы әлем әйелдерін халықаралық әйелдер теңдігі күнімен құттықтайды!



Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар