////

Бала мен әйелдің құқығын қорғайтын заң Мәжілісте қабылданды

1520 рет қаралды

Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің ресми интернет-ресурсы хабарлады.

Мәжілістің отырысында сөз алған осы заң жобасының бастамашыларының, авторларының бірі және жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменова заң жобаларының негізгі бөлімдеріне тоқталып өтті, олар:

Біріншіден, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, суицидті насихаттау, он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық қорлап тиісу және басқа да іс-әрекеттер криминализацияланған;

Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік беретін Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттері нақтыланған;

Үшіншіден, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібі реттелген;

Төртіншіден, 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық қорлап-тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген.

Бесіншіден, құқық бұзушыларға жауапкершілік пен жазаны күшейтумен қатар азаматтарды қолдаудың психологиялық көмек, оңалту бағдарламалары қарастырылған.

Бұдан басқа, ҚР Үкіметінің ұсынысымен депутаттар облыстағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және Астанадағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің қызметін регламенттейтін түзетулерді енгізген.

Айта кету керек, бұл заң жобасының авторлары – Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлейменова. Жұмыс тобының жетекшісі – Жұлдыз Сүлейменова.

Жұмыс тобы заң жобасын қарастыру барысында 14 отырыс және комитеттің кеңейтілген 2 отырысын өткізген.

Қорытынды салыстырмалы кестелердің 58 позициясы қабылданған.

Жұмыс тобының жетекшісі айтқандай Парламент мәжілісінің барлық комитеттері жұмыс тобына оң қорытынды берген.

Жұлдыз Сүлейменова заң жобасына қатысты осыдан бұрын берген сұхбатында заң жобаларының негізгі мақсаты туралы «Барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиім­ділігін арттыруға бағытталған. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбы­лықпен күрес – қоғам үшін ортақ мәселе және ол кеше ғана пайда болған жоқ. Баршаңызға белгілі, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа жаза декреминализацияланғаннан кейін осындай салдарларға тап болдық», – деді.

Мәжілістің осы отырысында да депутат:

– «Бұл заңдар барлық азаматтардың, оның ішінде қоғамның ең осал мүшелері саналатын әйелдер мен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда қалқан болуға, мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін жетілдіруге, қоғамдағы тәртіп бұзушылықтарға байланысты жауапкершілікті күшейтуге арналған», – деп заңның тек әйелдерді емес, елдегі барлық азаматтарды қорғайтынына баса назар аударды.

Заңнамаға қатысты қоғамда түрлі талқылау бар және оның болуы орынды, әрі дұрыс. Сонымен қатар түрлі түсінік немесе түсініспеушілік те бар. Оған мысал депутат Әннас Баққожаевтың «Заң жобасы бойынша айтылған ұсыныстарды толық қолдаймын. Мына еркектің ең сорлысы ғана қол көтереді ғой әйел адамға. Дегенмен де ұрыстардың бәрі ұрудан шықпайды ғой. Ерлерді де кішкене түсінуіміз керек. Басында жанжал туындайды, сол жанжал неден туындайды? Әрине әйелдің тілінің ұзындығынан», – деген пікірі немесе депутат Ермұрат Бапидың «Әкелерді сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба?», – деп сұрап, «Отағасы» туралы заң қабылдау жөніндегі ұсынысы шыны керек қоғамда қызу талқыға түсті.

Алайда қазіргі реалияда әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланатын ақпараттың, мәлімдемелердің басым көпшілігі әйелдер мен балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық пен қылмыс жайында болып отыр. Ал бұл заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар тек қана әйелдердің не балалардың құқығын қорғап қана қоймайды, қоғамның барлық мүшелерін, яғни барлық азаматтардың, соның ішінде зорлық-зомбылық көрген азаматтардың құқығын түр, түсі, тілі, діні, жас не жынысына қарамастан бірдей, тең қорғайтынын тағы да атап өткіміз келеді.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар