///

Бишімбаев ісі: Жаңа деректер мен сот отырысынан соң белгілі болған нұсқалар

3316 рет қаралды
Фото: иллюстрация | minber.kz

11 наурыз сағат 15:00-де Астанада Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сот отырысы болды. Күдікті — оның жұбайы, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев. Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылып отыр: 110-бап, 2-бөлім — “азаптау”; 99-бап, 2-бөлім — “ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру”.  Айта кетейік, сот отырысы үш сағаттан астам уақыт жүрсе де, судья шешім қабылдап үлгермеген. Сағат 18:45-те 12 наурыз сағат 17: 00-ге дейін үзіліс жарияланды.

Сот отырысы

Сот отырысы ашық режимде өтті. Дегенмен ҚазТАГ мәліметінше журналистер сот отырысына кіргізілмеген. БАҚ өкілдері арнайы бөлмеде тікелей трансляция арқылы сот отырысын бақылаған. Сот қызметкерлерінің айтуынша, процеске алдымен қатысушылар (Сотқа Қ.Бишімбаевтың ата-анасы мен адвокаттары келді. Сондай-ақ қаза тапқан Салтанат Нүкенованың отбасы және жәбірленуші тараптың мүдделерін қорғайтын адвокат Жанна Уразбахова келді), егер бос орын болса, БАҚ өкілдері кіргізіледі делінген.

Айыпталушы орындығында Қуандық Бишімбаевтан басқа, оның туысы, “Гастроцентр” директоры Бақытжан Байжанов отырды. Б.Байжановқа жасыру және қылмыс туралы хабарламау баптары бойынша айып тағылды.

Негізгі сотталушы Бишімбаев:

  • Қылмыстық Кодекстің 110-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы “Кінәліге материалдық тәуелді адамға қатысты жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерін қолдана отырып, жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы физикалық және психикалық азап шегу”;
  • 99-бап, 2-бөлім, 5-тармақ “ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру”;
  • 14 – бап, 2-бөлім, 2-тармақ-айыптау нұсқасы бойынша, Бишімбаевтың әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталануы байқалады.

Екінші сотталушы Байжанов:

  • Қылмыстық Кодекстің 432-бабы “қылмысты жасыру”;
  • 434-бап”белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау”.

Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева қарайды.

Фото: Halyq Uni / Айгерім Таубай

Жаңа деректер мен сот отырысынан соң белгілі болған нұсқалар

Мемлекеттік айыптаушы Нүкенова мен Бишімбаевтың арасындағы қарым-қатысқа қатысты бірқатар мәлімдеме жасады.

  • Сот залында прокурор бірнеше мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tengrinews. Прокурор сөзінше:
  • Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова арасындағы неке ресми тіркелген жоқ;
  • Бишімбаев Нүкенованың барлық телефон қоңырауларын бақылап, оған жұмыс істеуге тыйым салып, оны толығымен қаржылық жағынан тәуелді етті;
  • Қызғанышпен және жүйелі түрде физикалық зорлық-зомбылық жасады;
  • Астанада 2023 жылдың наурыз айының ортасында Бишімбаев Нүкенованы ұрды;
  • Нүкенова ағасына шағымданған. Ағасы Бишімбаевпен ажырасуды өтінсе де, Нүкенова бас тартқан;
  • 2023 жылдың жазында Бишімбаев Нүкеноваға Алматыға көшуді ұсынды. Марқұм көше салысымен зорлық-зомбылық тоқтайды деген үмітпен келіссе де, іс жүзінде олай болмады.
Сондай-ақ Бишімбаев Нүкенованы түнде оятып алып, порнографиялық бейнелерді көрсетіп, бейнеде Нүкенова ма, жоқ па деп сұраған кездері де болған, дейді мемлекеттік айыптаушы. Одан бөлек, Бишімбаев әйелін интимдік видео түсіруге мәжбүрлеп, бопсалаған. Прокурордың айтуынша, Бишімбаев қол көтергенін Салтанат өзінің туыстарына айтқан. Мұны білген соң Бишімбаев та компромат керек деп шешіп, Нүкенованы видеоға түсуге мәжбүрлеген.

Айыпталушы тарап мәлімдемесі

Қуандық Бишімбаев алдын ала сот тыңдауында өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Қуандық Бишімбаев өзінің кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ алқабилер мен БАҚ-тың қатысуымен істі қарауды қалайтынын мәлімдеді.

“Айып түсінікті. Кінәмды мойындамаймын”, – деді ол.

Сонымен қатар, “Бишімбаев іс-әрекетінің өлімге әкелетінін алдын ала білген жоқ”, – дейді айыпталушы тарап адвокаты Назкен Құсайынова. Адвокат істе сотталушының іс-әрекетін аса қатыгездікпен кісі өлтіру ретінде саралауға негіз жоқ деп есептейді.

“Нәтижесінде жүйелі түрде ұрып-соғу дәлелденбеген, материалдық тәуелділік те дәлелденбеген. Қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп – тексеруді қайта бастауды, Бишімбаевтың іс-әрекетін 104-баптың 1-бөлігіне (“Абайсызда өлім келтіру”) қайта саралауды сұрайды”, – деді Назкен Құсайынова.

Бишімбаевты қорғаушы тарап Салтанат Нүкенованың құрбыларын ұрып-соғу туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартуды да талап еткен.

Бишімбаевтың тағы бір қорғаушысы кісі өлтіру қасақана емес және алкогольдің әсерінен жасалған деп мәлімдеді. Оның айтуынша, “Бишімбаев Нүкенованы басынан тепкен жоқ. Медициналық қорытындыға сәйкес, қыздың өлімі мидың жабық жарақатынан болған”, – дейді. (дереккөз Vlast.kz)

“Қорғаушы тарап сотталушы кісі өлтіруге ниеттенбеді деп санайды. Шынында да, мейрамханада қызғаныш үшін жанжал болды. Бишімбаев бастапқыда алақанмен бірнеше соққыны жоққа шығармады. Бишімбаевтың барлық әрекеттері Салтанат Нүкенованы тыныштандыруға бағытталған”, – деді адвокат Балашов.

Сараптамаға сәйкес, Нукенованың өлімі 3-4 аптаға созылған жабық ми жарақаты мен субдуральды гематомаға байланысты болды. Қорғаушы тарап Бишімбаевтың “тіпті шамалы әсер етудің, осындай салдарға әкелуі мүмкін” екенін білмегенін айтады.

12 наурыз сағат 17:00-де сот отырысының екінші жартысы өтеді.

Оқиға хронологиясы

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында прокурор Айжан Аймағанова оқиғаның хронологиясын жариялады.
2023 жылдың тамыз айында Нүкенова үнемі болатын ұрыс-керіс пен соққыларға шыдай алмай, Павлодардағы ата-анасына барған, бірақ Бишімбаев оны қайтып келуге көндірген.
Қазан айының аяғында тағы да ұрып-соққан, сараптама қорытындысына сәйкес, Салтанат Нүкеноваға өліміне 3-4 апта қалғанда субдуральды гематома (ми жарақатымен байланысты) түскен.
8 қарашада Бишімбаев пен Нүкенова Дима Биланның концертінде жанжалдасып қалып, шараны тастап, алкогольді сусындарға тапсырыс берген мейрамханаға барған.
Онда Нүкенова Бишімбаевтан шаршағанын, одан кететінін айтып, ағасына қонуға келетінін жазған, бірақ Бишімбаев жібермеген. Олар гастробарда жеке қарым-қатынастарын талқылауды жалғастырған.
Бишімбаев сатып алған заттары мен зергерлік бұйымдары үшін Нүкенованы боқтап, сөге бастайды. Салтанат болса бәрін шешіп, лақтырып жібереді. Бишімбаев ашуланып, қызды ұра бастаған. Сағат 6:56-да ол Салтанатты апарып тастау үшін парковкаға түседі, алайда күзетшілердің оны мұндай күйде көргенін қаламайды. Бишімбаевтың тілегі орындалмайды, оны күзетші байқап қалып, ерлі-зайыптылар қайтадан мейрамханаға оралады.
Мейрамхананың фойесінде ол «өмірлік маңызды органдарға бірқатар соққылар беріп, басынан ұрып, шашынан ұстап, VIP-ке сүйреп апарады».
Салтанат әжетханаға қашып барып, есікті ішінен іліп алады. Бишімбаев есікті бұзып кіріп, ұруды жалғастырады. Ол есін жоғалтқанша оны қылқындырады. Нүкенованың тыныс алуы тоқтағанда барып оны босатқан.
Бишімбаев «Гастроцентрдің» директоры қызметін атқарған туысы Бақытжан Байжановқа телефон соғып, қызметкерлерді жұмыстан шығарып, бейнебақылау камераларынан бейнежазбаны өшіріп, телефонымен қаланы аралап, Бишімбаевқа алиби беруді тапсырған.
Осыдан кейін Байжанов келіп, мейрамханаға көтеріліп, Нүкенованы көреді, оның тұншыға демалып жатқанын, жұлынған шаштарын, сынған ыдыстарды, айналадағы қанды бәрін көрген.
Күндізгі сағат бірден кешкі жетіге дейін Байжанов VIP бөлмесіне қайта-қайта кірген.
Ол Салтанаттың қайтыс болғанын біліп, құқық қорғау органдарына хабарламаған.
Бірінші сот отырысында Қуандық Бишімбаев өз кінәсін мойындамайтынын айтып, БАҚ өкілдері мен алқабилердің қатысуымен ашық сот отырысын өткізуді сұрады.
Кешкі сағат 7 шамасында Бишімбаевты тергеу изоляторына алып кетті, онда ол өткен жылдың қараша айында ұсталғаннан бері қамауда.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қараша БАҚ пен әлеуметтік желіде бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы сабап, өлімші күйге жеткізді деген күдікке ілінген. Оқиға Астана қаласындағы «Bau» мейрамханасында болды.
Парақшамызға жазылыңыз

Albina

Альбина Булатова

«Мінбер» ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Азаматтық журналистер» жобасының 2023 жылғы түлегі

SDU University Журналистика мектебінің 1 курс студенті

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар